1 глоссарий агглютинация – қосымшалардың бірінен соң бірінің жалғануы Адвербиалдану



бет57/61
Дата16.12.2022
өлшемі202,78 Kb.
#57663
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   61
Байланысты:
1 глоссарий агглютинация – осымшаларды бірінен со біріні жал

Септік жалғаулары өз мағыналары арқылы екі түрлі қызмет атқаратын қосымшалар жүйесі. Біріншіден, септік жалғаулары өзі жалғанған сөздің синтаксистік қызметтерін басыңқыға қатысты мүшелік қатынасын белгілейді: атау септігі зат қимылдың иесі екенін білдіру арқылы өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) үнемі бастауыш қызметіне қояды; ілік септігі зат үш жақтағы заттың біріне тәуелді (қатысты) екенін білдіріп, өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) үнемі анықтауыш қызметіне ғана қояды; табыс септігі зат қимылдың тура объектісі екенін білдіріп, өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) үнемі тура толықтауыш қызметіне қояды. Барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктері де қандай сөзбен байланысқанына және аталған сепік жалғауларының қай мағынаны білдіргеніне байланысты өзі жалғанған зат есімді (заттанған басқа да сөздерді, тіпті кейде сөз тіркестері мен басқа да синтаксистік күрделі құрылымдарды) не толықтауыш, не пысықтауыш қызметіне тұруын қамтамасыз етеді. Екіншіден, септік жалғауларының сөзге үстеген осы мағыналары оның (септік жалғауын қабылдаған сөздің) басыңқымен синтаксистік байланысының да негізі болып табылады. Сөйтіп септік жалғаулары – өзі жалғанған сөзді оның синтаксистік қызметін белгілей отырып, басыңқымен байланысын қамтамасыз ететін қосымшалар жүйесі.
Жіктік жалғау – баяндауыштық тұлға. Жіктік жалғаудың сөзді түрлендіру әлеуеті басқа жалғауларға қарағанда әлдеқайда кең, ол баяндауыш қызметін атқарып тұрған есім сөздерге де, етістікке де, басқа сөз таптарына да жалғана береді. Яғни, жіктік жалғау басқа жалғаулар (сөз түрлендіруші қосымшалар) сияқты бір сөз табының шеңберімен шектелмейді, баяндауыш қызметіндегі кез-келген сөзге жалғанатындықтан, оны баяндауыштық қосымша деп атайды.
Жіктік жалғау да, негізінен, екі жақты қызметтегі қосымша. Ол да өз мағынасы арқылы сөздің синтаксистік қызметін белгілеуге және сөз бен сөзді (баяндауышты бастауышқа) байланыстыруға қатысады. Дегенмен жіктік жалғаудың сөзді баяндауыш қызметіне қоюдағы орны мен баяндауышты бастауышпен байланыстырудағы қабілеттерін қай сөз табына жалғанып тұрғандығына (есім сөзге немесе етістікке) және етістіктің қандай функциядағы қосымшасынан кейін келгеніне қарай айқындап алмасақ болмайды. Өйткені жіктік жалғау кей жағдайда көрсетілген екі қызметтің тек біреуін ғана атқарып тұруы да мүмкін.
Жіктік жалғау есім сөздерден болған баяндауыштарға жалғанғанда, өзі жалғанған сөзге сол сөзде аталған жай-күй (қалып-сапа, сандық, заттық, т.б. белгілер) жекеше немесе көпше үш жақтың біріне тән екенін білдіретін мағына үстеп, біріншіден, сөзді баяндауыш қызметіне қояды, екіншіден, бастауышпен үш жақтың бірінде үйлестіре байланыстырады. Мысалы, Мен мұғаліммін, Сен оқушысың, Сіз шәкіртсіз, Ол – сатушы, Асан – студент түріндегі жалаң сөйлемдерде баяндауыштар зат есімдерден болған және сол зат есімдердің баяндауыш қызметіне тұруына, дәлірек айтқанда, есім сөзден болған баяндауыштың ойды аяқтап тұрғанын көрсететіндей тиянақты тұлғаға айналдырған, сондай-ақ олардың бастауыштармен байланысқа түсуіне жіктік жалғауларының грамматикалық мағыналары негіз болған. Атап айтқанда, мұғаліммін деген баяндауыш құрамындағы -мін жіктік жалғауы өзі жалғанған сөзге (мұғалім деген зат есімге) бірінші жақ жекеше мағына жамаған. Басқаша айтсақ, мұндағы жіктік жалғау зат (мұғалім деген мамандық) бірінші жақтағы жеке тұлғаға тән екендігін білдірген. Осы мағынасы арқылы зат есімді баяндауыш қызметіне қойған және баяндауыштың жақтық, сандық мәндерін бастауыштың жақтық, сандық мәндеріне сәйкестендіре байланыстырған. Сол сияқты оқушысың, шәкіртсіз сөздерінің құрамындағы жіктік жалғаулары да өздері жалғанған сөздерге екінші жақтық жекеше мағыналар жамаған. Сөйтіп баяндауыштардың жақтық-сандық мағыналары өз бастауыштарының жақтық-сандық мәндеріне сәйкесе кеткен. Ал сатушы, студент сөздерінен заттың үшінші жаққа қатыстылығын аңғарамыз. Яғни баяндауыштар үшінші жақта тұр. Өйткені бастауыштар да үшінші жақта келген. Баяндауыштарды үшінші жаққа қойып бастауышпен сәйкестендіретін – тек жіктік жалғау ғана. Сондықтан бұл баяндауыштар да арнайы дыбыстық кешеннен тұратын қосымшасы болмаса да, жіктік жалғаудың нөлдік жалғауында тұр деп есептеледі.
Сонымен жіктік жалғау есім сөзден болған баяндауыштарға жалғанғанда, өзі жалғанған сөзді баяндауыш қызметіне тұруға итермелейді және сол сөзді бастауышпен қиыстыра байланыстырады.
Жіктік жалғау етістіктен болған баяндауыштардың құрамында кездескенде, негізінен, сөздің баяндауыш қызметіне тұруына өз мағынасы арқылы тікелей қатыспайды, бірақ сол баяндауыштың тиянақты тұлғаға енуіне ықпал етеді. Ендеше жіктік жалғаудың етістіктен болған баяндауыштардың құрамында келген кездегі басты қызметі баяндауышты үш жақтың біріне қойып, бастауышпен қиыстыра байланыстыру.
Етістік сөйлемде баяндауыш қызметіне тек етістіктің функционалдық тұлғалары (шақ, рай, модаль тұлғалары) арқылы тұрады. Жіктік жалғау етістікке осы функионалдық қосымшалардан кейін жалғанады. Жіктік жалғау - етістіктен болған баяндауышты тиянақтаушы қосымша. Өйткені етістіктің функционалды тұлғалары арқылы жасалған баяндауыштар әрқашан тиянақсыз болып келеді. Мысалы, Біз келіп, үйдегілер тыныштала қалды деген сабақтас құрмалас сөйлемдегі бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы, біріншіден, тиянақсыз тұлғада келген, оған себеп – баяндауыштың жіктік жалғаусыз қолданылуында. Егер осы көсемше арқылы етістіктен жасалған баяндауышқа тиісті жіктік жалғауын қоссақ, ол тиянақталып шыға келеді: Біз келіппіз.
Екіншіден, тиянақсыз баяндауыш құрамында жіктік жалғау болмағандықтан, ол бастауышпен жақтық, сандық мағыналары жағынан үйлесе байланыспаған. Яғни, баяндауыш жіктік жалғаусыз қолданылғандықтан, үш жаққа да, жекеше-көпше мәндерге де бейтарап: мен келіп, сен келіп, сіз келіп, ол келіп, біз келіп, сендер келіп, сіздер келіп, олар келіп. Бұл мысалдардағы байланыс біржақты ғана, бастауыштар өз баяндауыштарымен атау септігі арқылы ғана байланысқан, ал баяндауыштар жіктік жалғауды жалғанбағандықтан, бастауышпен қайта байланыс орнатпаған. Бұл сипаттағы байланыс сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сөйлемдерінің және үйірлі мүшенің баяндауышы мен бастауышы арасында болатын құбылыс.
Жіктік жалғау етістіктің шартты рай тұлғасы арқылы жасалған баяндауыштардың құрамында келгенде, баяндауышты бастауышпен байланыстыру қызметін ғана атқарады. Мысалы, Сен барсаң, ол икемге келер. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы жіктік жалғауын қабылдағанмен, тиянақталмаған. Яғни, жіктік жалғау шарты рай тұлғасы арқылы жасалған баяндауыштарды тиянақтай алмайды.
Жақсыз сөйлемдердің баяндауыштары құрамында келген жіктік жалғаулары, керісінше, баяндауышты бастауышпен байланыстыру қызметін атқармайды, тек баяндауышты тиянақтаушы тұлға ретінде жұмсалады. Мысалы, Менің барғым келеді деген сөйлемдегі баяндауыш қалау райдың тұлғасы (-ғым кел) және ауыспалы келер шақтық мағынасы бар көсемше () жұрнағы арқылы жасалып, олардан кейін үшінші жақтағы жіктік жалғауын (-ді) да қабылдаған. Көсемше тұлғалы (сол сияқты кез келген функционалдық тұлғадағы) етістік жіктік жалғаусыз тиянақсыз екені, жіктік жалғаудың оны тиянақтағаны көрініп тұр, бірақ баяндауышты үшінші жаққа қойған, ал сөйлемде бастауыш мүлде жоқ, өйткені ол жақсыз сөйлем. Жақсыз сөйлемдерде қимыл (етістік) сол қимылдың иесін атайтын заттармен (жіктеу есімдіктері, зат есімдермен) тәуелдік жалғауының жақтық мағыналары арқылы сәйкеседі. Өйткені жақсыз сөйлемдердегі баяндауыш қызметіндегі етістіктердің бәрі әр түрлі жолдармен субстантивтік мағынаға ие болған етістіктер немесе фразеологиялық етістік құрамында зат есім болады және олар қимылдың иесі болатын (сөйлемде не ілік, не барыс септігінде жұмсалған) сөздермен тәуелдік жалғауы арқылы (ілік септігінде тұрған сөздермен) байланысады , не мүлдем байланыспайды (барыс септігіндегі сөз бен баяндауыш арасындағы байланыс тек бір жақты, барыс септігі арқылы орнайды). Мысалы, Менің келуім мүмкін. Сенің айтқаның жөн. Баланың тілі шыға бастады. Саған бару керек.
Синтаксистік компоненттер шылаулар арқылы да байланысады. Қаза тілінде синтаксистік байланысты жүзеге асыруға шылаудың екі түрі: жалғаулықтар мен септеуліктер қатысады. Шылаудың бұл екі түрінің бір-бірінен айырмашылығы сонда – бірі компоненттерді салалас байланысқа түсіреді, екіншісі сабақтастыра байланыстырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет