1 глоссарий агглютинация – қосымшалардың бірінен соң бірінің жалғануы Адвербиалдану



бет60/61
Дата16.12.2022
өлшемі202,78 Kb.
#57663
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   61
Байланысты:
1 глоссарий агглютинация – осымшаларды бірінен со біріні жал

Синтаксистік байланыстың түрлері. Сөйлемдегі сөздердің синтаксистік байланыс орнату тәсілдері негізінде байланыс түрлері (формалары) анықталады. Қазақ тілінде байланыстың бес түрі бар екені көрсетіліп жүр: қиысу, матасу, меңгеру, қабысу, жанасу. Бұлардың үшеуі: қиысу, матасу, меңгеру қосымша, оның ішінде жалғаулар арқылы қалыптасатын байланыс түрлері, қабысу мен жанасу орын тәртібі тәсілі арқылы жүзеге асатын байланыс. Сонда шылау арқылы, оның ішінде септеулік шылау арқылы байланыстарды, сондай-ақ (егер бөлек байланыс тәсілі ретінде танитын болсақ) интонация арқылы байланыстарды байланыстың қай түріне жатқызу керек деген сұрақтар туындайды.

Ертеректердегі әдебиеттерден «қиысу – бастауыш пен баяндауыштың арасында орын алатын байланыс түрі» сияқты анықтамаларды кездестіреміз. Бірақ бұл анықтама – байланыс тәсілінен шығарылған анықтама емес, байланысқа түскен компоненттердің синтаксистік қатынасына негізделген анықтама. Сондықтан жоғарыдағы анықтама «қандай байланыстың түрін қиысу деп атаймыз?» деген сұраққа жауап бере алмайды, «қиысу байланысы қандай қатынастағы сөздердің арасында болады?» деген сұрақтың жауабы болып табылады. Кейінгі жылдардағы оқулықтарда «қиысу дегеніміз – сөз бен сөздің жіктік жалғауы арқылы, немесе жіктелу реті бойынша байланысы» деген мазмұндағы (немесе осыған ұқсас) анықтама кең орын алып отыр. Бұл анықтама – байланыстың басқа түрлері сияқты байланыс тәсіліне негізделген, соның ішінде жііктік жалғауының қызметін негіз еткен анықтама. Бұл анықтамадағы автордың «жіктелу реті» деп отырғаны – баяндауыштың үшінші жақта жұмсалуымен байланысты термин. Жіктік жалғаудың бірінші және екінші жақта арнайы жалғауларының болуы, үшінші жақта (етістіктің көсемше тұлғасынан басқа сөз тұлғаларында) жіктік жалғау қосымшасының болмауы, бірақ үшінші жақтық мағынаның болуы «сөздер бірінші және екінші жақта жіктік жалғаулары арқылы, ал үшінші жақта (жіктік жалғаудың көрсеткіші болмағандықтан) жіктелу реті бойынша байланысады» деуіне себеп болған. Қиысу байланысында жіктік жалғаудың рөлі бары анық. Ол өзі жалғанған баяндауышқа жақтық және сандық (жекеше-көпше) мағыналар үстеп, баяндауышты бастауыштың жақтық, сандық мағыналарымен сәйкестендіреді. Мысалы, мен келдім дегенде жедел өткен шақ жұрнағы арқылы етістіктен жасалған баяндауыш жіктік жалғаудың бірінші жақ жекеше түрін де қабылдаған. Бұл қосымшасыз баяндауыш өз бастауышымен байланыса алмайды. Жіктік жалғау баяндауышқа бірінші жақтық, жекеше мағына жамаған. Ал бұл – бастауыштың (мен жіктеу есімдігінің) мағыналарына сәйкес. Сөйтіп екі сөздің арасында жақтық және сандық мәндерінде сәйкестік, үйлесім пайда болды. Ендеше, жіктік жалғау – баяндаушты бастауышпен жақтық және сандық мағыналары бойынша сәйкестендіре байланыстыратын қосымша. Енді мысалдың екінші сыңарына үңілейік. Мұнда жіктеу есімдігі атаған зат (бірінші жақтағы жеке тұлға) қимылдың иесі болып тұр. Ендеше бастауыш атау септігінде тұр және атау септігі арқылы өз баяндауышымен байланыс орнатқан. Яғни, атау септік зат баяндауышта аталған қимылдың иесі екенін білдіруі арқылы есімдіктің етістікке қатысты грамматикалық мағынасын реттеген, байланыстырған. Сондықтан қиысу байланысын екі жақты байланыс деп танимыз: байланыстың (бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысады, (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысады.
Сонымен, (бастауыш қызметіндегі) бірінші сыңары екіншісімен атау септігі арқылы байланысатын, (баяндауыш қызметіндегі) екінші компонент біріншімен жіктік жалғауы арқылы байланысатын екі жақты байланыс түрін – қиысу деп атаймыз.
Қиысу кейде біржақты ғана жүзеге асуы мүмкін. Атап айтқанда, кейбір сабақтас құрмаластардың бағыныңқы сөйлемінің баяндауыштары (ол баяндауыштар әр түрлі тұлғалармен тұлғаланған есімшелі және қимыл есімді етістіктерден, көсемше тұлғалы етістіктен болғанда) жіктік жалғаусыз жұмсалатыны белгілі. Мысалы, Біз келіп, үйдегілер тыныштала қалды. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы (келіп) көсемше арқылы етістіктен жасалған тиянақсыз тұлғада келген. Бұл баяндауыштың тиянақсыз болу себебін жіктік жалғаусыз келуімен байланыстырғанбыз. Баяндауыш жіктік жалғау болмағандықтан, үш жаққа да бейтарап: мен келіп, сен келіп, ол келіп, т.б. Ендеше баяндауыш бастауышпен байланыс орнатпаған, сөздердің арасындағы байланыс бастауыштан баяндауышқа қарай ғана бағытталған және ол байланыс бастауыштың құрамындағы атау септігі арқылы ғана жүзеге асқан. Ендеше бұл мысалдағы байланыс бір жақты ғана қиысу немесе жартылай қиысу. Тіпті мұндай байланысты сөздердің арасында предикаттық қатынас орнамағанда, байланыс бір жақты және септік жалғауы арқылы жүзеге асқандықтан, меңгерудің қатарында тануға болар болар еді. Алайда сөздердің арасындағы предикаттық қатынас байланысты қиысу деп тануға негіз болады. Жартылай қиысу үйірлі мүше деп танылып жүрген синтаксистік құрылымдардың құрамындағы сөздер арасында да орын алады. Мысалы, Аузы күйген үріп ішер. Сөйлемнің үйірлі бастауышы - аузы күйген өзара предикаттық қатынастағы сөздердің байланысынан тұрады. Бұл байланыс бірінші сөздің атау септігінде келуі арқылы орнаған, ал екінші сыңардың құрамында жіктік жалғау жоқ, есесіне, тіпті ол да атау септігінде тұр. Бұл мысалда есімшелі тіркес синтаксистік транспозицияға ұшырап, зат есімге тән қызмет атқарған. Бұл құбылыс төмендегідей тәртіппен жүрген деуге болады: Аузы күйген үріп ішер деген сөйлем Аузы күйген адам үріп ішер деген сөйлемдегі атау септігінде тұрған зат есімі бар сөйлемнің ықшамдалуынан, атап айтқанда, бастауыш қызметіндегі адам сөзінің эллипсистенуі арқылы қалыптасқан. Түсіп қалған зат есім атау септігі арқылы бастауыш қызметін атқарып, сол атау септігі арқылы баяндауышпен байланыс орнатқан болатын. Ал түсіп қалған зат есімге қатысты аузы күйген тіркесі зат есім сөйлемде бар кезде анықтауыш қызметінде келген. Енді зат есім түсіп қалғанда, есімшелі тіркес сол зат есімнің есебінен заттанып, зат есімді етістікпен байланыстырушы атау септігін қабылдап, зат есім атқарып тұрған синтаксистік қызметке, бастауыш қызметіне көшкен.
Қиыса байланысқан сөздердің басыңқы және бағыныңқы сыңарларын анықтауда кейде баяндауыштық қызметтегі компонентті басыңқы деп жаңсақ көрсетулер кездесіп қалады. Қиысу – сабақтас байланыстың нәтижесі. Ендеше оның мағыналық, тұлғалық жақтарынан басыңқы және бағыныңқы сыңарлары болуы заңды. Мағыналық жақтан алғанда қиыса байланысқан сөздердің басыңқысы әрқашан бастауыш қызметіндегі бірінші компонент болады. Өйткені ол баяндауышта аталған іс-әрекет, жай-күй арқылы сипатталып тұратын компонент. Баяндауыш қызметіндегі компонент байланыстың семантикалық бағыныңқысы болып табылады, Өйткені ол бастауыштың іс-әрекет, жай-күйін білдіре сипаттайды. Ал тұлғалық жақтан келсек, екі сөзді де бір-біріне әрі басыңқы, әрі бағыныңқы деп тануға болады. Алдымен, басыңқы болатыны тағы да – бастауыш қызметіндегі компонент. Өйткені ол баяндауыштың үш жақтың бірінде тұруын талап ететін сыңар. Баяндауыш қызметіндегі компонент бастауыштың талабын орындап, бастауыш қай жақта тұрса, сол жақтағы жіктік жалғауын жалғанады. Бастауыш қызметіндегі семантикалық басыңқы атау септігін баяндауыш қызметіндегі етістіктің талабы бойынша, онымен предикаттық қатынас орнату үшін қабылдайды. Сөйтіп байланыс – екі жақты байланыс болып шығады.
Қиысу байланысының қатарына Асан –студент үлгісіндегі интонация арқылы байланысқан деп танылып жүрген байланыстар да жатады, бірақ олар бір-бірімен дауыс кідірісі арқылы байланысқандықтан емес, бірі атау септікте, екіншісі жіктік жалғауда кеолгендіктен қиысу деп танылады.
Сөйлемдегі сөздердің бірінің ілік септігінде, екіншісінің тәуелдік жалғауында келіп анықтауыштық қатынастағы байланысы – матасу деп аталады. Матаса байланысқан сөздердің басыңқысы қызметінде зат есімдер, заттанған басқа сөз таптары (соның ішінде етістіктің қимыл есімі және есімше тұлғалары да) келеді. Бағыныңқы да, негізінен, зат есімнен болады немесе заттанған басқа сөз таптары да болуы мүмкін.
Матасу байланысының өзіндік ерекшелігі – екі жақты байланыс түріне жататындығы. Расында да, байланыстың ілік септігіндегі сыңары тәуелдік жалғауындағы сөзді, екінші тәуелдік жалғаудағы сыңары ілік септіктегі сөзді «сұрап тұруы» - ертеден ерекше синтаксистік құбылыс ретінде танылып келеді. Бірақ бұл – тек тұлғалық жақтан алғандағы сабақтасу ерекшелігі. Яғни, тұлғалық ба йланыс тұрғысынан алғанда, екі компонент те бір-біріне әрі бағыныңқы, әрі басыңқы ретінде көрініс бере алады. Өйткені ілік септігіндегі сөз, біріншіден, екінші сыңардың тәуелдік жалғауда тұруын талап етіп, басыңқы сыңар ретінде көрінсе, екіншіден, тәуелдік жалғаулы сөздің талабын орындап, бағыныңқы ретінде де көрінеді. Сол сияқты тәуелдік жалғаудағы сөз, біріншіден, ілік септігіндегі сөздің талабы бойынша тәуелденіп, бағыныңқы ретінде де, екіншіден, бірінші сыңардың ілік септігінде тұруын талап етіп, басыңқы ретінде де танылады. Мағыналық жақтан алғанда бағыныңқы да, басыңқы да бір-бірден: семантикалық бағыныңқы – ілік септігіндегі сөз, ол басыңқыдағы заттың иесін білдіріп, үнемі анықтауыш қызметінде келеді, семантикалық басыңқы – тәуелдік жалғаулы сөз, ол ілік септігіндегі сөз тарапынан анықтала келеді. Мысалы, тонның түймесі, үйдің терезесі, оқушының қаламы, т.б.
Сөйлемдегі сөздердің бірінің екіншісімен атау мен ілік септігінен басқа септік жалғауларының бірінде келіп байланысуын меңгеру деп атаймыз деген анықтама бүгінде кең етек алған. Мысалы, тоғайға бару, жерді күрекпен қазу, таудан түсу, әкесімен тілдесу, т.б.
Анықтамадан көрінетіні – атау септігі қиысу байланысының бір элементі, ілік септігі матасудың бір элементі – екеуі де екі жақты байланыстарға қатысты болғандықтан, басқа септіктер жиналып бір жақты байланыстың, меңгеру байланысының, көрсеткіштеріне айналған. Тоғайға бару дегенде барыс септігі зат есімге жалғанған. Барыс септігіндегі зат есім қимылдың (бару) нақты бағыты екенін білдіріп, етістікке пысықтауыштық қатынаста келген. Ендеше зат есім барыс септігінің жалғауын осы қатынасты білдіру үшін етістіктің талабы бойынша қабылдаған. Ал етістік қозғалыс етістігі қатарына жатқандықтан, оның сол қозғалыстың бағытын білдіретін «сөз сұрауы» - заңды құбылыс, сөйтіп байланыс бағыныңқы сөзден басыңқыға қарай бағытталып, бір жақты орнаған.
Қазақ тіл білімінде меңгерудің табиғатын тануда ғалымдар пікірі үнемі бір жерден шыға бермейді. А. Аманжолов меңгеру байланысының қатарына басыңқы етістіктің лексика-грамматикалық тіркесімділік қасиеттерін негіз ете отырып, бүгінде күшті меңгеру қатарына жатқызылатын табыс септігі арқылы байланысқан үлгілерді ғана жатқызады. Ғалымдардың көпшілігі атау мен іліктен басқа септіктер орын алған байланыстардың бәрін меңгеру қатарына жатқызып, оның табиғатын кең түрде қарайды. Е. Ағманов септік жалғауы арқылы байланысқан кейбір есімді тіркестерді қабысу қатарында қарау керек деген ұсыныс жасайды. Септеулік шылаулардың қатысы арқылы жүзеге асқан байланыстарды меңгеру қатарына жатқызу керектігі соңғы жылдары ғана айтылып жүр.. Септеулік шылаулар кейде жеке өздері, кейде септік жалғауларымен бірлесіп келіп, дәл септік жалғаулары сияқты зат есімдерді (заттанған сөздерді) оған белгілі бір грамматикалық мағына жамау арқылы синтаксистік қызметтерін белгілеп, етістікпен байланыстыру үшін қолданылатын көмекші сөздер болғандықтан, септеулік шылау арқылы жүзеге асқан байланыстарды да меңгеру қатарына жатқызамыз.
Сондықтан, меңгеру дегеніміз – байланыстың бір жақты септік жалғаулары және септеулік шылаулар арқылы жүзеге асқан түрі.
Меңгеріле байланысқан сөздер арасында толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастар орын алады. Сөздердің арасындағы қатынастардың мазмұнына басыңқы сыңардың лексика-грамматикалық қасиеті мен бағыныңқы сыңардағы септік жалғауларының грамматикалық мағыналары негіз болады. Басыңқы сөз өзінің лексикалық және грамматикалық тіркесімділік қабілеттері негізінде ғана басқа сөздермен байланысқа түседі. Мысалы, Бала жерді күрекпен қазды деген сөйлемдегі етістік (қазу) – іс-әрекет иесі қандай да бір құралмен атқаратын қандай бір затты қамтитын әрекетті атайды. Ендеше бұл етістіктің лексика-граматикалық мағынасында а) қимылдың иесін атайтын сөзбен; ә) қимылдың тура объектісін атайтын сөзбен; б) қимылдың құралын атайтын сөзбен тіркесу қабілеті бар. Ал бұл сөздер өз кезегінде аталған етістікпен белгілі мазмұндағы байланыс орнату үшін септік жалғауларының көмегіне сүйенген: а) зат (бала) қимылдың иесі екенін атау септігі; ә) зат (жер) қимылдың тура объектісі екенін табыс септігі; б) зат (күрек) қимылдың құралы екенін көмектес септіктері білдірген. Сөйтіп Бала қазды деген сөздердің байланысынан предикаттық қатынас, жерді қазды сөздерінің байланысынан толықтауыштық қатынас, күрекпен қазды сөздерінің байланысынан әрі толықтауыштың (немен қазды?) сұрағына жауап беретін, әрі пысықтауыштың (қалай қазды?) сұрағына жауап беретін қатынас орын алған.
Қазу етістігінің тіркесімділік қабілеті мұнымен шектелмейді. Ойдың толықтығын, бұдан әрі кеңдігін қамтамасыз ету үшін етістікке басқа сөздерді де байланыстырып сөйлемге қоса беруге болады. Мысалы, сөйлемде қимылдың жүзеге асу мезгілін атау керек болса, қажетті үстеудің бірін (кеше қазды) немесе лексикалық мағынасында мезгіл мағынасы бар зат есімдердің бірін (жексенбіде қазды, сағат он екіде қазды ) жатыс септігіне қойып, сондай-ақ мезгіл мәнді сөз басыңқы болған сөз тіркестерін (сол күні қазды) етістікпен байланыстырып, сөйлемге қосуға болады, сол сияқты қимылдың уақыттық көлемін білдіру үшін етістікке бағыныңқы етіп басқа сөздерді байланыстырамыз (екі сағат қазды, күні бойы қазды, т.б.). Сөйтіп сөйлем етістіктің тіркесімділік қабілетіне сәйкес жайылмалана түседі: Бала жерді күрекпен кеше күні бойы қазды. Мұндай тіркесімділік қабілет сөйлемдегі етістік қана емес басқа сөздерге де тән қасиет: Қаладан ауылға дем алуға келген бала ауладағы кортоп егетін жерді дүкеннен сатып алынған темір күрекпен кеше күні бойы қазды.
Қабысу байланысы туралы анықтамалар бірізді: сөйлемдегі сөздердің іргелес орын тәртібі арқылы байланысы – қабысу деп танылып жүр. Қабыса байланысқан сөздер бағыныңқы сыңарына қарай есімді және етістікті тіркестер болып болып бөлінеді. Мысалы, жылы су – қабыса байланысқан есімді сөз тіркесі, ілгері жылжу – етістікті сөз тіркесі. Соңғы жылдары қабысудың үшінші түрі – ортақ қабысу да бар екені көрсетіліп жүр. Ортақ қабысудың басты белгісі – басыңқы сыңар құрамында есім сөз де, етістік те бар болуы. Мысалы, жақсы адам болатын. Мұндағы бағыныңқы сыңар зат есім мен көмекші етістіктен тұрады.
Жанасу байланысы байланыстың жеке бір түрі ме, әлде М. Балақаев өзі көрсеткендей «жанасу – алшақ қабысу», яғни, қабысудың ерекше бір түрі ме? («Кіріккен сөздер – біріккен сөздің бір түрі, құрамындағы сөздері дыбыстық өзгеріске ұшыраған біріккен сөздер» деген сияқты). Жанасу – байланыстың жеке түрі болса, меңгеріле немесе қабыса байланысқан сөз тіркестері деген сияқты жанаса байланысқан тіркестер деген қолданыстар неге жоқ, сондай-ақ оның өзіне тән (басқа байланыс түрлерінен ажыратын) ерекше белгілері қайсы?
Қабысудан айырмашылығы ретінде жанасуда байланысқа түсетін сөздер сөйлемде бірде іргелес, бірде алшақ орналаса алатыны ғана көрсетіледі. Мұндай қасиетке тек етістікпен байланысатын мезгіл үстеулері мен басыңқысы мезгіл мәнді зат есімнен болған сөз тіркестері ғана ие. Мысалы, Бүгін Алматыдан сағат төртте келетін поезд екі сағатқа кешікті. Сол жылы әке-шешесі ауылдан қалаға көшкен болатын. Бірінші сөйлемдегі мезгіл үстеуінің (бүгін) сөйлемдегі қай етістікпен (келетін немесе кешікті) байланысқанын тексерейік. Яғни, тіркес бүгін келетін (поезд) бе әлде бүгін кешікті ме? Мезгіл үстеуінің сөйлемдегі екі етістікпен де байланысқа түсу қабілеті бар, бірақ бір сөз сөйлемдегі екі сөзге бірдей бағыныңқы бола алмайды. Егер сөйлемді Бүгін // Алматыдан сағат төртте келетін поезд // екі сағатқа кешікті түрінде үстеуден кейін кідіріс жасап айтсақ, онда бұл үстеудің сөйлемнің соңындағы етістікпен (бүгін кешікті) байланысқаны, өйткені үстеуден кейінгі пауза оны Алматыдан сағат төртте келетін поезд тізбегінен жіктеп, олармен байланысы жоқтығын білдіреді. Бұдан мезгіл үстеуінің сөйлемде өзі байланысатын сөзден қанша алшақ тұрса да, тіпті оған дейін басқа етістіктер кездессе де, олармен байланыспай, тікелей қажетті сөзімен байланысатындығы көрінеді. Сол сияқты осы сөйлемді Алматыдан сағат төртте келетін поезд бүгін екі сағатқа кешікті және Алматыдан сағат төртте келетін поезд екі сағатқа бүгін кешікті түрінде де құруға болады. Бұл кездерде мезгіл үстеуінің өзі байланысатын сөзге позициялық жақындағаны болмаса, сөйлемнің ақпараттық мазмұнында да, байланыстың сипаттарында да еш өзгеріс болмайды. Осы сөйлемді бүгін сөзінен кейінгі дауыс кідірісін алып тастап құрсақ (Бүгін Алматыдан сағат төртте келетін поезд // екі сағатқа кешікті), немесе Алматыдан сағат төртте келетін поезд конструкциясының құрамына кез келген сөзден кейін (тек етістіктің алдынан) қойсақ, онда мезгіл үстеуі анықтауыш қызметіндегі есімше тұлғасындағы етістікпен байланыс орнатады. Бірақ оның позициясы бәрібір еркін: бүгін Алматыдан сағат төртте келетін, Алматыдан бүгін сағат төртте келетін, Алматыдан сағат төртте бүгін келетін. Сол жылы әке-шешесі ауылдан қалаға көшкен болатын деген келесі сөйлемде де сілтеу есімді мен мезгіл мәнді зат есімнің тіркесінен болған пысықтауыштың да орны еркін, сөйлемде кез келген позицияға тұра алады: Әке-шешесі сол жылы ауылдан қалаға көшкен болатын, Әке-шешесі ауылдан сол жылы қалаға көшкен болатын, Әке-шешесі ауылдан қалаға сол жылы көшкен болатын.
Әдетте сөйлем ішінде бір тәсілмен (орын тәртібі арқылы) бір сөзге бірнеше сөз жарыса байланысып келгенде, сөйлеу заңы бойынша олардың көбі өзі байланысатын сөзден алшақтап, тек біреуі ғана іргелес орналасады. Мысалы, сағат деген зат есім зат есімнен және сын есім мен сан есімдерден болған орын тәртібі арқылы байланысқан анықтауыштарды қабылдай алады: алтын сағат, қол сағат, екі сағат, үлкен сағат. Бірақ сол анықтауыштардың бәрі бірдей жұмсалғанда, тек біреуі ғана басыңқымен іргелес орналасады: екі үлкен алтын қол сағат немесе үлкен екі алтын қол сағат түрінде қолданылуы мүмкін. Мысалдан көрінетіні: басыңқыға жақын орналасқандар – зат есімнен болған анықтауыштар, ал сын есім мен сан есімдер зат есімнен болған анықтауышқа қарағанда өзі байланысатын сөзден алшақтаған. Бұл – бағыныңқы сөздердің лексикалық мағыналарындағы басыңқымен болатын байланыстың берік немесе әлсіз болуымен байланысты құбылыс. Лексикалық мағынадағы байланыс барынша мықты, берік болған сайын ол сөздің өзі байланысатын сөзден алшақтау мүмкіндігі бар. Керісінше лексикалық байланыс әлсіз болған сайын ол сөз өзі қатысты сөзге іргелес орналасуға тырысады. Сондықтан


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   61




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет