Есте ұстау арқылы көшіру. Мұнда тақтаға жазылған мәтін оқылады, талданады, сонан соң жазылады. Оқушы есінде қалғандарын жазады. Кейде мәтін талданғаннан кейін үйге беріледі. Жазып болған соң мұғалім мәтінді ашып, жазғандарын салыстырып, тексеруге мүмкіндік береді. Көшіріп жазудың бұл көрсетілген түрі диктант болғандықтан, мұны көру диктанты деп атайды.
Еркін көшіру. Балалар әуелі мәтінді оқып шығады, талдайды, сонан соң кітапты жауып қойып, мәтіннен есте қалғандарын, қалай ұғынса, солай жазады.
Грамматикалық тапсырмаларға байланысты көшіру. Сөздің немесе сөйлемнің бір бөлігі өзгеріссіз сол қалпында, екінші бір бөлігі өзгертіліп көшіріледі: қалып қойған жерін ойлап тауып немесе қосып, өзгертіп жазады: қалып қойған әріптер мен буындарды тауып қосу, сөздерді тауып қосу немесе сөйлемдерді аяқтау, берліген сөйлемнің немесе сөздің тұлғасын өзгертіп жазу сияқты тапсырмалар орындалады.
Көшіру жұмыстары тіл дамытумен байланысты, сұрақтарға жауап беру (жазбаша) түрінде де кездеседі. Бұл жұмыс балаларды мазмұндама мен шығарма жазуға дайындау мақсатында қолданылады.
Балалардың орфографияға үйренген біліктері мен дағдыларын байқау мақсатында диктант жаздырылады. Мұнда мұғалім мәтіндегі сөйлемдерді немесе жеке сөзерді оқиды. Оқушылар оны аяғына дейін тыңдап, естерінде ұстайды, жазады.
Диктанттың бастауыш мектепте жүргізілетін түрлері:
Ескерту диктанты. Мұнда мұғалім мәтінді тұтас оқып шығады. Балалар жақсылап тыңдап отырады. Сонан кейін түсініксіз деген сөздердің мағынасы түсіндіріледі. Мұғалім әрбір сөйлемді қайта оқып шығады, оқылған сөйлемдер балалардың қатысуымен талданады. Оқушылар тиісті дыбыстарды көрстетеді, ережесін айтып береді, олардың қателескен жері болса, түзетіледі. Осындай жұмыстардан кейін ғана балалар сөйлемді жазуға кіріседі.
Іріктеу диктанты. Мұның ескерту диктантынан айырмашылығы – балалар мұғалімнің айтқан сөздерінің барлығын жазып отырмайды, оның ішінен белгілі бір ережеге қажетті сөздерді немесе сөз тіркестерін іріктеп жазады. Диктанттың бұл түрінде уақыт үнемделеді, қажетті сөздер мен сөйлемдер көбірек жазылады, ең бастысы оқушылар мәтінді аса зейін қоя тыңдап отыруға мәжбүр болады.
Түсіндіру диктанты. Мұнда мәтін жазылып болғаннан кейін ғана талданады, қателері түзетіледі. Диктанттың бұл түрін жазуға кірісерде қажетті ережелер еске түсіріледі. Мұны ескерту диктантынан бақылау диктантына өткел ретінде жүргізілетін жұмыс деуге де болады. Сөздік диктант ұзақ та болмайды, 5-10 минут шамасы, көбінесе сабақтың аяғында жүргізіледі. Мұғалім жеке сөздерді айтады, балалар жазады, жазғандарын сөздіктен қарап түзетеді. Үнсіз диктант ұйымдастырылады. Онда мұғалім қажетті суреттер көрсетеду (сиыр, жылқы, аю, қозы, трактор т.б.), ал балалар бірден жазады немесе керекті әрпі бар карточканы көрсетіп, сонан соң жазады. Сөздік диктант 10-15 сөзден аспауы тиіс.
Шығармашылық диктант. Мұғалім тақтаға қажетті сөздерді жазады. Кейде сурет немесе бір серия картина беріледі: балалар бір тақырыпқа сөйлемдер құрайды. Шамамен қолданылатын ережелер беріледі (еске түсіріледі. Жұмыстың бұл түрін таза диктант деуге болмайды, сөйлемді баллардың өздері құрастыратын болғандықтан мұны шығарманың кіріспесі деуге де болады.
Ерікті диктант. Бұл мазмұндама деп те аталады. Бірақ мазмұндамадан сәл оңайлау. Диктант деу себебі – мұғалім мәтінді оқып тұрады, ал ерікті дейтініміз – балалар әдеттегідей диктанттай, мәтінді мұғалімнің оқуы бойынша сөзбе-сөз емес, естерінде қалғандарын ғана жазады. Диктанттың бұл түрі де тіл дамыту жұмысымен ұштасады.
Осы көрсетілген жұмыстардың барлығы орфографиялық дағдыны автоматтандыру мақсатын көздейді.
Бақылау немесе тексеру диктанты. Бұл балалардың алған білімдері мен қалыптасқан дағдыларын тексеру мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушы өзі білетін ережені қолданып, өз күшін өзі байқай алады. Мұғалім қандай да болмасын бір орфографиялық ережені оқушылардың қалай меңгергендері жөнінде мәлімет алады. қандай ереже қайталау керек, кімге қандай көмек керек – соны анықтайды.