Ана тілін ұғыну заңдылықтары тіл табиғатының өзінен және оны ұғыну психологиясынан келіп шығады.
Бөбек тілді өзі өмір сүре бастаған ортадан үйренеді, ал олардың мектепте оқуына байланысты сол табиғи үдеріс онан әрі жалғаса түседі. Сондықтан мектептегі тіл үйрету жұмыстары да үйдегі басталған табиғи үдерістің заңдылықтарына негізделіп жүргізіледі. Ең алдымен тілдің өз табиғатынан басты-басты мынадай заңдылықтар шығады:
Бірінші заңдылық. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді.
Балалар ана тілінің фонологиядық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектепке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.
Ана тілінің грамматикалық мағынасымен де балалар мектепке дейін танысады. Мектептің міндеті оқушыларға ана тілінің сан алуан грамматикалық қатынастары мен көріністерін үйретіп, тіл байлықтарын арттыра түсу.
Сөйтіп, тілді ұғынуда ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілерін жақсы айырып, оны балалардың тіл байлығын арттыруға пайдалана білу қажеттігі туады.
Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады.
Әдістемелік принцип төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:
Оқушыларда орфоэпиялық дағды қалыптастыру; грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету; қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және оларды жүйелі сөйлеуге үйрету; оқушыларды шығармашылыққа баулып, креативтілігін дамыту.
Осы ережеге сай, бастауыш мектептер үшін бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту әдістері белгіленеді.
Екінші заңдылық. Тілді ұғыну үшін орасан сезімталдық керек. Зерттеушілер мұндай қасиеттің балада тіпті сәби кезден болатынын айтып жүр.
Грамматиканы үйрету осы «тілдік сезімталдыққа» сүйеніп, іске асырылады.
Бұл принцип төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:
Балалардың бұрыннан білетін сөздерін тәртіпке келтіру (мұнда грамматика басты орын алады); оқушылар өздеріне белгісіз, грамматикалық құбылыстарды бұрыннан таныс құбылыстармен салыстыра алатындай дидактикалық материал іріктеу; тілдік фактілерді жинақтауға негізделген әдістерді кеңінен пайдалану.
Үшінші заңдылық. Фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналармен қатар мәнерлеп сөйлеу, сезімге бөлене сөйлеуді меңгеру.
Мұндағы әдістемелік принцип: мәнерлеп сөйлеуге назар аудару.
Бұл принципті іске асыруда мына сияқты ережелер сақталады:
Тілдің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарын үйрену барысында сезімге бөлене, мәнерлеп сөйлеудің жолдарын түсіндіріп отыру; әдебиеттік оқу мен қазақ тілі сабақтарын міндетті түрде байланыстырып отыру; көркем мәтіндердің тілдерін талдағанда сезімге әсер ететін бөліктерін таңдап алу.
Төртінші заңдылық. Жазбаша сөйлеу ауызша сөйлеуді таңбалау жүйесіне аудару ретінде (дыбыстық таңбаға көшіру) ұғынылады.
Сауат ашу кезеңінде баланы жазуға үйретудің бастапқы шағында әуелі оған таныс емес әріптің бұрыннан таныс, естіп жүрген дыбысы айтылады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе – ауызша сөйлеудің жазбаша сөйлеумен салыстырылып тұруы. Мысалы, тыныс белгілерін қоюда дауыс ырғағының рөлі.
Сонымен, ана тілін оқытуда жазбаша сөйлеудің ауызшамен салыстырылуы бірнеше әдістемелік ұстанымға негізделеді.
Бұл ұстаным төмендегі ережелерді сақтағанда іске асады:
Ауызша сөздегі дыбыстар мен жазғандағы әріптерді салыстырып отыру; дауыс ырғағы мен тыныс белгісін салыстырып отыру; ауызша және жазбаша жаттығуларды ұштастыру.
Бесінші заңдылық. Фонетикалық, грамматикалық және лексикалық мағыналардың барлығы «тіл материясын», яғни тіл таңбаларын - дыбыс, морфема, сөз, дауыс ырғағы және тиісті жазбаша таңбалар (әріп, тыныс белгісі) - ұғыну барысында меңгеріледі.
Тілді оқушы мазмұны және формасы жағынан, яғни логикалық, грамматикалық жағынан қабылдайды. Ал әрбір сөйлемнің грамматикалық ерекшеліктері тілдің көмегімен анықталады.
Ендеше тілді оқушы, практикалық жағынан, белгілі бір тілдік фактілерді тану құралы ретінде де пайдаланады. Мұндай заңдылықтан тілді оқыту ұстанымы келіп шығады.
Бұл ұстанымды іске асыру ережесі мынадай:
1) көрнекілікті пайдалану (таблица, схема, түрлі суреттер, теледидар, кино және т.б.); 2) есту құралдарын пайдалану (мәтіндер оқып беру, магнитофон, радио, теледидар, кино т.б.); 3) оқу құралдары, көркем мәтіндер, ғылыми-көпшілікке арналған мәтіндер, газеттер, журналдар; 4) ана тілін үйрену үшін оқушылардың басқа пәндерді оқу барысындағы сөйлеу практикасы (мұғалімнің, жолдастарының сөзі, оларды аңғарту үшін талдау) пайдаланылады.