Гаструляция — гаструлану, ұрықтың іштегі дамуы барысында бластула жасушаларының одан әрі көбеюімен, өсуімен, жетіліп бағытты орын ауыстыруымен және сапалы айырмашылықтар мен өзгерістердің жүруімен сипатталатын күрделі биохимиялық және морфогенетикалық процесс.
Эмбриогенездің гаструляция кезеңінің алғашқы кездерінде бластуланың бірқабат жасушаларынан тұратын бластодермадан екі қабат ұрық жапырақшаларынан құралған ұрық — гаструла дамиды. Оның сыртқы ұрық жапырақшасы — эктодерма (грек, ektos — сыртқы; derma — қабық, тері), ішкі ұрық жапырақшасы - энтодерма (грек, endon - ішкі және қабық). Энтодермамен қапталған қуыс - алғашқы ішек (гастроцель), ал гастроцель қуысының сыртқа қарай ашылған тесігі - алғашқы ауыз (бластопор) деп аталады. Гаструляцияның соңғы кезеңінде эктодерма мен энтодерманың аралығында хордомезодермалық өскін жетіліп, кейінірек одан хорда және мезодерма (грек, mesos — аралық, ортаңғы және қабық) дамып жетіледі.
Гаструланың дамып жетілуі бластуланың құрылысына байланысты. Сондықтан, әртүрлі жануарларда гаструляция процесі түрліше жүреді. Гаструляцияның төрт типі ажыратылады: инвагинация — қынаптану, эпиболия — қаптап өсу, иммиграция — ішке көшу, деламинация — жасушалар қабаттарына жарылып ажырау.
Инвагинация Бластуланың вегетативті жағы ішке қарай ойысып тереңдеп эктодерма қабатын түзейді, сыртқы қабаты эктодерма болып қалады. Эктодерма мен энтодерма да бір біріне тығыз жанасып бластоцель қуысы жойылады, шар тәрізді ұрықтан, екі қабаттан тұратын ұрық пайда болады, ал ондағы қуыс гастроцель немесе бірінші реттік ішек. Ішек басталатын жерді бірінші реттік ауыз немесе бластопор деп атайды. Оның шеттері бір біріне жақындап үстіңгі және астыңғы еріндері түзейді. Құрттарда, молюскаларда, буынаяқтыларда күрделеніп ол ауыз қуысына айналады. Инвагинация изолецитальді жұмыртқасы бар ағзаларға тән.
Иммиграция Бұл процесс ішек қуыстыларға тән. Бластодермадан кей жасушалар ішке қарай ығысып шығып, бөліну жолымен көбейіп, бір бірімен байланысып тұтасу нәтижесінде ішкі энтодерма қабатын түзеді, ал сыртында қалған қабат эктодерманы құрайды.