1. Лекциялар кешені: лекция жоспары, тезистері 1-лекция. Синтаксис және оның зерттеу нысандары



бет7/20
Дата27.11.2023
өлшемі106,03 Kb.
#128945
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20
Байланысты:
лекция жай сөйлем

Меңгеру. Меңгере байланысқан сөз тіркесінде басыңқы сөздің мағынасына қарай бағыныңқы сөз септік жалғауларында тұрып байланысады. Барлық септіктегі сөздер емес, атау, ілік септігінен басқа сөздер меңгеріледі немесе меңгерілетін сөздер деп аталады. Меңгерілетін сөздер таза септік жалғауында тұрып та, шылаудың көмегімен де байланысады. Сөз тіркесінде меңгеруші сыңары тек етістік деген көзқарас басым, алайда есімдер де басыңқы сыңарды меңгереді. М.Балақаев меңгеру мен меңгерілуде негізгі сөз табы етістік болғанымен, оған есім сөздер де жататынын, оның қазақ тіл біліміндегі қолданысын дәлелдейді. Сонымен бірге, ортақ меңгеру мен дара меңгеруге тоқталады. Дара меңгеру – меңгерілуші сөзді тек есім не етістіктің меңгеруі. Мысалы: қалаға барды, терезені ашты, орталықтан алыс. Ортақ меңгеру – сөз тіркесіндегі меңгеруші сыңарының әрі есім, әрі етістіктен болуы. Мысалы: Маған уәде берді.
Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестерінің бағыныңқы сыңарлары барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес жалғауларының бірінде жұмсалады да, басыңқылары, көбінесе, баяндауыш қызметіндегі есімдер болады. Мысалы: (жерім) малға бай, (ол) сөзге шорқақ, (Досан) комиссияға мүше, (мен) саған кіммін? Бұл тіркестердің байланысу формасы – меңгеру.
Т.Сайрамбаев былай дейді: «Есімдердің есімдерді меңгеруі етістікті тіркестердегідей әрі мағыналық, әрі синтаксистік тығыз байланыс негізінде емес, әлсіз байланыс ыңғайында пайда болады. Есімдердің бұлай тіркесуі жеке сөздің тікелей лексикалық мағынасынан тумайды, жалпы сөйлемнің мазмұнынан, айтайын деген ойға, баяндауышқа жалғаулы есімдердің керек болуынан туады».
Меңгеріле байланысқан есімді сөз тіркестері онша көп кездеспейді және барлық есімдер бірдей ондай сөз тіркесінің меңгеруші сыңары бола алмайды. Есімдердің ішінде, көбінесе, бастауыштың күйін білдіретін сөздер есімді сөз тіркесінің басыңқы сыңары болып жиі жұмсалады. Олар:
1. Сын есімдер: қардан ақ, өзіңе жақсы, маған түсінікті, ақшаға сараң, бетегеден биік, жусаннан аласа.
2. Зат есімдер: Сендер бір- біріңе қонақсыңдар (Ғ.Мұст.). Елім менің жерге бай (Жамбыл). Қашпақ, қумақ- ерге сын, көшпек, қонбақ- жерге сын (Мақал).
3. Заттың күйін білдіретін есімдер: Әуелден сұлу жайы бізге мәлім (Абай). Сақтықта қорлық жоқ (Мақал). Біткен іске сыншы көп (Мақал).
Сан есімдер мен есімдіктер есімді сөз тіркесінің меңгерушісі болып өте аз кездеседі: Басқада құлақ екеу болса, хатшыда төртеу. Есжан, ол жақта егіске дайындық қалай? (Ғ.М.)
Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері бағыныңқы сөздің тұлғасына қарай былай бөлінеді:

  1. барыс жалғаулы сөз тіркестері: Абайға үйдегі кемпір де бұрылып қарады (М.Ә.). Дәулетке батып белшеден, ырысқа қандым, кенелдім (Жамбыл). Толқынға бөгет бола алмай, ит қорлыққа көне алмай (Қ.Ж.).

  2. табыс жалғаулы сөз тіркестері: Игілік тоқымын төсеніп, ерін жастанды да, жата берді (Ғ.М.). Елін ері қорғаса, елі де ерін қорғайды (Жамбыл).

  3. жатыс жалғаулы сөз тіркестері: Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы (Абай). Олар Омбы қаласына іңір қараңғысында келіп кірді (Ғ.М.).

  4. шығыс жалғаулы сөз тіркестері: Болаттан сұңқар ұшырып,

Мұхиттан әрі асамыз.
Қуаттан дария ағызып,
Ерліктен ерлік туғызып
Өрге өрлеп тасамыз (Жамбыл).

  1. көмектес жалғаулы сөз тіркестері: Атты қамшымен айдама, жеммен айда. Сумен ойнама батарсың, отпен ойнама күйерсің (Мақал). Сауысқанның тамағы шоқуменен табылған (Ы.А.).

Шылау сөздер мен көмекші есімдер сөз тіркесінің грамматикалық мағыналарын толықтырып, есім мен етістікті байланыстырушы аралық дәнекер бол ады. Мысалы: Абай мен Оспан өзенге қарай беттеді. Қонақтар таңға жуық оянды. Шыңғыс ішінде бір суық хабар тарады. Абай да қаршыға салған үлкендердің қасына өткен жазда көп еріп еді (М.Ә.).
Әдебиеттер:
1. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. 1971
2. Қазақ грамматикасы. 2002
3. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. 1981
4. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. 1997


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет