6-лекция. Синтаксистік қатынастың түрлері 1. Предикаттық қатынас (бастауыш-баяндауыштық);
2. Анықтауыштық (атрибуттық) қатынас;
3. Толықтауыштық (объектілік) қатынас;
4. Пысықтауыштық (адвербиалдық) қатынас
Синтаксистің зерттейтін объектісі сөздердің тіркесі, сөйлем құрылысы, сөйлемдердің өзара байланысы болса, осының барлығы синтаксистік қатынастың заңдылықтарына негізделеді. Синтаксистік қатынас – сөйлем құраудың ең басты тәсілі, өйткені жеке сөздер сөйлем құрау үшін ең алдымен өзара синтаксистік, грамматикалық қатынасқа түсуі керек.
Синтаксистік қатынас дегеніміз – сөздер байланысының негізінде жасалған сөйлем құрылысындағы ұйымдастырушы тілдік амал-тәсілдер.
Тіліміздегі жеке сөздер болсын, жеке сөйлемдер болсын, әрқайсысы бір-бірімен әр алуан синтаксистік қатынасқа түсіп жұмсалады. Осы арқылы олар бір синтаксистік қатарда бір бүтін единицалық топ құрайды.
Тілдегі синтаксистік қатынастың көрінісі әр алуан болғанымен, негізінен екі түрлі ыңғайда байланысады:
1. синтаксистік единицалардың салаласа (тең дәрежеде) байланысуы;
2. синтаксистік единицалардың сабақтаса (бағына) байланысуы.
Салаластық қатынас түрлері
1. сөйлемнің бірыңғай мүшелерінің арасындағы қатынас;
2. салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы қатынас.
Сабақтастық қатынас түрлері
1. сөз тіркесіндегі басыңқы және бағыныңқы сыңарлардың арасындағы қатынас;
2. сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы қатынас.
Сөз тіркесінің сабақтаса байланысу арқылы жасалған синтаксистік қатынас түрлері:
1. предикаттық қатынас (бастауыш-баяндауыштық);
2. анықтауыштық (атрибуттық) қатынас;
3. толықтауыштық (объектілік) қатынас;
4. пысықтауыштық (адвербиалдық) қатынас;
Предикаттық қатынас – бір-бірімен жақтық байланыста, қиыса байланысқан бастауыш пен баяндауыш арасындағы синтаксистік қатынас.
Предикаттық қатынас сөйлем құрылысының ең басты тәсілі болып табылады. Сөйлемнің ірге тасы бастауыш пен баяндауыштың негізінде жасалатындықтан, предикаттық қатынас сөйлем табиғатында ең басты өлшем болып саналады. Предикаттық қатынастағы бастауыш пен баяндауышты бір бүтіннің екі жағы деп қарастыру керек. Кез келген сөйлем табиғатын айқындауда предикаттық қатынас басшылыққа алынады.
Сонымен, предикаттық қатынасты сөйлем тұрғысынан түсінеміз. Мұның өзі сөйлем табиғатын айқындай білуде, кейбір сөз тіркестері мен оралымдарды ажырата білуде аса қажет.
Атрибуттық (анықтауыштық) қатынас – басыңқы және бағыныңқы сыңарлар арасындағы анықтауыштық ыңғайдағы синтаксистік қатынас.
Сөйлем ішінде мұндай сөз тіркесінің бағыныңқы сыңары анықтауыш қызметін атқарады да, өзі анықтайтын сөзімен қалыптасқан орын тәртібі арқылы немесе ілік септігі арқылы байланысады. Анықтауыштық қатынас негізінен матаса, қабыса байланысқан есімді сөз тіркесіне тән.
Объектілік қатынас – басыңқы және бағыныңқы сыңар арасындағы толықтауыштық ыңғайдағы синтаксистік қатынас түрі. Сөйлемдегі қимыл иесінің іс-әрекеті белгілі бір объектімен байланыста болады. Осыған орай баяндауыш объект мәніндегі сөздерді меңгеріп тұрады: кітапты аштым, дәрігерге көрінді.
Объектілік қатынасқа түскен сөздерді толықтауыш қызметіндегі мүшелер ұйымдастырады. Олар Б.с., Т.с., Ж.с., Ш.с., К.с. жалғауының бірінде жұмсалады. Толықтауыштық қатынас меңгеріле байланысқан есімді және етістікті сөз тіркестеріне тән.
Адвербиалдық қатынас – басыңқы және бағыныңқы сыңарлар арасындағы пысықтауыштық ыңғайдағы қатынас. Мұндай қатынас пысықтауыш мәніндегі сөздер мен баяндауыш қызметіндегі сөздердің арасында болады да, әр түрлі мезгілдік, мекендік, амалдық, себептік, мақсаттық, т.б. қатынастарды білдіреді: ертең келеді, тез жетті, амалсыздан келісті, оқу үшін келді. Пысықтауыштық қатынас меңгеріле және жанаса байланысқан сөз тіркестеріне тән. Бағыныңқы сыңары басыңқы сыңарымен іргелес тұрып та, алшақ тұрып та байланысады.
Сонымен, синтаксистік қатынас дегеніміз – сөздер байланысының негізінде өрбіген жеке сөйлем құрылысындағы ұйымдастырушы тілдік амал-тәсілдер. Синтаксистік қатынастың сипаты сөйлем құрылысымен тығыз байланыста болады.
Әдебиеттер:
1. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. 1971.
2. Қазақ тілінің грамматикасы 2. Синтаксис. 1967.
3. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. 1963.
4. Есенов Қ. Қазақ тіліндегі синтаксистік қатынас түрлері.1985.
5. Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сөз тіркестері. 1981.
6. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. 1997.