Сөз тіркесінің белгілері: 1) сөз тіркесінің құрамында кемінде екі толық мағыналы сөз болады;
2) ол сөздердің бірі екіншісімен сабақтаса, мағыналық және синтаксистік байланыста айтылады, олар салаласа байланыспайды, тек сабақтаса байланысады;
3) тіркескен сөздер анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Мысалы, кең өрісдеген сөз тіркесіндегі кең сөзінің кеңістік сапаны білдіруі – лексикалық, ал сын есім екендігі – грамматикалық мағына болса, өріс сөзінің лексикалық мағынасы – мал жайылымын білдіруі, ал грамматикалық мағынасы – зат есім екендігі. Осы сын есім мен зат есімнің тіркесуі нәтижесінде жаңа грамматикалық мағына пайда болған, ол – анықтауыштық грамматикалық мағына.
Синтаксистік қарым- қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан тобын сөз тіркесі дейміз. Сөз тіркесінің құрамы.Тілімізде тіркес түрлерінен метафоралық тіркес (асау жүрек, есалаң тілек) те, тұрақты тіркестер (үмітін үзу, жүрек жұту) де кездесе береді, бірақ бұлардың тіркесі мызғымайтын берік әрі сөз тіркесінің бір ғана сыңары болады.
Сөз тіркесінің құрамы еркін болады, яғни, жақсы, биік, ақылды сөздерін бірнеше зат есімдермен тіркестіре беруге болады, мысалы: жақсы үй, жақсы кісі, биік тау, биік мақсат, ақылды бала, ақылды адам. Құрамын өзгертіп айтуға болатын тіркестерді еркін тіркес дейміз. Сөз тіркестері сабақтаса байланысқан екі сыңардан құралады: бірі сөз тіркесінің грамматикалық діңгегі – басыңқы сыңары, екіншісі – оның бағыныңқы сыңары. Мысалы: Жаздың көркі енеді жыл құсымен (Абай) дегенде екі сөз тіркесі бар:
1) жаздың (бағыныңқы) көркі (басыңқы);
) жыл құсымен (бағыныңқы) енеді (басыңқы).
Түйдекті тіркестер.Лексикалық- грамматикалық топ болып, сөз тіркесінің бір сыңары қызметінде жұмсалатын тіркесті түйдекті тіркес дейміз, олар:
1. Күрделі етістіктер тобы. Қазақ тілінде басқа түркі тілдеріндегідей етістіктердің бірнешеуі топталып, бір күрделі мүше болатыны белгілі:оқып жатыр, келе беретін болады, көріп отыр. Бұлардың бірі негізгі, басқалары көмекші болады да, тіркестің бір ғана сыңарын құрайды, мысалы: қалада оқып жатыр, үйге келе беретін болады, алыстан көріп отыр.
2. Есім мен көмекші етістіктер тобы. Қонақ болу, мақұл көру, құлақ салу: бізге қонақ болды, сөзімді мақұл көрді, айтқанға құлақ салды. 3. Қосарлы есімдер тобы. Қосарланып айтылатын бірін-бірі, өзімен-өзі, күннен-күнге, қолдан- қолға сияқты тіркестер де, бау-бақша, ыдыс-аяқ, құрт-құмырсқа сияқты қос сөздер де түйдекті тіркес болады. Мысалы: Күннен-күнге жұмыс қарқыны үдей түседі. Құрт-құмырсқаға жем болыпты.
4. Күрделі есімдер тобы. Зат есімдер мен заттанған сөздердің септеулік шылаулармен келген тіркестері де, зат есім мен оның көмекші есімімен тіркескен тобы да түйдекті тіркеске жатады, мысалы: құрт- құмырсқаға дейін тірілді, біраздан кейін ес жинады, арбаның қасында тұрған. 5. Тұрақты тіркестер тобы. Тұрақты тіркестердің құрамындағы жеке сөздер сөз тіркесінің бір сыңары болады. Тұрақты тіркестер екі түрлі болады:
а) идиомалық тіркестер: қабырғаңмен кеңес (ойлан), қой аузынан шөп алмайтын (жуас), қас пен көздің арасында (лезде), беті бері қарады (айыға бастады);
ә) фразалық тіркестер, бұл тіркестерге қатысатын сөздердің бірінің мағынасы оның лексикалық мағынасымен байланысты болады, мысалы: таяқ жеу (соғылу), көзі жету (нану), қолым тимейді (уақытым жоқ).
Әдебиеттер
Т.Сайрамбаев. Қазақ тіл білімінің мәселелері.А., 2010
Балақаев, Т.Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. А., 1971
Қазақ тілінің грамматикасы. II. Синтаксис. А., 1967
А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. А., 1992
Қ.Жұбанов. Қазақ тілі жайындағы зерттеулер. А., 1966