Сөйлемдер айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты және лепті болып бөлінеді.
Бір нәрсенің немесе іс-әрекеттің жайын баяндау мақсатымен айтылған сөйлем хабарлы болады. Хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр түрлі болады. Олардың мазмұны сөйлемге қатысқан сөздердің, сөйлем мүшелерінің, әсіресе баяндауыштардың мағыналық, тұлғалық ерекшеліктерімен байланысты. Баяндауыштың тұлғалық ерекшеліктерімен қарайтын болсақ, хабарлы сөйлем болымды, болымсыз, қалаулы, болжамды болып бөлінеді, ал баяндауыштың қай сөз табынан екендігіне байланысты етістікті және есімді болып бөлінеді.
Хабарлы сөйлемдер белгілі бір ойды хабарлау мақсатында және баяу екпінмен айтылады. Бір сөйлемнен екінші сөйлем пауза арқылы айырылып тұрады. Мысалдар: Жаңбыр жауады (болымды), Жаңбыр жаумайды (болымсыз), Бүгін үйге қайтайықшы (қалаулы), Ертең келетін шығармын (болжамды), Бала жаурап қалды (етістікті), Аспан ашық (есімді).
Басқа біреуден жауап алу мақсатымен айтылған сөйлемдер сұраулы сөйлем деп аталады. Сұраулы сөйлемдер сұраулық интонациямен айтылады да, дауыс сөйлемнің соңына қарай күшейе түсіп тұрады. Мысалы: Сен қазір қайда келдің? Сабаққа бардың ба? Сұраулы сөйлемдер негізінен ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылаулары арқылы жасалады. Мысалы: Бүгін келесің бе? Сабақ оқыдың ба?
1. Кім, не, қашан, қайдан, қандай, кімді сұрау есімдіктерін айту арқылы да сұраулы сөйлем жасалады. Мысалы: мені кім көрді?
2. Шығар, болар, қайтеді деген көмекші етістіктер күрделі баяндауыш құрамына еніп, сұраулық интонациямен айтылады. Мысалы: Сен түскен шығарсың? Мен барсам қайтеді?
3. Баяндауыштың құрамында –ау, ғой шылаулары мен ә одағайы айтылып та сұраулы сөйлем жасалады. Мысалы: Ол сұлу еді, ә? Ол барады ғой, ә?
4. Ше демеулігі арқылы. Ол ше? Барсам ше?
5. Интонация арқылы. Мысалы Ертең болады? Ертең.
Мазмұнына қарай ашық сұрақ, қарсы, күмәнді сұрақ, таңырқаулы сұрақ, риторикалық сұрақ болады.
Бұйрықты сөйлемдер бұйыруды, өтінішті білдіреді. Бұйрықты сөйлемдер интонация және баяндауыштың грамматикалық тұлғасымен ажыратылады. Дауыс қарқыны бұл сөйлемде негізінен баяндауышқа түсуі себепті бұйрықты сөйлем болады, өйткені белгілі бір іс-әрекетті істеуді бұйырып, ерекше интонациямен айтылады. Мысалы: Әй, Бақтығұл, жөніңе келсеңші! (М.Әуезов). Сен жөніңді айтшы! т.б.
Лепті сөйлем сөйлеушінің әр түрлі эмоциясын (көңіл-күйін, қорқынышын, қуанышын, аянышын, ызасын, т.б.) білдіру қызметін атқарады. Эмоцияны білдіру коммуникативтік қызметтің басты элементі болып табылады. Мысалы: Жаздың ыстығы-ай! Қап, мына қыздың қорлығы-ай! Адам болып сөйлеуін! – деген сөйлемдер атаулы сөйлемдердің құрамының эмоцияны білдіруге жақсы бейімділік табиғатынан лепті сөйлем болып тұрса, ал мына сөйлемдер баяндауышының құрамы жағынан сұраулы сөйлем тәріздес, сөйткенмен осы сөйлем арқылы сөйлеушінің таңырқауы, таңдануы, реніші сезіледі. Мысалы, Қасқырдан бөлтірік тумасын ба? Сенің түбіңе жетпесем бе! Даусы мұнша зор болар ма!
Әдебиеттер:
1. Балақаев М. Қордабаев. Қазір гі қазақ тілі.Синтаксис.А.,1971.
2. Қазақ тілінің грамматикасы. ІІ. 1967.
3. Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері. А.,1991
4. Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. 1993.
5. Есенов Қ. Қазақ тіліндегі күрделенген сөйлемдер.1974.
6. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы. 1992.
14-лекция. Жай сөйлемнің құрамына қарай түрлері
1.Жалаң және жайылма сөйлем.
2. Жақты және жақсыз сөйлем, жасалу жолдары.
15-лекция. Жай сөйлемнің құрамына қарай түрлері
1.Толымды және толымсыз сөйлем.
2. Атаулы сөйлем.
Сатылай комплексті синтаксистік талдау үлгісі
Сөз тіркестерін талдау
Қатты жел сары ала жапырақтарды шашудай шашып жатыр.
1. Жел шашып жатыр – ІІІ жақ, жекеше түрде қиыса байланысқан предикаттық қатынастағы етістікті тіркес
2. жапырақтарды шашып жатыр – -ды табыс септігі арқылы меңгере байланысқан тура объектілік қатынастағы етістікті сөз тіркесі
3.шашудай шашып жатыр – орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан пысықтауыштық қатынастағы етістікті сөз тіркесі
4.қатты жел – орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан анықтауыштық қатынастағы есімді сөз тіркесі
5.сары ала жапырақтарды – орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан анықтауыштық қатынастағы есімді сөз тіркесі.
Әдебиеттер:
1. Ахметов Ә., Жүнісбекова Қ., Оразбаева Ф. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар (морфология), А., 1998.
2. Достанов М. Қазақ тілі сөздерінің фонетика-лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау әдістері. А., 1991.
3. Жүнісбекова К., Оразбаева Ф., Ахметов Ә. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар (синтаксис), А., 1998.
4. Оразбаева Ф., Ахметов Ә., Жүнісбекова Қ. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар. А., 2000.
5. Оразақынова Н. Сатылай комплексті талдау. Оқу құралы. А.,1997.
6. Шалабаев Б., Қасабек Қ. Кестелі грамматика. А., 1996.
Сатылай комплексті синтаксистік талдау үлгісі
Жай сөйлемге талдау жасау
Ертеңіне түске жақын Абайды ұзақ жолға аттандырғалы жақындары тысқа шықты (М.Ә.).
І. Сөйлем түріне талдау:
1. айтылу сазы мен мазмұнына қарай – хабарлы;
2. құрылысына қарай – жай сөйлем;
а) жайылма сөйлем;
ә) толымды сөйлем;
б) жақты сөйлем.
ІІ. Сөйлем мүшесіне талдау:
Тұрлаулы мүшелер:
шықты (не істеді?) – баяндауыш, құрамына қарай-дара, сөз табы-етістік;
жақындары (кім?) – бастауыш, дара, субстантивтенген сын есім;
Тұрлаусыз мүшелер:
тысқа (қайда?) – мекен пысықтауыш, құрамына қарай-дара;
Абайды ұзақ жолға аттандырғалы (не үшін?) – мақсат пысықтауыш, құрамына қарай үйірлі;
түске жақын (қашан?) – мезгіл пысықтауыш, күрделі, зат есім мен шылау;
ертеңіне (қашан?) – мезгіл пысықтауыш, дара, сөз табы-үстеу.
ІІІ. Сөз тіркесіне талдау:
1. жақындары шықты – ІІІ жақ көпше түрде қиыса байланысқан предикаттық қатынастағы етістікті тіркес;
2. тысқа шықты – -қа барыс септігі жалғауы арқылы меңгере байланысқан пысықтауыштық қатынастағы етістікті тіркес;
3. аттандырғалы шықты – алшақ орын тәртібі арқылы жанаса байланысқан пысықтауыштық қатынастағы етістікті тіркес;
4.жолға аттандырғалы – -ға барыс септігі арқылы меңгере байланысқан пысықтауыштық қатынастағы етістікті тіркес;
5. ұзақ жолға – орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан анықтауыштық қатынастағы есімді тіркес;
6. Абайды аттандырғалы – -ды табыс септігі жалғауы арқылы меңгере байланысқан толықтауыштық қатынастағы етістікті тіркес;
7. түске жақын шықты – -ке барыс септігі жалғауы мен септеулік шылау арқылы меңгере байланысқан толықтауыштық қатынастағы етістікті тіркес;
8. ертеңіне шықты – алшақ орын тәртібі арқылы жанаса байланысқан пысықтауыштық қатынастағы етістікті тіркес.
Әдебиеттер:
1. Ахметов Ә., Жүнісбекова Қ., Оразбаева Ф. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар (морфология), А., 1998.
2. Достанов М. Қазақ тілі сөздерінің фонетика-лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін қатар талдау әдістері. А., 1991.
3. Жүнісбекова К., Оразбаева Ф., Ахметов Ә. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар (синтаксис), А., 1998.
4. Оразбаева Ф., Ахметов Ә., Жүнісбекова Қ. Қазіргі қазақ тіліне арналған жаттығулар. А., 2000.
5. Оразақынова Н. Сатылай комплексті талдау. Оқу құралы. А.,1997.
6. Шалабаев Б., Қасабек Қ. Кестелі грамматика. А., 1996.
Достарыңызбен бөлісу: |