10-лекция. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері
1. Пысықтауыш, оның мағыналық түрлері
2. Пысықтауыштың жасалу жолдары мен тәсілдері, құрамы
Пысықтауыш етістіктен болған мүшені анықтап, қимылдық сапаның сапасын, белгісін білдіреді. Олар етістік баяндауыштарға қатысты болып, мезгілдік, мекендік, амалдық, себеп-салдарлық, т.б. мағынада жұмсалады.
Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – үстеулер, зат есім, сын есім, сан есімдер, есімше, көсемше, шартты рай етістік, еліктеуіш сөздер мен көмекші сөзді тіркестер.
Білдіретін мағынасына қарай пысықтауыштар бірнеше топтарға бөлінеді: мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, мақсат пысықтауыш, себеп пысықтауыш, амал пысықтауыш.
Мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – мезгіл үстеулер, зат есім, сын есім және кейбір сөз тіркестері: таңертең, бүгін, кеше, жазда, түнімен, жасымда, таң қараңғысында, тал түсте, бір күні, түні бойы, таң біліне, т.б.
Сұрақтары – қашан? қашаннан бері? қашанға дейін?
Мекен пысықтауыш – мекен үстеулер, Б., Ж., Ш. септіктегі зат есімдер, демеулі сөз тіркестері, есімдіктер, көмекші есімді,т.б.
Сұрақтары – қайда? қайдан? қай жерде? қай жақта? Мысалы: батысқа, үйге қарай, өзенге таман, осында, мектептің алдында, т.б.
Мақсат пысықтауыш - үстеулер, зат есім, етістік, есімдік, т.б.
Сұрақтары – Кім үшін? Не үшін? Неге? Қандай мақсатпен?
Мысалы: әдейі, жорта, бекер, қасақана, ойнауға, білім алуға, ермек үшін, көмектесейін деп, соған бола, т.б.
Себеп пысықтауыш болатын өткен шақ есімше, зат есімдер, шылау сөздер. Сұрақтары–Неліктен? Не себептен? М.:шаршағандықтан, қуанғаннан, кешіккен соң, сол себептен, сағынғаннан, т.б.
Амал пысықтауыш қызметінде үстеулер, еліктеуіш сөз, көсемше, сын есім, сан есім, т.б. жұмсалады.
Сұрақтары – қалай? қайтіп? қалайша? қанша? неше рет? М.: тез, жылдам, ақырын, шұғыл, қаттырақ, жалт қарады, жалма-жан, қалт-құлт жүріп келеді, жақсы оқиды, балықша жүзу, екі рет келді.
Пысықтауыштар жасалу жолдары мен тәсілдеріне қарай өздері пысықтайтын мүшемен жанасу және меңгеру арқылы байланысады.
Құрамына қарай пысықтауыштар дара, күрделі және үйірлі болып келеді. Дара пысықтауыш қызметінде негізінен үстеулер жұмсалады, себебі үстеулер өз мәніне, мағынасына қарай сөйлем құрамында басқа сөздердің көмегінсіз-ақ дара тұрып пысықтауыш бола алады.
Ал кейбір сөздер пысықтауыш қызметінде грамматикалық қосымшаларды қабылдап, басқа сөздермен тіркесіп қана жұмсалады.
Мұндай күрделі пысықтауыштардың жасалу жолдары мынадай:
1) Негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші есім, демеулердің) тіркесі: түн ішінде, өзеннің жағасында, талдың түбінде, бір кезде, шай үстінде, бұдан кейін, сабақтан кейін, т.б.
2) Сын есім мен мезгіл мәнді сөздердің тіркесі: соңғы екі жылда, кейінгі кезде.
3) Сілтеу есімдіктері мен зат есімнің тіркесі: осы айда, сол күні, анау әзірде.
4) Изафеттік тіркестегі мезгіл мәнді не мекен мәнді сөздер: Нағашымның ауылына келдім. Өткен жылдың күзінде оқуға түстім.
5) Сөйлем құрамында көсемшелік, есімшелік тұлғалар, қимыл есімдері де басқа сөздермен тіркесіп күрделі пысықтауыш бола алады.
Мысалы. Қараңғы болғандықтан ештеңе көре алмады. Білім алуға келдік. Туыстары мәз бола қуанып қарсы алды.
Күрделі пысықтауыштар өз арасында жіктелмейтін лексика-грамматикалық тұтас топ есебінде бір күрделі мүше қызметін атқарады. Олардың құрамынан сөйлемге тән элементтердің бәрі табылмайды.
Ал үйірлі пысықтауыш құрамында өз алдына дербес қарастырғанда, сөйлемге тән предикативтік қатынастың ізін айыруға болады.
Мысалы. Күн шыға, таң біліне, ел жата, жаз шыққанша, қас қарайғанда. Мәз болады болысың арқаға ұлық қаққанға.
Шешесі жоқта өзі бар жұмысты тындырды. Жолдасы телефон соққан кезде қатты қуанды.
Әдебиеттер:
1. Балақаев М. Қордабаев. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис.А.,1971.
2. Қазақ грамматикасы. А.,2002.
3. Байтұрсынов А. Тіл тағлымы, 1992.
4. Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. 1993.
Достарыңызбен бөлісу: |