Берілген сөйлемдердегі «екі суыт жүргінші» адам мағынасында, «сұғанақ тұмсық» ит мағынасында жұмсалған метонимия тіл сырын түсіне білген қас шебердің ғана қолынан келер іс.
Бұл салған ойран-бүліктердің тұсында тек басын баққандар ғана қол аяғы сау қалады[5, 8 б.].
Бұл сөйлемдегі «басын баққандар» халықтық қолданыстағы «басын бақты» - өзін-өзі қорғады мағынасында берілген[6,102б.].
Синекдоха. «Сөздерді ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсілі –синекдоха. Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метонимияға бір табан жақын тұрады».Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні, немесе бөлшектің орнына бүтінді, жалқының орнына жалпыны, кішінің орнына үлкенді қолдану арқылы тұлғаның ауыспалы мағынада жұмсалуы синекдоха деп аталады.
«Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болар» деген мақалдағы ауыз сөзі «адам» деген мағынаны білдіріп, бүтіннің орнына бөлшек ретінде қолданылып тұр. Ал, «Жыласуға көз жақсы, сыйласуға жат жақсы» деген мағынадағы көз сөзі жалпыланып, «туған, туысқан, жақын» деген мағынада жұмсалған. Үкі-жапалақ тектес, түнде ұшып, күндіз көрмейтін құс. Оны құс мағынасында бір бүтін деп ұқсақ, мамық үлпілдек қауырсынын бөлшек ретінде түсінеміз. Бірақ, «үкілі тақия», «үкілі домбыра» сияқты тіркестерде, жоғарыдағы мысалдарға керісінше, бөлшектің орнына бүтін пайдаланылған.
Бас, жақ, таңдай, сақал, көмей, ми, қол, құлақ, мұрт, қабақ, аяқ, бет,түс, жүз, ьілек, қарын, ішек тағы басқалар – адамның анаттомиялық дене мүшелерінің аттары. Ауызекі сөйлеу тілінде де, әдеби тілде де бұлар бүтіннің бөлшегі ретінде «адам», «кісі» ұғымында жиі жұмсалады.