Атомистер (б.д.д. V ғ.) материалистік сипаттағы мектеп өкілдері Демокрит, Левкипп: әлемнің бөлінбейтін ұсақ кірпіштерден - «атомдардан» («атомос»-«бөлінбейтін»: «том» - «бөліну», «а»-«қарсы») құралатындығын айтты. Демокрит философиядағы материалистік бағыттың негізін қалаушы болды. Демокрит ілімінің басты қағидалары: 1) дүние материалды; 2) материалды дүние атомдардан құралады; 3) атом-ең ұсақ бөлшек, дүниенің «алғашқы кірпіші»; 4) атом бөлінбейді; 5) атомдар түрлі көлемге (өте ұсақ немесе өте ірі, т.б) және түрлі формаға ие (дөңгелек, сопақша, қисық формада, т.б); 6) атомдар арасында бос кеңістік бар; 7) атомдар үздіксіз айналыс үстінде: заттар, тірі организмдер тіршілік етеді, ыдырайды, олардың атомдарынан келесі материалды дүние заттары мен жаңа тірі организмдер пайда болады, содан-соң қайтадан ыдырайды; осылай мәңгі айналыс жалғаса бермек; 8) атомдар үздіксіз, мәңгі қозғалыс үстінде; 9) атомдарды сезімдік таным арқылы көру мүмкін емес. 3.2 Софистік мектеп «Софистика» және «софист» терминдері ежелгі гректің «даналық» сөзінен бастау алады. «Софист» сөзі дәлме-дәл аударғанда «дана, шебер, білгір» мағынасын береді. Софистер - б.д.д. V-ғ басы мен IV-ғасырдың бірінші жартысы аралығында өмір сүрген, төлемақы үшін дәріс беретін «даналық ұстаздарының» шартты атауы. Софистік мектеп өкілдері теоретик-философтар, скептиктер, субъективистер, рационалистер, сенсуалистер және анархистер ретінде ғана емес, полис азаматтарын арнайы төлемақы үшін шешендік өнерге, дау-таласта қарсыласты жеңе білуге және өз пікірін дәлелдеп шығуға баулитын ұстаздар болды. Олар шындық, ақиқат шешімге ұмтылуды емес, жеңіске жетуді ғана мақсат тұтты, пікірсайыстарда «кімге болмасын, ненің болмасын дұрыстығын» дәлелдеу тәсілі ретінде арнайы оқытылды. Сондықтан «софист» сөзі жағымсыз мағынаға ие болды. Соған қарамастан софистер риторика (шешендік өнер) мен тіл ғылымдары (лингвистика) дамуында маңызды рөл атқарды: олар ашқан софизмдер (парадокстер) логиканың қалыптасуына түрткі болды. Софистерді мынадай топтарға жіктеу қабылданған: 1) Аға софистер (б.д.д.ғ.) - Протагор, Оргий, Антифонт, Критий, Гиппий, Продик. 2) Кіші софистер - Ликофрон, Алкидамт, Трассимах. Софистерге тән сипат: 1) қоршаған дүниеге сыни қатынас; 2) барлық нәрсені, процесті іс жүзінде тексеруге ұмтылыс, қандай да болмасын ойдың дұрыс не бұрыстығын логикалық тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылыс; 3) ескірген дәстүрлі мәдениет негіздерін қабылдамау (нигилизм); 4) сүйенетін негізі жеткіліксіз көне дәстүрлерді, дағдыларды, ережелерді терістеу; 5) мемлекет пен құқықтың шарттылығын, олардың жетілмегендігін дәлелдеуге ұмтылыс; 6) моральдік нормаларды абсолютті деп емес, сынау, жетілдіру объектісі ретінде қабылдау; 7) пікірлер мен баға берудегі субъективизм; 8) объективті болмысты терістеу және барлық нәрсенің тек адам ойында тіршілік ететінін дәлелдеуге талпыныс. Платон философиясы. Философиялық көзқарастары. Платон объективті идеализмнің негізін қалаушы: Платон философиясының орталығында идеялар туралы ілім тұр. Идеялар туралы ілімі. Элеаттықтар сияқты, Платон да ақиқат дүниені - «идеялар патшалығын» - реалды емес, сезімдік, тәндік дүниеден ажыратады. Бірақ Парменидтің тұтас және бөлшектенбеген болмысынан айырмашылығы, Платонның идеалды патшалығы - идеялардан құралған рухани жиынтық. «Идея» сөзі Платон заманында «сыртқы түр, көрініс, тек, сапа, образ» дегенді білдіреді. Ал Платон идеялары - адам бойынан тысқа шығарылып, идеялар патшалығында дербес тіршілік етуге кіріскен объективтендірілген ұғымдар. Әрбір идея мәңгі және өзгеріссіз. Идеялар саны көп, бірақ шексіз емес. Нақты объектілердің (ит, құс, мысық, адам, т.б.) идеялары, қасиеттер мен қатынастар идеялары (сұлулық идеясы, ақ-қара, қызыл т.б. түстер идеясы), математикалық объектілер идеясы (бір, төрт, он, т.б. санының идеялары,т.б), адамгершіліктік құбылыстар идеялары (қаһармандық идеясы), төрт түрлі стихия идеясы, т.б. Бірақ идеялар патшалығы - тек қана игі мәндер дүниесі. Сондықтан мұнда қылмыс идеясы немесе кір ластық - идеясы деген жоқ. Идеялар патшалығының өз иерархиясы мен пирамидалық құрылымы бар: идеялар арасында бағыныштылық және қосарлы бағыныштылық қатынастары қалыптасқан. Пирамиданың ең төмеңгі жағында нақты объектілер идеялары (аттар, өгіздер, т.б) орналасқан. Ауқымдырақ идеялар («ірі қара», «жануарлар») одан жоғары тұр. Пирамиданың жоғарғы бұрышында абстрактылы (дерексіз) ұғымдар орналасқан (сұлулық идеясы, қаһармандық идеясы). Бірақ Платон еңбегінде дерексіз ұғымдардың өзара қандай қатынаста екені, қайсысы жоғары, қайсысы төмен екені айтылмаған. Пирамиданың ұшар басында Платон бір жұмыстарында «Игілік», енді бірінде «Біртұтас» деп атаған бір ғана идея орналасқан. Платон, «материя» («хора») ұғымын енгізуге мәжбүр болды. Материя - тәндік ұғым, ол формасыз және танылмайды, ол мәңгі әрі өлі. Қатаң емес дуализм элементтері бар Платон идеализмі осылай туындады. Сезімдік дүниенің идеялары және заттары арасында өзара байланыс бар: идеялар заттардың алғашқы бейнелері болып табылады, ал заттар идеяларға қатысты. Идеялар өзіне ғана тән құпия жолдармен заттарға еніп жатады және заттар дамуын анықтауы мақсат болып табылады. Осылайша Платон іліміне теологизм тән.