Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
Милет мектебінің өкілдері: 1) Материалистік позицияны ұстанды. 2) Философиямен ғана емес, басқа да нақты жаратылыстық ғылымдармен айналысты. 3) Табиғат заңдарын түсіндіруге тырысты (сол үшін оларға «физиктер» - «табиғатты зерттеушілер» деген екінші ат тағылды). 4) Субстанцияны - дүние жаратылған бастапқы негізді іздеді. Сократка дейінгі философияның бастауында б.з.б. 6-5 ғасырларда қалыптасқан ионийстік немесе Милет деп аталатын мектеп жатыр. Оның алғашқы негізін қалаушы Фалес болса, кейінгі өкілдері: Анаксимандр,Анаксимен,Анаксагор, Ферекид, Диоген Аполлондық т.б. Жеті данышпанның бірі саналған Фалес (б.з.б. 625-б.з.б 545 жж.) Мысырда білім алған. Б.з.б. 585 жылғы күн тұтылуын болжаған, дүниенің бастамасы – су деп ұққан: «Бастама туралы», «Күн туралы», «Күн мен түннің теңесуі туралы», «Теңіз астрологиясы» деген еңбектер жазғанмен, олардың ешқайсысы біздің заманымызға дейін сақталмаған. Фалес барлық денелердің суда қалқып жүретіндігін атап өте отырып,ол судың ақыл-ой және құдайлық су екендігін, құдай ғарыштың ақылы деген тұжырымды негіздеп, бәрі де судан пайда болғандығын және пайда бола беретіндігін тұжырымдайды. Сперма - сұйық, күн бу арқылы тіршілігін жалғастырады деген дәйектемелерді алға тартады. Фалестің шәкірті деп есептелген Анаксимандрдың (шамамен б.з.б. 610-545 жж.) негізгі еңбектері: «Табиғат жөнінде», «Жер картасы» т.б. Ол бүкіл дүниенің негізінде «апейрон» атты шексіз, шетсіз, құдайлық әлдене жатыр деп тұжырымдайды. Олай болса, апейрон бастама да, түпнегіз де болып шығады. Ол еш уақытта өлмейді және жойылмайды, мәңгі белсенділікте және қозғалыста болады, осы қасиетінің арқасында өзінен қарама-қарсы құбылыстар-ылғал мен құрғақтық, салқындық пен жылылық шығарады. Олар жұптасады: Жер (құрғақтық пен салқындық), Су (ылғалдық пен салқындық), Ауа (ылғалдық пен жылылық), От (құрғақтық пен жылылық). Осы төртеуінің ортасында Жер орналасады да, қалғандары оны Сумен, Ауамен, Жарықпен (От) қоршайды. Аспан Отының әсерімен судың біраз бөлігі буланады да, мұхиттардан Жер көріне бастайды, сөйтіп, құрлықтар пайда болады дей келе, космологиялық ілімдерін әрі қарай мифологиялық мазмұнмен толықтырады. Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.з.б. 6 ғасырдың ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі - «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізгі деп Ауаны ұсынады. Ауа – түссіз, мөлдір, көрінбейтін, сапасыз, денелік сапасы жоқ нәрсе болғанмен, ол мына үрдістер арқылы сапалыға айналады: ауа үнемі қозғалыста болады да, бірде қоюланып, бірде сұйылуы арқылы алуан түрлі заттар мен құбылыстар қалыптасады. Ауа сұйылғанда алдымен Отқа, содан кейін эфирге айналса, қоюланғанда-желге, бұлтқа, Суға, Жерге және тасқа айналады. Ауаның сұйылуы жылылыққа байланысты да, қоюлануы салқынға байланысты. Анаксименнің ілімінше, Жер және басқа аспан денелері Ауада қалқып жүреді. Жер қозғалмайды, ал басқа денелер Ауаның әсерінен ылғи да қозғалыста болады. Күн де – Жер, бірақ өзінің жылдам қозғалуының себебінен ыстық шоққа айналған. Анаксагор (б.з.б.500 – б.з.б.428 жж.) – философ, математик, астроном, Анаксименнің шәкірті. «Табиғат туралы» деген еңбегі белгілі. Астрономия саласында: Күннің от тектес екендігін,Күн тұтылуда оны Айдың бүркемелейтіндігін, Фракияға метеориттің құлайтындығын болжаса, онтологиялық, әлемнің жаратылуы мәселелерінде: «заттардың тұқымы» немесе кейіннен «гомеомериялар» деп аталған сансыз көп, шексіз, өзгермейтін шағын элементтердің бастапқыда жүйесіз болып, хаосты тудырғандығын атап өтеді. Континнумдық мәселеде: бостықты жоққа шығара отырып, үлкен мен кішінің салыстырмалылығын ұсынды, заттардың шексіз бөлінетіндігін негіздеді, «бәрі де бәрінде қағидасын ұсына отырып, ешқандай зат пайда болмайды және жойылмайды деп байыптайды, тек олардың тасымалдануы арқылы ғана заттар пайда болады деп түсіндіреді. «Нус» деп атаған әлемдік ақыл: жұқалтаң, жеңіл нәрсе, ол бәрі туралы толық білімді қамтиды және ұлы күшті иемденеді, заттарды қозғалысқа келтіріп, оларды жүйелейді, біртекті еместерді бір-бірінен ажыратады, біртектестерді біріктіреді деп тұжырымдайды. Анаксагор Афина демократиясы жақтастарының бірі болды. Ол саяси күштердің ықпалымен өлім жазасына кесіліп, үкімет оның шығармаларын оқуға, таратуға тиым салды. Диоген аполлондық – (шамамен б.з.б.499 - б.з.б.428 жж.) ауаны алғашқы зат ретінде мойындап, оған ақыл мен ойлауды негізгі қасиеті ретінде таңады. Барлық заттар ауаның әртүрлі құбылуынан туған өнімдер деп түсіндіреді. Сократқа дейінгі философия кезеңіндегі тағы бір іргелі мектептердің бірі – Пифагор мектебі. Аты көрсетіп тұрғандай бұл мектептің негізін қалаушы Пифагор б.з.б 570 – б.з.б.500 жылдары өмір сүрген философ, математик, саяси қызметкер, Анаксимандрдың шәкірті. Оның дүниеге келуі мен өмірі діни-мистикалық сипатта құрылуына байланысты, кейбір идеялары да осындай сенімдер аймағында дәйектелді, ал мектебі эзотериялық бағытта дамыды. Египетте 22 жыл болып, ондағы құпия оқуларды көпшілікке жариялауға ұмтылады, 2000-ға жуық өзінің ізбасарларын дайындап, оларды арнайы мектеп ретінде жинақтады. Бұл мектеп ғылыми-философиялық және діни-магиялық сипатта болды. Пифагордың: «Табиғат туралы», «Тәрбие туралы», «Мемлекет туралы», «Әлем туралы», «Жан туралы» т.б. еңбектері белгілі. Әлемді алғаш рет «космос» деп атаған және «философ» деген түсінікті алғаш енгізген де осы Пифагор болып саналады. Оның негізгі философиялық түсініктерінің түпкі орталық ұғымы – «дүниенің мәні сандық қатынастарда» деген тұжырымға тіреліп, философияны геометрияландыру мен математикаландыруды қолдады және осы ғылымдар аясында бірнеше жаңалықтар ашты. Ал құдай сандардың саны деп түсіндірді. Математика қағидалары – сандар - әлемнің қағидасы, ал сандық қатынастар – прапорция - әлемнің үйлесімділігінің бейнесі деген тізбек арқылы өз идеяларын дәйектеді.