Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
Пифагор және оның жолын қуушылардың пікірінше: 1) дүниенің мәні сандар арқылы берілген (бүкіл дүниені, ондағы құбылыстардың құпиясын сандар арқылы өлшеп, тануға болады деп есептеді); 2) дүниені тану, түсіну үшін сандарды тануға шақырды (сан арқылы тану сезімдік және идеалистік сана аралығынан өтетін таным жолы деп санады); 3) «бір» санын дүниенің ең ұсақ бөлшегі деп түсінді; 4) дүниенің диалектикалық бірлігін бейнелейтін «протокатегорияларды» табуға, көрсетуге тырысты «жұп-тақ, жарық-қараңғы, түзу-қисық, оң-сол, ер-әйел, т.б.). Б.з.б.580 – б.з.б.430 жылдары Көне Грекияда болмыс мәселесімен айналысқан Элей мектебі қалыптасты. Өкілдері: Парменид, Зенон, Ксенофан, Мелисс т.б. Ксенофан (шамамен б.з.б.570 – б.з.б. 478жж.) Элей мектебінің негізін қалаушы, Парменидтің ұстазы, полемикашы, сатирашы. Негізгі шығармасы «Сатиралар» туындысында барлық философтар мен ақындарға қарсы пікірін ұсынды. Бір құдайдың универсуммен бірлігін қолдады. Танымның шектеулілігі мен мүмкіндіктері мәселесін ұсынды, жоғары және абсолютті дәйекті білімді тек құдай иемденеді деп түсіндірді, ал адам танымы тек субъективті пікірлерді ғана ұғына алады. Оның утилитаризмі тек әлеуметтік-этикалық қана емес, космологиялық сипат алды, мәселен, «Күн пайдалы, ал ай керек емес» деген сияқты пікірлер. Құдайдың антропоморфтық идеясын сынай отыра, егер жылқы, өгіздер сурет сала алатын болса, онда олар да өздеріне ұқсас құдайларын бейнелеп алар еді деп келекеледі. Элеаттықтар бірінші болып дүниені рационалды түрде, барынша жалпы «болмыс», «бейболмыс» «қозғалыс» - философиялық ұғымдарын қолдана отырып түсіндіруге тырысты. Бұған дейінгі барлық философтар дүниеге деген өз көзқарастарын ғана баян еткен болса, элеаттықтар (әсіресе Парменид пен Зенон) алғаш болып дүниені рационалды тұрғыдан негіздеп, өз тұжырымдарын дәлелдеуге бет бұрды. Сезімдік тәндік дүниенің «елес» екендігі, ақиқат еместігі туралы түсінік пен баға бірінші болып элеаттықтарда туды. «Елес» дүниесіне - ақылмен ғана танылатын «ақиқат» дүниесі қарсы қойылды. Парменид (б.з.б. 6 ғасырдың екінші жартысы – б.з.б. 5 ғасырдың басы) ғарышты екі стихияның бірлігі ретінде қарастырды: жеңіл, жұқа, жарық эфирлік От (Жарық) және ауыр, тығыз, енжар, қараңғы Түн. «Пікір жолы» мен «Ақиқат жолы» түсініктерін қарсы қойып, оларды түсіндіруге ұмтылды. Философияға «Болмыс» ұғымын алғаш енгізе отырып, оның қасиеттерін былайша сипаттайды: шар формалы, тұйықталған, аяқталған, қозғалыссыз т.б. Парменид онтологиясының бір ерекшелігі оны Бейболмыспен салыстырып көрсетуінде. Бейболмыс Ештеңе ойламауға тең келеді, Ештеңе туралы айту, яғни, ешнәрсе туралы айтпау. Сондықтан Ештеңе ойланылмайды, айтылмайды, ал Болмыс жаратылмаған және жойылмайтынның өзі деп пайымдайды. «Бірінші бастау (оңды) болмыс ретінде ойланылды, екіншісі, (теріс) бейболмыс ретінде… Бәрі де түсінікті, бейболмыс эллиминацияланған жерде, әлемде бейболмыстың формасы ретінде өлімге орын жоқ. Өлік батырылатын түн тұңғиығы (салқындық), бейболмыс емес, ештеңе, бірақ, белгілі бір деңгейде, өлік сезінуін жалғастыра түседі, болды және өмір сүре бастады» деп тұжырымдайды да, өзінің «болмыс бар, болмыс емес жоқ» деген қағидасын дәйектейді. Бірақ бұл тезисін ол мынандай логикамен өрбітеді: 1) болмыс қана бар, Бейболмыс жоқ; 2) болмыс қана емес, Бейболмыс та бар; 3) болмыс пен Бейболмыс теңбе-тең. Элеаттықтар: 1) таным мәселесін зерттеді; 2) сезімдік таным (пікір «докса») мен жоғары рухани идеалистік танымды қатаң жіктеді, ажыратты; 3) монизмді жақтады - көптүрлі құбылыстардың бір ғана бастапқы негізден тарайтынын тұжырымдайды; 4) дүниетанымдары идеалистік сипатта болды: дүние, тіршілік - идеяның материалды бейнесі деп санады; 5) «апорияларды» - парадокстарды негіздеді. Элей мектебінің келесі беделді өкілдерінің бірі – Зенон (б.з.б.490 - б.з.б.430жж.) болмыс мәселесімен айналыса отырып, философия тарихында және дискурстық кеңістікте көпшілікке өзінің «апорияларымен» (қайшылықты, күрделі ой-пікірлер) таныс. Қайшылықты мәселелерді ұсынған, кеңістік пен уақыттың салыстырмалылығын, ондағы қозғалыстың шарттылығын байыптаған ойшыл болмыстың модустары ретінде қарастырылған континуумның субъективті және объективті, абсолютті және салыстырмалы қырларын ашуға ұмтылды. Мәселен, ғылыми көпшілікке танымал болып келетін оның «Ахилесс пен тасбақа», «Жебе», «Қақ Жару» апорияларының мазмұнындағы оқиғаларда: кеңістік, уақыт, қозғалыс тұтасып барып теориялық түрде шындықтан алшақтағандай болады. Мәселен, «Ахиллес пен тасбақа» деп аталатын апориясының мазмұны былайша құрылады: Грек аңыздарынан алынған образдық кейіпкер, өте жүйрік, желаяқ Ахилесс шабан тасбақаны қуып жете алмайтындығының дәйектемесінде, бастапқы қуу үрдісінде Ахилесс тасбақадан кейінірек орналастырылады, бірақ ол тасбақадан он есе тез жүгіре алады. Демек, Ахилесс тасбақаның бастапқы тұрған орнына жеткен уақытта, тасбақа Ахилестің жүріп өткен жолының оннан бірін алға қарай жүріп өтіп, жылжиды, ал Ахилесс осы нүктеге келген мезетте, тасбақа тағы да осы аралықтың жүзден біріндей жол жүріп тастайды, тағы да Ахилесс осы нуктеге жеткен мезетте, тасбақа осы аралықтың мыңнан біріндей жол жүреді, сандардың шексіздігіне орай осы үрдіс мәңгі қайталанып жалғаса береді де, Ахилесс тасбақаны ешқашан қуып жете алмайтындығы дәйектеледі. «Жебе» деп аталған апорияның негізгі қағидасы «Ұшып бара жатқан жебенің қозғалмай, тыныштықта тұрғандығын» дәйектеу: ұшып бара жатырған жебенің жүріп өткен жолына үңіліп, оның белгілі сәтін бөліп алып, өте шағын, білінбес уақыт мөлшеріндегі күйін ажыратып алсақ, ол тыныштықта тұрады, олай болса, оның бүкіл жүріп өткен жолы осындай қозғалыссыз сәттердің жиынтығынан құралады. Демек, ұшып бара жатқан жебенің жолы осындай тыныштық сәттерден басқа ештеңе де емес болғандықтан, ол қозғалыссыз тыныштықта тұр. Болмыстың жалқылығын және біртұтастығын Зенон «эпихейрема» тәсілі арқылы дәйектеді. Бұл – тікелей дәлелдеу тәсілінің орнына, кері шегініп дәлелдеудің негізінде қарсыластарының пікірін абсурдтық жағдайға әкелу арқылы ұсынылады, «Болмыс шексіз көп болады». Ал екінші эпихейремада: «Егер болмыс шексіз көп болса, онда ол үлкенді-кішілі болып бөлінулері керек. Үлкен болғанда, соншалықты шексіз үлкен, ал кіші болғанда,соншалықты мөлшерсіз кіші болуы мүмкін. Ал егер шексіз көп заттар бөлінбейтін болса, онда олардың мөлшерлері жоқ болғандығы. Себебі ол заттар шексіз кіші. Ал егер олар бөлінбейтін болса, онда олар таусылмайтын бөліктерден тұрады да, шексіз үлкен болады. Дүниеде бар нәрсенің мөлшері болады, ал мөлшерлі нәрсенің денесі болады. Егер бөлшектері жоқ нәрселер өте мәнсіз құбылыс болса, онда сол бөлшектенбейтін және өте мәнсіз құбылыс – Парменид айтқан біртұтас, жалқы болмыс» екендігі атап көрсетіледі. Сократқа дейінгі философияны және аяғы классикалық философия кезеңін шарпитын көне Грекиядағы тағы бір беделді мектептердің бірі - атомдық мектеп деп есептеледі. Оның негізін алғаш қалаушы – Левкипптің (б.з.б. 5 ғасырлар) өмірі жөнінде, шындығында, ешқандай мәлімет жоқ. «Үлкен Диакосмос», «Ақыл туралы» еңбектерді соған телиді. Дүниенің материялық заттарының атомдардан құралғандығын және оның ең соңғы бөлінбейтін бөлшек екендігін негіздеген ол, неғұрлым үлкен атомдар ғарыштың орталығына жиналып, жалпақ жерді құрайды деп түсіндірді. Атом - әлемді түгел қамтиды, дегенмен, атомсыз бос кеңістік болуы тиіс екендігін логикалық тұрғыдан сараптаған ойшыл өзінің болмыс та, атом да емес болып табылатын бостық хақындағы тұжырымын дәйектейді. Бұл теорияда атом мен бостықтың аралас, қатар екендігі беріледі, екеуі импликациялы, бостық атомның өмір сүруінің алғышарты іспеттес болып келеді. Левкипптің физикасы мен бастапқы космогенез идеясы деп атауға тұрарлық тұжырымдарына сүйенсек, Бейболмыс пен болмысты қатаң ажыратып алудың қақ жарылғандығына (дихотомиясына) кезігеміз. Бостық – физикалық Бейболмыс, әрі атомдар қозғалысының, өмір сүруінің, қосылуы мен ыдырауының орны мен шарты, ал өмір сүретіндерді Бейболмыс деп атауға болмайды, олар мүлде Бейболмыс болуы мүмкін емес деген дәйектемесін ұсынады. Атомдық мектепті негіздеушілердің бірі – Демокрит (б.з.б.460 – б.з.б.370 жж.) Левкипп идеяларын құптай отыра, өзіндік физикалық ойларын тереңдетіп, бұл ұстанымды әрі қарай дәйектейді. Египет, Вавилон, Парсы, Араб, Эфиопия, Үнді елдерінде болып, өзінің білімін жан-жақты жетілдіреді. Оның шамамен 70-ке жуық шығармасы белгілі: «Табиғат туралы», «Шағын әлемнің құрылуы», «Идеялар туралы», «Мақсат туралы» т.б. Ең шағын бөлінбейтін бөлшек атомдарды сезім мүшелерімен қабылдауға келмейді, (atomos грекше бөлінбейтін деген мағынада). Атомдар қаттылығына байланысты бөлінбейді, сапасы болмайды, шамасы, пішіні, формасы, салмағы, орналасқан жері, тәртібі арқылы ажыратылады. Олар бос кеңістікте мәңгі қозғалыста болады. Оның бірігуі мен ыдырауы арқылы заттар жойылады және пайда болады, ал уақыттың бастауы жоқ, бәрі де айқынсыз кездейсоқтықтардан пайда болады, сондықтан құбылыстың себебін табу – шынайы философиялық білім болып табылады деген тұжырымдарын дәйектейді. Жан - бүкіл денеге таралған жұқа, нәзік, ерекше ұсақ дөңгелек атомдардан құралады. Ол адам ағзасы мен ғарышты салыстыра отырып, екеуінің ұқсастығын анықтап, «кішіғарыш» (микрокосм) ұғымын алғаш енгізуші. Құдайлар отты атомдардың бірігуінен пайда болады және адамдардан ұзақ өмір сүреді дей келе, таным теориясында өзіндік ерекше үдерістерді көрсетеді: адамдар көріп тұрған заттардан ұсақ көрінбейтін бөлшектер бөлініп шығады да, бостықтан өтіп, көздің сыртқы қабығына ізін түсіреді, содан соң ақылдың қызметі басталады. Бостықтың атомдардың қозғалуы үшін алғышарт екендігін, бостық – Бейболмыс бола отырып, «өмір сүретіндік» болып табылатындығын атап өтеді. Демек, Демокрит ілімі бостықты болмыс түрінде сипаттаған, бұл тұжырым – Бейболмыс болмыстың өн бойында тұтастай сіңірілген және бола беретіндігін айғақтайды.