Байланысты: 1 М дениет тарихында ы философия ж не оны адам мен о ам мірін
10 ХХ – ХХІ ғасырларфилософиясы 1. Классикалық емес философияның қалыптасуы және дамуы. 2. Адам және әлем мәселесі. 3. Қазіргі заманғы діни философия. ХХ ғасырдың философиялық дүниетанымы өзінің көптүрлілігімен және аясының кеңдігімен таң қалдырады. Бұл ойымыздың батыс философиясына да, шығыс философиясына да бірдей қатысы бар. Олай болатын себебі, қазіргі заманғы әлемдік философиялық көзқарас шеңберінде, ғылым мен коммуникация құралдарының жетістіктері нәтижесінде, батыс мәдениеті мен шығыс мәдениеті арасында қарама-қарсылықтан үйлесімділікке ауысу үрдісі айқынырақ байқалады. Қазіргі заманның көптеген ойшылдары, батысеуропа өркениетін – рационализм өркениеті деп санайтыны бәрімізге белгілі. Ал, батысеуропа қоғамының дамуындағы техногендік рационалдылықтың үстемдігін болашағы жоқ, адамзатты үлкен дағдарысқа ұшырататын бағыт деп сынға алады. Оған айтылған уәждер жеткілікті де, атап айтсақ, этикалық және адамгершілік құндылықтарының техникалық өркениеттен қалып қоюына алып келген, мұндай рационализм міндетті түрде қоғамдағы дегуманизациялық қатынастардың, табиғат пен қоғам арасындағы антагонизмнің өршуіне алып келеді. Шығыс пен Батыс мәдениетінің, қоғам дамуына көзқарасындағы айырмашылық та сонда, батысеуропалық классикалық рационалдық технократияға бой ұрса, шығыстық ой-таным – рухани құндылықтар жүйесінде дамыды; батыстық қоғам адам құқына мән берсе, шығыстық – парыз бен қарызға артықшылық берді; батыстық экономика материалдық өндірісі дамыған капитализмді мақсат етсе, шығыста – дәстүрге негізделген әлеуметтік теңдікті орнатуға ұмтылды. Егер Платонның пікірінше қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін күшті билік қажет деп саналса, Конфуцийдің, Абайдың ойынша тәртіпті, үйлесімділікті қалыптастыратын білім және парасаттылық. Адамдардың ар-ұяты, заң алдындағы қорқыныштан күштірек, сондықтан өмір сүрудің әмбебап заңдылықтары гуманизм және этика. Адам құқы билік институттары арқылы сырттан анықталады, жарияланады, қорғалады, ал қарыз бен парыз рухани дүниеге арқа сүйейді, сол себептен де берік және ықпалды. Адамзат тарихы, адам құқын, оның міндеттерін ескермей сақтауға болмайтынын дәлелдеп берген сияқты. Сондықтан да болар қазіргі заманның жаћандық тауқыметтері адамзат дүниетанымын, мәдени жетістіктерін синтездеуді, іс-әрекет пен ойды, қажеттілік пен бостандықты, сенім мен зердені үйлестіруді талап етіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, ХХ ғасырдағы жаңадан қалыптасқан философиялық ағымдар, әртүрлі мазмұнда дамып, өзіндік дүниетаным тәсілін ұсынғанымен, оларды біріктіретін ортақ мақсат айқын көрініс береді. Ол – адамзат қоғамының дамуының болашағына деген алаңдаушылық, адам және әлем арақатынасын түйсіну, адам болмысының мәнін ашу, ең бастысы –абсолюттік ақиқатты тануға деген ұмтылыс. Қазіргі заманғы философиялық көзқарастарға тән тағы бір ұқсастық, олардың руханилыққа бет бұрып, гуманистік сипат алуы. Бұл жерде діни сенім мен ақыл-тәжірибенің мүмкіндіктеріне негізделген, екеуін бір-біріне қарсы қоймай, керісінше ұштастыруға тырысқан философиялық дүниетанымның әлемдік мәдениетте басымдылыққа ие болып келе жатқанын атап өткен орынды. Мұндай үрдісті қазіргі заманғы батысеуропалық философиялық ағымдардың ілімдері мен жүйелерінен көптеп кездестіреміз. Қазіргі заманғы батысеуропалық философияның тамыры негізінен төрт бастаудан нәр алған. Біріншіден, Антика заманының классикалық философиясы, ең алдымен платондық және аристотелдік теория мен методология. Екіншіден, ХХ ғасырдағы батыс философиясы XVII ғасырдан бастау алатын Жаңа дәуірдің эмпирикалық және рационалистік принциптеріне де негізделеді. Үшіншіден, батыс философиясында ХІХ ғасырда ірге тасы қаланған иррационалистік үрдістер (А.Шопенгауэр, Ф.Ницше т.б.), позитивистік концепциялар (О. Конт, Дж. Милль, Г. Спенсер, махизм) кеңінен қолдау тауып, жаңа ағымдар көбейді. Төртіншіден, ХХ ғасырдағы батыс философиясы, өткен жүз жылдықтың тікелей бейнесі, бір жағынан тез және күрделі ғылыми дамудың нәтижесі болса, екінші жағынан еуропалық өркениеттің терең әлеуметтік-рухани дағдарысқа ұшырауының салдары. ХІХ ғасырдың 40-50-ші жылдары күрт бетбұрыс басталған кезең еді, себебі философияда классикалық емес дәстүрге негізделген дүниетанымның объективті қажеттілігі айқын байқала бастады. Алғашқылардың бірі болып классикалық философияны жаңа тұрғыдан қарауға талпыныс жасаған ойшылдар К. Маркс және Ф. Энгельс бастаған топ рационалистік көзқарасты ғылым және прогресске сену негізінде дамытпақ болды. Олар классиканың философияны ғылым деп таныған идеясын жақтағанымен, оны «ғылымдардың ғылымы» деп атауын теріске шығарды. Марксистер философия мен ғылымдағы маңызды ерекшеліктерді мойындағанымен, оларды адам және адамзат үшін дүниені революциялық - тәжірибелік өзгерістерге ұшырату процесінде пайдалануға болатын күшті рухани құрал деп таныған жоқ. Марксистік философиямен қатар, оған тіпті қарама-қарсы бағыттағы дәстүрлі емес сипаттағы көзқарастар қалыптаса бастады. Олардың басты айырмашылығы, егер марксистер жаңа дүниетанымды уағыздағанымен классикалық философиялық дәстүрді тұтас теріске шығармаған болса, иррационалистік ағымдар классиканы түбегейлі сынға алды. Осы бағыттардың негізін қалаған ірі тұлғалар, - даттық философ С. Кьеркегор (1813-1855 жж.) және неміс ойшылдары А. Шопенгауэр (1788-1860 жж.), Ф. Ницше (1844-1900 жж.), француз философы А. Бергсон (1859-1941 жж.) т.б. Классиканы сынға алған идеялық қозғалыс, жаңа философиялық көзқарастар әсіресе, ХХ ғасырда айрықша беделге ие болып, қазіргі күнге дейін өз ықпалын жоғалтқан жоқ. Классикалық дүниетанымды сынға алу, терең рухани дағдарысқа ұшыраған батыс өркениетінің құндылықтарын түбегейлі қайта қарау процесінің құрамдас бөлігіне айналды. Бір кездері жұртты дүрліктірген О. Шпенглердің (1880-1936 жж.) «Европаның құлдырауы» (1918) шығармасын «дағдарыс философиясының», рухани тоқыраудың негізгі бағыттарының қысқаша айқындалуы деп түсінуге болады, осы көзқарас әртүрлі нұсқада қазіргі күнге дейін жалғасын табуда. Антиклассикалық философиялық ойды шегіне жеткізе айқындауға тырысқандардың бірі испандық философ Хосе Ортега-и-Гассет (1883-1953 жж.). Оның ойынша европалық дағдарыстың астарында бүкіл классикалық ойдың дағдарысы жатыр. Рациовитализм ілімін жасаған испан ойшылы, өзінің ұлттық философиясына, Латын Америкасы, Еуропа елдерінің ой-парасатына қарқынды ықпал еткен. ХХ ғасырдың басында туындаған авангардизм ағымының пайымдаушысы бола тұра, қарабайыр көпшілікке көнбейтін «рухани азшылық» («шығармашылық элита») туралы ілімнің негізін қалады. Философия мен әдебиет саласында халықаралық Нобель сыйлығын алған француз ойшылы А. Бергсон, бір жақты механикалық, позитивистік философиялық зерттеу тәсілдерін және дәстүрлі рационалистік метафизиканың спекулятивтік (аярлық) мазмұнын аяусыз сынға алып, жаңа бір дүниетаным жүйесін қалыптастыруға талпыныс жасады. ХХ ғасырда А.Бергсон концепциясына екі түрлі көзқарас болды. Материя мен өмірді бір-біріне қарсы қоюы, қалыптасу процесін әсірелеп, кеңістік пен уақытты бөліп қарауы белгілі бір философтардың наразылығын тудырса, екінші біреулері оның дүниенің жаңа бейнесін жасап, табиғаттағы жаңаның пайда болуын түсіндірген идеяларын жоғары бағалады. Н. Винер «Кибернетика» атты еңбегінде А. Бергсон концепциясы ХХ ғасыр ғылымындағы үлкен бетбұрыс деп санаған. Осы шығарманың бір тарауын «Ньютондық және Бергсондық уақыт» деп атаған. Себебі, А. Бергсон ХХ ғасыр философиясында алғашқылардың бірі болып тірі организм ретінде адамның уақыт ерекшелігін түйсінуін зерттеді. Осындай – тоқтаусыз, тұтас ағымдағы, сыйымды – «субъективті» уақытты, ол «ұзақтық» деп атады. Зерде, А. Бергсон түсінігінше, уақытты кеңістікпен салыстырып қарауға бейім тұрады, уақытты алдымен жекелеген сәттерге бөліп, содан соң «өлі» бөлшектерді қайта қосып алып оны әлемге таңады. Осы қолайсыздықты тек қана интуиция игере алады: ол тоқтаусыз адам өмірінің құрамына енген тұтас ағыс түріндегі уақыт ерекшелігін түйсінуді мүмкін етіп, уақытты ұзақтық деп түсінуге көмектеседі. А. Бергсонның уақыт туралы көзқарасы біздің заманымыздың барлық философиялық дүниетанымына әсерін тигізді. Тіпті, А. Эйнштейн жасаған салыстырмалы теория мазмұны осы көзқарасқа үндес еді. Сонымен, ХХ ғасыр философиясы дүниенің динамикалық картинасын жасауда үлкен қадам жасады. Зердені, классикалық ғылымды өмір философиясы және басқа да ағымдардың сынауы, ақыл-естік таным тәсілдерінің – олардың қаншалықты артықшылықтары бола тұрса да, соншалықты кемістіктері мен әлсіздіктері де бар екендігін түсіну қажеттілігін, өмір шындығын мойындауын жеделдетті. Ақылға немесе сезімге табынудың, материалды және идеалды құбылыстарды бір-біріне қарама-қарсы қоюдың дүниедегі құбылыстарды түсінуге кедергі жасайтынын, біртекті емес адамның рухани, психикалық өміріндегі көптүрлі құбылыстарды біржақты бейнелейтін стереотивтің таяздық ететінін дәлелдеді. А. Шопенгауэр, Ф. Ницше, А. Бергсон, О. Шпенглер, В. Дильтей дамытқан жаңа философиялық көзқарас батыс мәдениетінің барлық саласына дерлік қатты әсер етті. Біреулер «өмір философиясы» концепциясынан адамның белсенді әлеуметтік позициясының дүниетанымдық негізін көрсе, басқалары одан адамзат рухының қатпарларын философиялық және көркемөнер құралдары арқылы тануға шақырған ұранды естіді. Сонымен байқағанымыз, классикалық философияда ақыл мәселесі қандай рөл атқарса, ХХ ғасыр философиясында рух, психиканың рационалдық емес формалары мәселесі дәл сондай негізгі рөлді атқарады. Табиғат пен адам, әлем мен қоғам арасындағы байланысты анықтау үшін иррационалдылықтың әртүрлі формалары (интуиция және инстинктпен қатар) таңдап алынады. Бұл үрдіс философия тарихында жаңа бір кезеңнің басталғандығының айғағы еді.