6. Судьялардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының барлық соттары судьяларының мәртебесi бiрдей болады және бiр-бiрiнен тек өкiлеттiктерiмен ерекшеленедi.
Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен судьяға сот төрелiгiн жүзеге асыру жөнiндегi өкiлеттiктер берiледi, ол өз мiндеттерiн тұрақты негiзде орындайды және сот билiгiн жүргiзушi болып табылады.
Судьяға заңда көзделмеген соттан тыс функциялар мен мiндеттердi жүктеуге болмайды. Судьяны қылмысқа қарсы күрес, заңдылық пен құқық тәртiбiн сақтау мәселелерi жөнiндегi мемлекеттiк және қоғамдық құрылымдардың құрамына енгiзуге болмайды.
Судьялар қызметке Қазақстан Республикасының Конституциясына және арнайы Конституциялық заңға сәйкес сайланады немесе тағайындалады және тұрақты негiзде өкiлеттiктерге ие болады. Судьяның өкiлеттiгi тек қана Конституциялық заңда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы мүмкiн.
Судья қаралған немесе қаралып жатқан сот iстерiнiң мәнi жөнiнде қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс. Соттарды қаржыландыру, судьяларды материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға тұрғын үй беру сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру үшiн жеткiлiктi мөлшерде республикалық бюджет қаражатының есебiнен жүргiзiледi.
Судьяның тәуелсiздiгi:
1) сот төрелiгiн жүзеге асырудың заңда көзделген рәсiмiмен;
2) судьяның сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметiне араласқаны үшiн, сондай-ақ сотты және судьяларды сыйламағандық үшiн заңда жауаптылық белгiлеумен;
3) судьяға ешкiмнiң тиiспеуiмен;
4) Конституцияда және осы Конституциялық заңда белгiленген судьяны қызметке сайлау, тағайындау, судьяның өкiлеттiгiн тоқтату және тоқтата тұру тәртiбiмен, судьяның орнынан түсу құқығымен;
5) судьяларға мемлекет есебiнен олардың мәртебесiне сәйкес материалдық жағдай жасау және әлеуметтiк қамсыздандыру, сондай-ақ оны нашарлатуға тыйым салу арқылы қамтамасыз етiледi.
Судьялар, олардың отбасы мүшелері мен мүлкі мемлекеттің қорғауында болады. Егер судьядан тиісті өтініш түссе, ішкі істер органдары судья мен оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін, оларға тиесілі мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге уақтылы және түпкілікті шаралар қабылдауға міндетті. Судьяға және оның мүлкiне кәсiптiк қызметiне байланысты келтiрiлген зиян республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен өтеледi.
Судьяны, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған жағдайларды қоспағанда, тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында белгiленген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының келiсiмiнсiз оны қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Судьяға тиіспеушілік оның жеке басына, меншігіне, ол тұратын тұрғын үй және қызметтік үй-жайларға, ол пайдаланатын жеке және қызметтік көлік құралдарына, оған тиесілі құжаттарға, жол жүгіне және өзге де мүліктеріне тиіспеушілікті қамтиды.
Судьяға қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ғана қозғай алады. Судьяға қатысты арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары прокурордың санкциясымен ғана жүргізілуі мүмкін. Судьяға Қазақстан Республикасының Президентi белгiлеген тәртiппен куәлiк берiледi.
Судьяға қойылатын талаптар:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға; 2) сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әділдігіне, объективтілігі мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға;
3) сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға;
4) судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi.
Судьяның лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
Судьялар партияларға, кәсiптiк одақтарға кiре алмайды, қандай да бiр саяси партияны қолдап немесе оған қарсы сөз сөйлеуiне болмайды.
№4. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару