1. Әкімшілік құқықтың түсінігі және пәні 2. Әкімшілік құқықтық қатынастар 3.Қазақстан Республикасының атқарушы билік органдарының жүйесі 4. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі 5. Басқарудың әкімшілік құқықтық нысандары және әдістері 6. Әкімшілік құқық бұзушылық және заңды жауапкершілік
1. Әкімшілік құқықтың түсінігі және пәні. Әкімшілік құқық дегеніміз - атқарушы билікті жүзеге асыру барысында пайда болатын, өзгеретін және тоқтатылатынан қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардың біртұтас жиынтығы. Әкімшілік құқық саласы негізгі және ерекше бөлімдерден тұрады, ал әр бөлім негізгі институтардан, әкімшілік құқықтық нормалардан тұрады. Әкімшілік құқықтық норма дегеніміз - мақсаты атқарушы билік тетігінің қызметі аясында пайда болатын, өзгертілетін және тоқтатылатын қоғамдық қатынастарды реттеу болып табылатын мемлекет тағайындайтын мінез-құлық ережесі. Бұл құқық нормаларында тиісті мінез-құлықтың белгілі бір түрі не міндеттеледі, не нормалармен қаралған жағдайларды сақтағанда, оған ерік беріледі (рұқсат етіледі) немесе белгілі бір әрекеттерді іске асыруға тыйым салынады.
Әкімшілік құқық пәнін атқару билігін жүзеге асыру кезінде туындайтын, өзінің қасиеті бойынша әртүрлі, бірақ біртектес қатынастар құрайды. Оларға:
- атқарушы биліктің міндеттері, қызметтері мен өкілдіктері тікелей жүзеге асырылатын қатынастар;
- заң шығарушы және сот биліктері субъектілері, сондай-ақ прокуратура органдары қызметінің процесінде пайда болатын ішкі ұйымдастырушылық сипаты бар қатынастар;
- жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне мемлекеттік биліктік сипаты бар өкілеттіктер берілген болса, онда олардың атқарушы органдарының қатысуымен пайда болатын қатынастар;
- қолданыстағы заңнамада тікелей қаралған жағдайларда қоғамдық бірлестіктердің және өзге де мемлекеттік емес құрылымдардың қатысуымен болатын қатынастар.
2. Әкімшілік құқықтық қатынастар.Әкімшілік құқықтық қатынастар олардың неге бағытталғандығына және мақсатына қарай ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Ішкі қатынастарға тек атқарушы билік органдары қызметінің процесінде ғана емес, сонымен қатар заң шығарушы, сот биліктері, прокуратура органдарының өздерінің аппараттарына басшылық жасауы барысында пайда болатын қатынастар жатқызылады. Сыртқы қатынастарға атқарушы билік органдары тарапынан басқарылатын сыртқы объектілердің (азаматтардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындардың, мекемелердің және ұйымдардың) жүріс-тұрысына тікелей басшылық ықпал жасалынуының негізінде пайда болатын қатынастар жатқызылады.