5. Қылмыс жасау сатылары. Қылмысты істеу сатылары деп қасақана істелетін қылмысқа дайындалу, оқталудан аяқталғанға дейінгі кезеңдерді айтамыз. Қасақана қылмыс сатылары: қылмысты істеуге дайындалу, қылмыс істеуге оқталу және қылмысты аяқтау.
Тікелей ниетпен қылмыс құралдарын немесе қаруларын іздестіру, әзірлеу немесе бейімдеп жасау, қылмысқа қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл орайда қылмыс адамның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмесе, қылмысқа дайындалу деп танылады. Ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді.
Тікелей қылмыс жасауға тура бағытталған ниетпен жасалған іс-әрекет немесе әрекетсіздік, егер бұл орайда қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмесе, қылмыс жасауға оқталу болып табылады. Қылмыстық жауаптылық ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға оқталғаны үшін басталады.
Егер адам жасаған әрекетте қылмыстық кодексте көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері болса, қылмыс аяқталған деп танылады.
6. Қылмыстық жаза.Мемлекет қылмыстылықпен күрес шарасы ретінде қылмыстық жазаны заң арқылы қолданады. Жаза дегеніміз - сот үкімі бойынша мемлекет атынан тағайындалатын мәжбүрлеу шарасы. Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сонымен қатар, сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасалынуынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Қылмыстық жазаның өзіне тән белгілеріне мыналар жатады:
- қылмыстық жаза тек мемлекет тарапынан қолданылатын мәжбүрлеу шарасы;
- жаза тек қылмысты жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады;
- жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеумен байланысты болады;
- жаза тек сот үкімімен, мемлекет атынан тағайындалады;
- сот үкімі бойынша тағайындалған жаза кінәліге сотталғандық атағын белгілейді.
Жазаның негізгі және қосымша сияқты екі түрі болады. Негізгі жазалар:
- айыппұл салу;
- белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;
- қоғамдық жұмыстарға тарту;
- түзеу жұмыстары;
- әскери қызмет бойынша шектеу;
- бас бостандығын шектеу;
- қамау;
- тәртіптік әскери бөлімде ұстау;
- бас бостандығынан айыру;
- өлім жазасы.
Қосымша жазалар:
- арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәріжесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;
- мүлкін тәркілеу.