34.Ортағасырдағы психологияның дамуын сараптау Ежелгі дүниенің, құл иеленушілік қоғамның іргесі қаусап, тарих сахнасынан кеткен соң оның орнына бірнеше ғасырларға созылған феодалдық қоғам орнады. Бұл дәуірдің тарихи даму сипаты ғылыми идеялар мен жеке адамның даралық өсу қасиеттерін тоқырауға ұшыратты. Ерте дүниеден бері қалыптасқан адам психикасы жайындағы ілім мистикалық және діни көзқарастар ықпалына көшті. ”Жан екі түрлі сипатта өмір сүреді” – деп уағыздалды. Жан жайындағы аристотельдік ілім өмірден шеттетілді. Алайда VІІХІІ ғасырларда араб тілді Шығыс елдерінде философиялық ой-пікірлер өркен жайып, ғылыми зерттеулер және адамның жан дүниесі жайындағы ілім жанданып жаңа сипатқа ие болды. Араб тілді Шығыс елдеріндегі мәдениетпен ғылымның орта ғасырда Еуропа мен басқа елдерге тарап, кең қанат жайып, жалпы адам баласы мәдениетінің өркендеуіне әсер етті.
VІІ-ғасырда Халифат мемлекеті құрылып, араб тілінің мемлекеттік тілге айналуы, ислам дінінің таралуы, Халифат астанасы Бағдат пен өзге шаһарлардың өсуі оны дүниежүзілік мәдениеттің орталығына айналдырды. Жаратылыстану, медицина, математика мен адамтану ғылымдары өркен жайып ежелгі дүние ғұламалары Платон мен Аристотель, Гален мен Архимедтің еңбектері араб тіліне аударылды. Сөйтіп бұл еңбектер Кіндік Азия елдеріне, Үндістаннан бастап сонау Пиреней түбегіне дейін таралды, сол елдерді мекендеген халықтардың төл мәдениетінің, философия мен өзге де ғылымдардың қарқынды дамуына өз шарапатын тигізді. Аристотельдің және басқа да ғалымдардың идеялары, ашқан жаңалықтары, ой-пікірлері жаңа сипат алып, біздің аты әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әбу Насыр Әл – Фараби (870-950 ж.ж), Әбу Али Ибн Сина (980-1037), Ибн Рошид (1126-1198 ж.ж) сияқты орта ғасырлық ғұламалардың зерттеулері арқылы адамның жан дүниесі жайындағы ілім өркендеді. Араб ғалымы Ибн әл-Хайсам (Әлгазен) (965-1039 жж.), Иранның медик ғалымы Закария Рази (865-925 ж.ж), өз еңбектерінде адам жан жүйесі жайлы ғылыми жетістіктеріне сүйеніп, түрлі зерттеулер жүргізді. Әбу Насыр Әл-Фараби –сан алуан еңбектер жазып, “Әлемнің екінші ұстазы” атанған данышпан ғалым. Оның адам жан дүниесінің қыр-сырын ашып көрсететін бірнеше еңбектері бар.
1. Ізгі қала тұрғындары.
2. Азамазаттық саясат.
3.Мемлекеттік қайраткерлердің өнегелі сөздері т.б. шығармаларында ол бүкіл философиялық жүйені метафизика мен психологиядан бастап, әдеп пен социологияға дейінгі ғылым жетістіктерін кеңінен талдайды, сонымен қатар әрбір мәселенің мән-жайына анықтама түсініктер береді.
Әл – Фараби Аристотельдің еңбектерін, әсіресе, оның “Жан туралы» еңбектерін жете зерттеп, араб тіліне аударды. Жан жүйесінің сырын зерттеуде Әл – Фарабидің Аристотельдің ықпалында болғандығы шындық фактор. Ұлы ойшыл Әл-Фараби психология ғылымы туралы айтқан бір пікірінде “Дүние материядан құралады, ол жойылып кетпейді, бір түрден екінші бір түрге көшіп өзгере береді, жан тәннен бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші бір денеге барып орналаса да алмайды” - деген ғылыми пайым жасайды. Сондай – ақ ол дүниеге келісімен адамның бойында түрліше күш-қуат пайда болады, сол күш-қуат қабілетінің негізгі түрлері мынандай деп көрсетті: адамды қуаттандыратын күш (арабша-«әл-қуат әлгазийа»); түйсіну қуаты; қиялдау қуаты; ақыл-ой не ойлану қуаты; қозғаушы күш; белгілі іс-әрекетке ұмтылу қуаты. Адам бойындағы күш – қуаттың әл – Фараби атаған түрлері жеке психикалық процестердің атауы мен мәніне дәл келеді. Ал ол өзінің «Екінші ұстаздың сөз (ақыл-ой) мағынасы туралы ой толғамдары» дейтін еңбегінде психикалық процестердің барлығына жуығын адамның белгілі мүшелерінің қатысуымен жасалып отыратын материалдық құбылыстар деп анықтап, әсіресе, адам жанының ақыл-ойға байланысты болатындығының ерекше маңызы бар деп көрсетеді. Адам қиялы оның түс көруіне де әсер етіп, іс-әрекетінің ерекше бір жалғасы болып саналады. Түс көруді осы заманғы психология да дәл осы мағынада қарастырады. Әл – Фарабидің психология жайындағы мұндай ой жүйесін адам жанының шынайы болмысын және табиғат негізін ғылыми тұрғыдан шешкен көзқарас деуге болады.
Орта ғасырларда жан тураалы ілімді аристотельдік идеялар тұрғысынан іздестірген араб тілді елдердегі көрнекті ойшылдар шығыста – Ибн Сина, ал батыста – Ибн Рошд болды. Бұлар табиғи ғылымдарды зерттеумен шұғылданып, олардың нәтижелері еуропалық елдерде кеңінен таралды.Ибн Синаның «Медицина қағидасы» деп аталатын еңбегі бес жүз жыл бойы жұмыр дүниенің шартарабына таралып, барлық деңгейдегі медициналық мектептердегі бірден-бір құрал болды. Ал Ибн Рошдтың ақыл-ойдың дамуы жайындағы зерттеулері еуропалық схоластиканы діңкелетіп, дүние болмысы мен адам туралы жаңаша білімнің іргесін қалады.