Митохондриялар (гр.μίτος — жіп және χόνδρος — түйіршік) — жіпше және түйіршік тәрізді органоид. Ол автотрофты және гетеротрофты организмдердің цитоплазмасында кездеседі. Митохондрияларды ең бірінші 1850 жылы P. А. Келликер жәндіктердің Бұлшық еттерінен байкады, оған «сарқосома» деген термин берді (Бұлшық еттегі митохондрияларды осы кезге дейін осылай атап жүр). Альтман (1890 жылы) арнаулы бояулар арқылы митохондриялардың анық көрінетінін дәлелдеп, оларды «биобластылар» деп атады. Бенде 1898 жылы бұл органоидка митохондриялар деген ат берді. Михаэлис тірі жасушалардың митохондрияларын жасыл янус бояуымен бояп, олардың жасушадағы тотығу процестерімен байланысы бар екенін атап көрсетті. Митохондрия энергетикалық және тыныс алу центрі болып табылады. Сонымен қатар, тыныс алу барысындағы энергияның бөлінуіне жауапты. Митохондрия рибосомасынды өзінің органоидтарын синтездейді.
Гольджи жиынтығы — өсімдіктер мен жануарлардың біржарғақшалы органоиды. Оны 1898 жылы италияндық ғалым К.Гольжди жүйке жасушаларынан тапқан. Ол ауыр металдардың ерітінділерімен (осмий немесе күміс) жүйке жасушаларын бояп қарағанда, оның цитоплазмасынан тор болып келетін жиынтықты бірінші болып байқаған. Оны "ішкі тор тәрізді аппарат" деп атады. Кейіннен Гольджидің есіміне байланысты "Гольджи жиынтығы" деп аталып кетті. Өсімдіктер мен қарапайымдылар жасушаларындағы Гольджи жиынтығының пішіні әр түрлі болады. Көп жағдайда орақ немесе таяқша пішінде жеке денешіктер түрінде кездеседі. Оның жарғақтар жасушацитоплазмасының барлығына таралмайды.Олар ядроға жақын орналасады және қуыс цистерна түзеді. Қуыс цистернадан біртіндеп жарғақшалық көпіршіктер-диктисомалар баулықсызданады. Гольджи жиынтығында рибосомалар болмайды, сондықтан да ол ешқашан нәруыз синтездемейді. Алайда онда көмірсулар мен липидтердің синтезі және жаңару процесі болады. Заттардың жасушаішілік тасымалдануы қосалқы қызмет атқарады.
Эндоплазмалық тор (лат.reticulum — тор, лат.endoplasmaticum — эндоплазмалық) — ұзынша келген қуысты түтікшелер мен өзекшелерден тұратын, қабырғасы биологиялық жарғақтармен шектелген жасушацитоплазмасының органелласы.[1] Эндоплазмалық тор (цитоплазмалық тор): дәншелі (гранулалы) және дәншесіз (агранулалы) эндоплазмалық тор болып екіге бөлінеді. Гранулалы эндоплазмалық тор жарғақтарының қабырғаларында рибосомалар орналасады, ал агранулалы эндоплазмалық тор қабырғаларында рибосомалар болмайды. Эндоплазмалық тор жасушацитоплазмасында жеке не топтаса орналасады. Бауыр гепатоциттерінде және кейбір нейроциттерде агранулалы эндоплазмалық тор жеке аймақтарға жинақталып жатады. Гранулалы эндоплазмалық торда ас қорыту ферменттері, жарғақтық интегральды протеиндер түзіледі. Агранулалы эндоплазмалық торда полисахаридтер (гликогеннің түзілуі мен ыдырауы), жасуша жарғағы құрамына кіретін липидтер мен стероидты гормондардың түзілу процестері жүреді. Бұнымен қатар, органелла әртүрлі иондар мен қоректік заттарды тасымалдайды, зиянды заттарды бейтараптандырып, сыртқа шығарады (гепатоциттерде), ядро қабықшасы — кариолемманы плазмолеммамен байланыстырады.