Негізгі етістік пен көмекші етістік Етістіктер мағынасына қарай, атқаратын қызметіне қарай негізгі және көмекші болып белінеді. Негізгі етістіктердің толық лексикалық мағынасы бар, нақтылы қимыл, амал-әрекетті білдіреді, сөйлемнің белгілі мүшесі болады. Мысалы: Қасен қақпадан шығып, жоғары тауға қарай аяңдады.Мұндағы шығып, аяңдап деген етістіктер субьектінің қимылын білдіріп, өз алдына сөйлем мүшесі болып тұр.
Дербес лексикалық мағынасы бар, сөйлемнің жеке мүшесі болатын етістікті негізгі етістік дейміз.
Тілдегі бір топ етістіктер грамматикалық қызметке ауысқан. Олар лексикалық мағынасынан айрылып, негізгі етістікке түрлі грамматикалық мағына үстейтін морфемаға айналған. Мұндай етістіктер дербес мағыналы сөзге тіркесіп қана қолданылады. Мысалы: жүріп отырды, келе жатыр дегендегі отыр, жатыретістіктері отыр, кел етістіктеріне тіркеліп, оған үстеме мағына беріп көмекшілік қызметте тұр.
Лексикалық мағынасынан айрылып, грамматикалық қызметке көшкен етістіктерді көмекші етістік дейміз. Қазақ тілінде отызға жуық көмекші етістік бар.
68-жаттығу. Текстегі негізгі, көмекші етістіктерді ажыратыңыздар.
Барлық жайды танып отырған жүйрік жігіт енді ойнақыланып, күліп жіберді. Сөйте сала, домбырасын безілдетіп кетті.
Сырт қарағанда ол қабілетті жиынның келелі бір кеңесін бұзып кеткендей болды. Бірақ айтып кеткен өлеңі, шешендікпен төгіле бастағанда-ақ айлалы ақынның осы мәжіліс үшін Оразбайға әрекет етіп отырғаны байқалады. Қызара балқыған алмас жүзді жігіт, аумас сөзін Базаралыға қадап отыр. Жарым кеудесін сырлы домбырамен қоса, сый қонаққа бұрып ап, әндете түсіп, соқтырып кетті (М. Ә.).
Дара, күрделі және құрамды етістіктер Лексикалық мағынаны білдіретін етістіктің құрамы бір сөзден де, бінеше сөзден де болады. Сондықтан етістіктер құрамына қарай дара және күрделіге белінеді. Қимыл, амал-әрекетті бір ғана сөз білдірсе, ондай етістікті дара етістік дейміз. Мысалы: кел, оқы, кет, жүр, сөйле, тыңда, көгер т. б.
Екі я бірнеше етістік біртұтас күрделі қимыл-әрекетті білдірсе, ондай етістікті күрделі етістік дейміз. Мысалы: келіп кет, барып қайт, алып кел, алып кет, кіріп шық, келе кет, бара кет, ала бар, айта кел т. б.
Мұндай күрделі етістіктің құрамындағы сыңарлар лексикалық мағынаға бірдей үлес қосады. Басқаша айтқанда, күрделі етістіктің лексикалық мағынасы оның құрамындағы жеке сыңарлардың мағынасының жалпыланған жиынтығынан жасалады да, күрделі қимыл-әрекетті білдіреді.
Мұндай күрделі етістіктер тек қана етістіктерден жасалады.
Күрделі етістіктің бірінші сыңары көсемше формасында тұрады.
Есім сөзге көмекші етістік тіркесу арқылы жасалған етістіктерді құрамды етістік дейміз. Мысалы: жәрдем ет, құрмет ет, көмек ет, сәлем ет, жақсылық ет, жақсы бол, жарқ етті т. б.
Есім сөзге тіркескен көмекші етістік оған қимыл мағынасын береді де, олар қимыл, амал-әрекетті білдіретін сөздердің қатарына ауысады яғни етістікке айналады. Құранды етістіктер етістік қалай түрленсе, солай түрленеді. Мысалы: жәрдем етеді, жәрдем етпексің, жәрдем еткенсің, жәрдем етермін, жәрдем етіпті, жәрдем еткенбіз т.б. Құранды етістік жасайтын көмекші етістіктердің есім сөзге беретін мағынасы етістік жасаушы жұрнақтың мағынасымен сәйкес. Мысалы: құрмет ет – құрметте, сәлем ет – сәлемдес, көмек ет – көмектес, жәрдем ет – жәрдемдес. 69-жаттығу. Текстен күрделі етістікті табыныздар. Тегінде, өзі болыс болып жүрсе де, «күндердің күні боп, орнымнан тайып қалатын болсам, жығылар жағым әзір тұрсын» дегендей басқа болысқа шығып кетуді ойлап жүргеннің бірі – Күнтудың өзі. Басқа болысқа шығып кетуге Шыңғыстың он екі ауылнайынан приговор керек. Соны Күнту Оразбайға әзірлеп бермесе де, өз тобы үшін бар мөрді, приговорды жинап, қалтасына қатты басып жүрген (М. Ә.).