Барыс септік. Қазіргі қазақ тілінде барыс септік тұлғасы:-қа,-ға (-ке,-ге) екені белгілі. Егер сөз тәуелдік жалғаулы болса, онда алдыңғы –ғ, -қ (-г, -к) дыбыстары түсіп қалады да, тек -а, -е түрінде ғана жалғанады. Соңғы тұлға әзербайжан, осман түріктері, түркімен және чуваш тілдерінде барлық сөздерге де жалғанады.
Алайда, көне түркі жазбаларында барыс септік жалғауы бірнеше түрлі болып келеді. Олар мынадай: -ғару, -геру, -қару, -керу, -ра, -ру, -рү, -қа,- ке, -ға, -ге, –йа, (-йе), -а, -е. Бұлардың қайсысы да түркі тілдері тарихында әр кезеңде қолданыс тапқан. Дегенмен, мына жайды ескеру керек: барыс жалғауының осы түрлері көпшілігінде бір-бірімен жарыса қолданылған да, кейбір түрлерінің өзіне тән қолданылу мәні, сипаты болған. Өзіндік мәні бар жалғаулар сөздердің белгілі тобына ғана жалғанған Орхон жазбаларында істің бағытын, мекенін білдіруде барыс септіктің –ғару, -геру (кейде -ңару) тұлғасы қолданылады: Ілгерү (шығысқа), біргерү (оңға), күн ортусыңару (түстікке), йырғару (алға)т.б. –ғару аффиксі кісі, халықты білдіретін сөздерге де жалғанып, ол сөздер істің бағытын, бағытталған пунктті білдіретін болады: Апатарқанғару ічре саб ыдмыз (Т)-Апа тарқанға ішке қарай хабар жіберді. Кейінгі дәуір ескерткіштер тілінде бұл тұлға нақ осы сипатында ұшыраспайды. –ғару аффиксінің түбірмен ұласып, бірігу процесі сол дәуірдің өзінде-ақ басталса керек. Қазіргі қазақ тіліндегі сыртқары, ішкері, шеткері, жоғары, тысқары сөздері сондай процестің нәтижесі.
Кейінгі дәуір мұраларында осы аффикстің –ғар тұлғасы бар, бірақ мұның өзі де сөз құрамында көбіне –ңар түрінде ғана кездеседі. Бұл жерде мына өзгеріс байқалады: -ғар аффиксі көбінесе есімдіктерге, әсіресе жіктеу есімдіктеріне (мен, сен, ол) жалғанып қолданылғанда түбірдің соңғы –н дыбысы мен аффиксінің мен басқы –ғ тоғысуынан барып –ңар тұлғасы пайда болса керек. Нақ осы тұлғасында барыс септік тіпті сол рун жазбаларында да қолданылған:
...Аңар алынчығ бар йаратуртым (КТ)-Оларға айрықша жай тұрғыздырттым.
Сонымен қатар, көне түркі жазбаларының тілінде барыс септік –ра/-ре түрінде де ұшырасады. Мысала: Мойын-Чура ескерткішінде мынадай сөйлем бар: ічре бен булғайын, тіміз (ішке, ішкі жақта мен бүлік шығарайын-деді). Осындағы ічре сөзінің құрамындағы –ре барыс септік тұлғасы. Алайда, бұл тұлға бұдан кейінгі жазбаларында сөз құрамында «өлі» қосымша ретінде ғана кездеседі. Ал, қазақ тілінде бұл қосымшаны соңыра т.б. бірен-саран сөздер құрамынан көруге болады.
Көне түркі жазбалары тілінде жиі қолданылатын барыс септік жалғауы –қа, -ке, -ға, -ге тәуелдік жалғаулы сөздерге –а, -е түрінде жалғанған.
Бұл аффикс Орхон-Енисей жазбаларының тілінде осыған дейін әңгімеленген барыс жалғауларымен қатар және жиі қолданылған. Бір ғана сөздің өзі бірде –ғару аффиксімен, бірде –ға аффиксімен берілген. Мәселен: Түрк қағанғару сүледім (Т)-Түрік қағанына шабуыл жасадым. Табғач қағанқа көрміс (КТ) – Табғач қағанына бағынады. Қазіргі тіліміздегі жеке сөздер құрамында «өлі» қосымша есебінде бірде –ғару (сыртқары), бірде –ру (бері, кері) сақталып қалған. Соған қарағанда, -ру (-ра, -да) өте ескі түрі де, -ға жаңа түрі болса керек дейтін ой келеді. –Ға аффиксімен келген сөздер, лексикалық мағынасына қарай, іс-әрекет бағытталған мекен-орынды білдіреді. Сантуң балыққа, талуй үгүзке тегүрттім (Т) – Сантун қаласына, теңіз өзеніне жеткіздім. Болчуқа таң үнтүрү тегдіміз (Т) – Болчуға таң ата жеттік. Сөздің мекен-көлемдік мәнін айқындай түсу үшін тегі шылау сөз тіркесіп отырады: Бөклі қағанқа тегі сүлейлү бірміс... Темір қапығқа ткгі сүлейлү бірміс (КТ) – Бөклі қағанға дейін шабуылдады... Темір қақпаға дейін шабуылдады. –ға аффиксінің бұл мағынада қолданылу ерекшелігінің өзі осында. –ғару аффиксі бұл мағынада шылаумен қабаттасып жұмсалмайды.
Лексикалық тұрғыдан затты, нәрсені білдіретін сөздерге жалғанып, әрекет-қимыл бағытталған, арналған затты, нәрсені білдіреді [1;159]. Мәселен: Хан меңа ашығ берді. – Хан маған сый берді [3;91],
Ұмайға тапынса оғұл болұр – Жолдасқа табынса ұл болар; кім жолдасқа қызмет көрсетсе, ұл көреді [3;153]. Бұ кеиік ол ытығ тағқа ағытған – Бұл итті тауға шығаратын (шығарып жіберетін) киік ол [3;187]. Бұ ер ол ышығ анұтған – Бұл іске дайындалған (дайын тұратын) адам ол [3;187].
Қазіргі қазақ тіліндегі барыс септік қосымшаларын шолып қарағанда, бір ерекшелік назар аудармай қоймайды. Барыс септік жалғауының қолданылу үлгісінде мен, сен, ол, бұл, сол, анау есімдіктерінің тұлғалануы мен тәуелдеулі есімдердің тұлғалануы мына тәрізді болады: маған, саған, оған, бұған, соған, анаған және баласына, үлкеніне, анасына т.б. Сөйтіп, бұл жерде барыс септіктің екі түрлі ерекше тұлғасы көрінеді: -ған және –на, -ған қосымшасын тарихи тұрғыдан қарастыру екі түрлі жайды ескеруді қажет етеді: біріншіден, басқа септік жалғауларында жіктеу есімдіктері (І-ІІ ж) өздерінің әдеттегі дыбыстық құрамын сақтайды: менің, сенің, мені, сені т.б. Ал, барыс септігінде түбірдің жіңішке дауыстысы жуан дауыстыға айналып кетеді: ма-ған, са-ған.
Достарыңызбен бөлісу: |