4-тақырып. Нарық экономикалық қатынастардың жүйесі ретінде.
Мақсаты: нарық ұғымына анықтама бере отырып, оның түрлеріне, қызметтеріне, принциптеріне тоқталу, оның негізгі элементтерін, соның ішінде сұраныс пен ұсыныс теориясын, икемділіктің мәнінжан-жақты талдау.
Талқылау сұрақтары:
4.1. Нарықтың мәні, нарық механизмінің негізгі элементтері, қызметтері.
4.2. Нарықтың түрлері мен оның инфрақұрылымы.
4.1. Нарықтың мәні, нарық механизмінің негізгі элементтері, қызметтері. Қазіргі нарықтық жүйе, тәжірибе керсетіп отырғандай, ғылыми-техникалық прогрессті қолдану, өндірісті жеделдету және ең алдыңғы қоғам қажеттіліктерін толық қанағаттандыруда басқа жүйелерге қарағанда жақсы бейімделгендігін танытып отыр. Ал осы жүйенің негізі болып табылатын нарық, өз кезегінде, тиімді шаруашылық іс-әрекетке ынталандыру шараларын қолданудағы өзінің артықшылығын бірден байқатады.
Экономикалық әдебиеттерде «нарық» терминінің бірнеше мәні бар. Нарық деп сату-сатып алу келісім шартын да; экономиканың белгілі бір саласын да немесе белгілі бір жерде жүзеге асатын іскерлік операциялар жиынтығын да; экономиканың нақты бір саласындағы сұраныс пен ұсыныс коньюнктурасының жағдайы мен дамуын да; берілген тауарды өндіруші елді де; экономикалық игіліктерді сатушылар мен сатып алушылардың өзара әрекеттесу механизмін де және тауарлар, қызметтер, капиталдар сұранысы мен ұсынысының кездесу орнын да түсіндіреді. Нарықтың барлық осы (және басқа да) анықтамалары бұл күрделі экономикалық құбылысты әртүрлі жағынан сипаттайтындықтан орынды.
Нарық ұғымына келесідей бірнеше аныктама беруге болады:
Нарық - бұл тауарлық өндіріс пен айналыс заңдарына сәйкес ұйымдастырылған айырбас немесе тауарлық айырбас қатынастарының механизмі, басқаша айтқанда, сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасы.
Нарық - бұл елдің ішіндегі және еддер арасындағы өнімдердің өндірушілері мен тұтынушыларын өзара байланыстыратын айырбас сферасы.
Өндіріс үшін нарық қажетті ресурстарды жеткізуші, шығарылған өнімді өткізуші және сонымен бірге, сол өнімге деген сұранысты анықтаушы болып табылады. Айырбас үшін нарык, тауарлар мен қызметтерді сату және сатып алудағы негізгі арна болып табылады. Тарату үшін ол нарықта сатылатын ресурстардың иелеріне тиесілі табыс көлемін анықтайтын механизм болып табылса, тұтыну үшін нарық - бұл тұтынушыларға келіп түсетін құндылықтардың негізгі арнасы болып табылады.
Нарық механизмінің негізгі элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға, бәсеке.
Сұраныс дегеніміз - ол тұтынушылардың өздерінің қажеттілігін қанағаттандыруы үшін сатып алатын тауарларға төлейтін ақша көлемі, яғни төлем қабілеті бар қажеттілік.