1 тақырып Фонетиканың зерттеу объектісі


Тақырыпқа сәйкес сұрақтар



бет11/41
Дата25.11.2023
өлшемі166,77 Kb.
#126815
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   41
Тақырыпқа сәйкес сұрақтар:

  1. Дауысты дыбыстар қалай жасалады?

  2. Дауысты дыбыстардың тілдің, еріннің қатысына қарай бөлінуі.

  3. Дауысты дыбыстардың жазылуы.



Пайдаланылған әдебиеттерәдебиеттер

  1. 1. Артыкова Т.М., Искакова С.С.Қазақ тілі: Оқу құралы, Нур-принт, 2016.

  2. 2. Салқынбай А.Б., Жұмағұлова А.Ж.,
    Иманқұлова С.М., Рысбай Б.Қ., Егізбаева Н.Ж. Қазақ тілі: оқу құралы. – 332 б. 2015.

  3. 3.Б.М. Сұлтанова. М.Ш. Тойғанбекова, Ж.С. Рақыш. Қазақ тілі. –Алматы, 2015. – 311 бет

  4. 4.Ж.Ә. Адрахмановна. Қазақ тілі. Алматы, 2015

  5. 5.Мырзабеков С. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. Зият Пресс, 2006.

  6. 6.Жұбанов А.Қ.Қолданбалы лингвистика : Формалды модельдер. Қазақ университеті, 2006.

  7. 7.Молдабек Қ., Ермекбаев М. Қазақ тілі : Фонетика. Лексика. Шымкент, 2001.

  8. 8.Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы, Арыс, 2009.

9.Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі, Сөздік-Словарь,1999


_6__ тақырып
Дауыссыз дыбыстар. Дауыссыз дыбыстардың айтылуы мен жазылуындағы ерекшеліктер
Дәріс жоспары:

  1. Дауыссыз дыбыстар және олардың түрлері.

  2. Дауыссыз дыбыстардың жасалуы.

  3. Дауыссыз дыбыстардың жазылуындағы ерекшеліктер.

Мазмұны
Тілімізде дауыстыларға қарағанда дауыссыз фонемалар әлдеқайда көп. Оқулықтарда бұлардың саны 25, енді біреулердің 26 болып келеді. «Қазіргі қазақ тілі» оқулығы: «Қазіргі қазақ тілінде мынадай 25 дауыссыз бар: б, в, ғ, д, ж, з, й, к, л, м, н, п, р, с, т, у, ф, х, ц, ш, қ, ң – дейді. Алайда бұларды топтастырған кезде 26 болып щ әрпі еніп кеткен.» Қазақ тілінде 26 дауыссыз бар деушілер осы щ әрпін дыбыспен шатастырып жүр. Дұрысы щ дыбыс емес, әріп. Ол – созылыңқы ш дыбысының таңбасы.
Сонымен қазіргі қазақ тілінде 25 дауыссыз фонема бар. Ал орыс тілінде мұның саны – 37. Олай болатыны, орыс тілінде дауыссыздардың жуан және жіңішке болып келуінде фонематикалық қасиет бар және олардың дауыстыларға ықпалы күшті болады. Алайда бұл фонематиклық қасиет орыс тілінен енген сөздерде байқалмайды, сондықтан олар бас-басына фонема бола алмайды.
Азын-аулақ ерекшеліктерді ескермегенде қазақ тілі мен орыс тіліне ортақ дауыссыз фонемалар ­ он бес: б, г, д, ж, з, й, к, л, м, н, р, с, т, ш. Қазақ тілінде бар, орыс тілінде жоқ дауыссыздар бесеу: ғ, қ, ң, у, һ. Қазақ тілінде бұрын болаған орыс тілінен енген дауыссыздар да бесеу: в, ф, ц, х, ч. Дауыссыз фонемалар акустика-артикуляциялық ерекшеліктеріне қарай үшке жіктеледі.
Дауыстың, үн мен салдыр қатысына қарай дауыссыздар әдетте үшке бөлінеді: а) үнділер: л, м, н, ң, р, й, у. ә) ұяңдар: б, в, г, ғ, д, ж, з. б) қатаңдар: п, ф, к, қ, т, ш, с, х, һ, ц, ч. Ұяңдар мен қатаңдар, үнсіздер делінеді. Алфавит тәртібін жақсы білген жағдайда дауыссыздардың бұлай жіктелуін есте сақтау қиындық тудырмайды. Дауыссыздардың жасалуына дыбыстау мүшелерінің қатысын білудің маңызы зор. Мұны білмейінше, дыбыстардың артикуляциялық жақтан өзгеруін түсіну де мүмкін емес. Мәселен, қан, қон, сөздерінің соңындағы н дыбысы қосымша жалғанған кезде кейде н, кейде м болып өзгеруі тек артикуляциямен байланысты.
Дауыссыз дыбыстардың айтылуы мен жазылуындағы ерекшеліктер: үнсіздер: б, п фонемалары астыңғы еріннің үстіңгі ерінге нық тиіп, тез ажырап кетуінен жасалады. Бұлардың бір­-бірінен басты айырмашылығы дауыс алғашқысына аздап қатысады да, екіншісіне қатыспайды. Бұлардың тілде қолданылуында да кейбір ерекшеліктер бар. Атап айтқанда, б фонемасы сөздің басында, ортасында қолданылады да, сөз соңында кездеспейді. Соңғы позицияда б жазылғанмен, оның айтылуы п болады. Сондықтан да бұл сөздерге жалғанатын қосымша қатаңнан басталады. Ал н фонемасы сөздің барлық позициясында ұшырай береді. Тіліміздегі н­-дан басталатын сөздердің дені кірме болып келеді. Артикуляциялық жақтан ұқсастығының арқасында б, н және м фонемалары қосымшалар мен шылаулардың бас позициясында бірін­-бірі үнемі алмастырып отырады. Сөздің басқы, соңғы, позицияларында бұл екі фонема көрші дыбыстардың әсерінен бірімен-бірі алмасып отырады. Ф,в фонемалары орыс тіл арқылы енген сөздерде ғана кездеседі. Бұларды айтқан кезде астыңғы ерін үстіңгі тістерге жуысады да, араларында ауа өтетіндей ғана саңылау қалады. Қатаң ф сөздің барлық позициясында кездеседі. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне» енген сөздердің 328-­і осы ф әрпінен басталады. В сөздің басында, ортасында кездеседі де, соңында жазылғанда ф болып айтылып, қосымша қатаңнан басталады. Араб тілінен енген екі сөзде ф әрпі ұшырайды. Т, д фонемаларын айтқанда тілдің ұшы үстіңгі күрек тіске жабысып, ауа жолын бөгейді де тез ажырайды. Т сөздің барлық шенінде айтыла да, жазыла да береді. Қазіргі қазақ тілінде т­-дан басталатын сөздер – 6,5 мың (қ-­дан кейін екінші орын алады). Д фонемасы сөздің басында (2234), арасында қолданылады. Жазу сөздің соңында кездескенімен(аккорд, анод, велосипед, кислород) айтуда т болады да, қосымша қатаңнан (заводқа, заводти) басталады. Сөз басында д мен т (сөздіктерде) жарысып қолданыла береді: дерте-­терте, диірмен­-тиірмен, дозақ­-тозақ, дүлей­-түлей, дызылда­-тызылда, доп­-топ, дырылда-­тырылда. Қосымшалар мен шылаулардың бас позициясында да бұл екі фонема бірін­бірі алмастырып отырады (-­дың//­-тың, -­да//-та, ­-дан//­-тан, -дай/-­тай т.б.).
С, з фонемаларын айтқан кезде тілдің ұшы төменгі тіске тіреліп, ортасы аздап ойыла түседі. Ауа осы тесік арқылы өтіп, үстіңгі күрек тістердің арасынан сүзіліп шығады. Бұл екеуі де сөздің барлық позициясында айтылады. Әрине, с әлдеқайда белсенді. Ол 5527 сөздің басында қолданылса, з­ 724 сөзде. С-­ның бір ерекшелігі сөз соңындағы дауыссызды жатырқамайды: ал­са, қара­са, жаз­са, жар­са, жау­са, т.б. Ұяң з орыс тілінде сөз соңында жазылғанмен, с болып айтылуы орфоэпиялық норма болып есептелінеді. Қазақ тілінде орыс тілі арқылы енген сөздердің соңындағы з айтылып: газ, гипноз, карниз, заказ, колхоз, майонез, протез, қосымша ұяң, үнділерден басталады: газға, газды, свхозда, совхозбен, шлюзге. Сөз ішінде с сөзімен іргелес ш, ж дыбыстарының әсерінен ш болып: ашшы (асшы), шешше (шешсе), бешшелек (бесшелек), бешшыл (бес жыл); ал з өзінен кейінгі с, ш, ж фонемаларының әсерінен с, ш, ж болып: жасса (жазса), жүссом (жүз сом), ташша (тазша), жашшы (жазшы), жашшықты (жаз шықты), жүжжыл (жүз жыл) айтылады.
Ш, ж фонемаларын айтқанда тілдің ұшы аздап (с,з­-ны айтқандағыдай) көтеріледі де, екі бүйірі жоғары тістерге тіреліп, тілдің үстінгі жағы екі жерден таңдайға жуықтайды. Сондықтан бұлар қос фокусты дауыссыздар делінеді. Өзімен қатар келген қатаң с-­ны өзіне ұқсатуына негізгі себеп осы ерекшелігі. Мысалы, ашша (ашса, асша), қашша (қасша, қашса). Ш бір­ақ сөзде ұяңданады: ренжі (реніш­і). Бұл екі фонема сөздің барлық деңгейінде (позициясында) айтылады, тек ж сөз соңында аз кездеседі: лаж, таж, талан­тараж, уәж сияқты бірер кірме сөз бен баж, быж, күж, қыж, қож, мыж, быж-­тыж, шыж сияқты еліктеуіштер. Орыс тілінде сөз соңында ж жазылғанмен ш болып айтылады. Қазақ тілінде орыс тілі арқылы енген сөздердің соңындағы ж айтылады: гараж, стаж, морж, тираж, тоннаж, фиксаж, экипаж, блиндаж, дубляж, массаж, монтаж және оларға қосымша ұяңнан басталып (стажды, гаражды, гаражбен) жалғанады. Ш фонемасы көрші дыбыстардың әсерінен өзгермейді. Ал ж көрші с, ш-­ның ықпалына ұшырайды: ташшол (тас жол), бешшыл (бес жыл), лашшыз (лажсыз). Әдеби тілде айтылатын с говорларында ш­-мен алмастырылады: шамал (самал), шортан (сортан), ешек (есек), мышық (мысық), беш (бес), жетпіш (жетпіс) т.б.
К, г фонемалары тілдің артқы шенінің таңдайға тіреліп, тез ажырап кетуінен жасалады. Қатаң к дауыссыз сөздің барлық шенінде (5307 сөз) қолданылады, ал ұяң г-­ден басталатын сөздер сөз басында аз ұшырайды (667 негізінен кірме сөздер), ортасында актив кездеседі де, соңында мүлдем айтылмайды.Орыс тілінен енген сөздердің соңында г жазылғанмен, айтуда к болады да, жалғанатын қосымша қатаңнан басталады. (педагогқа, педагогты, педагогпен). Қазақ тілінің байырғы сөздерінде бұл екі фонема (к,г) тек жіңішке дауыстылармен ғана қатар тұра алады. Алайда қазіргі орфографиямыз мұны ара­тұра елемей: гауһар, кастрөл, хакім, хикая, тәкаппар, күнәкар, бундестагы, бурлагы, варягы, галстугы деп, -га, -ка, -ақ, -гы түрде жазуға қосады. Жастар жағы жазылуындай айтып та жүр. Бұл әрине, тілге қиянат. Қазақ тілінің табиғи қалпын әсіресе к,г дыбыстарының болмысын айқындауда орыс тілінен енген сөздер бұлтартпас индикатор(көрсеткіш) бола алады: бәтеңке-­ботинка, бөтелке-­бутылка, бөшке­бочка, резеңке-резинка т.б. Дауысты жетегіне көнбеген жағдайда к,г өзгеріп кетуге дайын: доға­-дуга, калаш­-калач, карындаш-­карандаш т.б. Тек кастрөл (кастроля) ғана илікпей қалған. Бұл – орфография орашолақтығының көрінісі. Орыс тілінен енген сөздерде бұлар жуан дауыстылармен қатар тұра береді. Орыс тілінде к,г тілдің артына таман айтылады. К фонемасы көрші дауысты, үнді және ұяң дыбыстардың әсерінен көбіне ұяңдап г болып айтылады: шелегі (шелек­і), керегі (керек­і), ойгелді (ой келді), қарагөз (қара көз), керегеді (керек еді). «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» г әрпінен басталатын 421 сөз бар. Оның 321-­і орыс тілі арқылы енген сөздер. Ал қалғандары (гауһар, гүл, гу­гу, гүле дегендерден басқалары) к әрпінде қайталанады: гуілде-­куілде, гуж­-куж, күж-­күж, гүмбір-­күмбір, гүмп­күмп, гүр­-күр, гүрсіл-­күрсіл, гүріл­-күріл. Қазақ тілінде бұрын сөздер г-­ден басталмаған. Тіпті гүл сөзі күл түрінде: әйкүл (қазіргі Айгүл), Тойкүл, Қызылкүл, Сарыкүл, Балакүл, Данакүл, Дәнекүл, Айнакүл болып, к ұяңданбай айтылып келді. Қатаң-­ұяң болып жұптасып келетін дауыссыздардың екі сыңары да не шұғыл (п­б, т­д, к­г), не ызың (ф­в, с­з, ш­ж) болып келеді.
Қ ,ғ фонемаларының айтылу жолы бірдей емес. Қатаң қ шұғылға, ұяң ғ ызыңға жатады. Екеуінің жасалу орны бірдей. Айырмасы тілдің артқы жұмсақ таңдайға қ­-ны айтқан кезде нық тиіп, тез ажырайды да, ғ­-ға жуықтап тұрады, кішкене тіл дірілдеп тұрады. Бұл екі фонема да жуан дауыстылармен ғана айтылады. Қ фонемасы ­ қазақ тіліндегі ең актив фонема. Ол сөздің барлық позициясында тұра береді. Қазіргі қазақ тілі лексикасының 14 проценті (8402 сөз) осы дыбыстан басталады [17,21]. Ал ғ сөз соңында мүлдем кездеспейді, сөз басында 213 кірме сөзде, ал сөз ортасында актив ұшырайды. Қ фонемасы к сияқты көрші дыбыстардың әсерінен ұяңданып (ғ) айтылуға бейім тұрады: қарағой (қара қой), сарығыз (сары қыз), ағала (ақ ала), ағүй (ақ үй), тарағы (тарақ­ ы), құлағы (құлақ­ы). Қазақ тіліндегі дауыссыздардың бәрі дерлік дауыстылардың ыңғайына қарай жуан, жіңішке бола береді. Ал қ, ғ тек жуан, к, г тек жіңішке дауыстылармен ғана қатар тұра алады. Бұлар өзге дауыссыздардан неге ала бөтен ерекшеленеді? Қазақ тілі фонетикасының бас оқулығы: «қ мен к бір фонеманың екі түрлі айтылуы (немесе жуанды, жіңішкелі варианты) деп қарау дұрыс емес: жуан дауыстылардың қ­-мен жапсарланып, жіңішке дауыстылардың к-­мен жапсарласып келуі де, жасалу орын жағынан бұл екеуі әр қилы болып келуі де (қ тіл арты арқылы жасалады да, к­ тіл ортасы арқылы жасалады) бұлардың екі түрлі фонема екенін дәлелдейді: ғ, г-­нің бір­-біріне қарым-­қатынасы осы тәрізді» (19, 128)­ деп үйретеді. Өзге оқулықтар да осыны қағып алып, қайталаумен жүр. Мұның тамыры тереңде жатыр. Өткен ғасырда­-ақ бұл төртеуі төрт түрлі таңбаланып, төрт дыбыс түрінде танылған болатын. Оқулық соны заңдастырушы ғана деуге болады. Бұл оғаштық фонологиялық танымның жетімсіздігінен, сингармонизм заңының сырын жете түсінбеуден қалыптасқанын аңғару қиын емес. Дұрысы, қ мен к бір фонема да, ғ мен г бір фонема. Ә.Жүнісбеков өз еңбектерінде бұған айрықша тоқталады. Қазақ тілінің дыбыстық құрамына арналған соңғы бір еңбекте «Дауыссыздардың құрамы» дейтін тақырыпта өзімізге таныс к,қ,г,ғ.х,һ дыбыстары заңдастырылады: к мен қ,г мен ғ, жоғарыда айтылғандай бас­-басына фонема бола алмайтыны дәлелденген, ал х мен һ тіліміздің табиғатымен үйлеспейтіні айтылып, дауыссыздардың қатарынан ығыстырылған. Біз мұны қолдаймыз. Алайда жалпы оқушының дәл осылай қабылдауға дайын емесін ескеру керек. Сондықтан ескі жолмен жылжи отырып, соны сүрлеуден көз жазып қалмауға тырысамыз.
Х – орыс тілі арқылы енген сөздердің құрамында ғана кездесетін фонема. Жасалуы жағынан ғ­-ға ұқсас. Айырмашылығы ғ­ ұяң, х ­қатаң, ал қатаң қ­-дан айырмасы қ­ шұғыл, х­ ызың. Ол сөздің басында (екі жүздей сөз) көбірек, ортасында (сахара, сахна, шах, шахмат, шахта, механик, техника), соңында (цех, чех, феллах) аз кездеседі. Х әрпінің араб­-парсы тілдерінен енген біраз сөзде жазылуы дәстүрге айналды: хат, хабар, хал, халық, хан, асхана, хош, хұқық, хикая, хихмет, ахуал, махаббат, райхан, сахар, сахара, сахтиян. Алайда оның айтылуы жайындағы пікірде ала-құлалық байқалады. Тіліміздің орфоэпиялық нормасы көп жылдар бойы елеусіз қалып келді. Әлі күнге дейін бұған мектепте мән берілмейтіндігін студенттердің бәрі де мойындайды. Соның салдарынан сөздер мен сөз тіркестерін жазылуы бойынша айту қалыптасты. 50 ­жылдардың бас кезінде І.Кеңесбаев: «Орыс графикасы негізінде қазақтың әдеби тіліне в,ф,х,ч тәрізді фонемалар енді. Бұл дыбыстар қазақ тілінде бұрын болмаған дыбыстар» - деп жазды. Р.Сыздықова «Не морфологиялық, не фонетикалық принципке сай келмесе де, бірсыпыра сөздерде х әрпі жазылып кетті: хат, хабар, халық, мұхит, сахна, хана. Бұл сөздердігі х әрпі сөздің түбірін сақтау үшін, немесе естілуінше жазылып тұрған жоқ» ­ десе, арада он жыл өтпей жатып, «х дыбысының өзін айтқан жөн.» ­ деп түзетеді. Орфоэпиялық сөздіктеріміз де осылай түсінеді. Ә. Жүнісбеков мұны дауыссыздарға қоспайтыны жоғарыда айтылады. Ал жазу практикамызға көз салатын болсақ, қазіргі х әріпі кездесетін сөздер алғаш орыс графикасына көшкен кезде байырғы қ арқылы жазылғанын байқауға болады. Мәселен, 1941 жылы жазылған «Қазақ тілінің грамматикасында» алғашқы бетте-­ақ «хабарлы сөйлем » болып тұр. Сондай­ақ орфоэпиялық сөздіктерде байырғы сөздеріміздің құрамындағы б,п кей жағдайда в,ф дыбыстарына жуықтап айтылады дейтін пікір бар және солай етіп берген. Бұған, әрине, келісуге болмайды.
Һ –бірден­бір көмейден айтылатын фонема. Бұл мынандай сөздерде жазылады: аһ, аһла, гауһар, еһ, еһеле, жауһар, жаһіл, жаһаннан, жаһат, жаһатта, жаһілік, қаһар, қаһарлан, қаһарман, мәшһүр, уһ, уһле, шаһар, жиһан т.б. Қарапайым сөйлем тілінде һ көбінесе к, қ қатаңдарымен алмасып айтылады: ақылап-­үкілеп (аһлап-­үһлеп), қаһар­-қақар, шаһар­-шақар, кейде түсіріліп те айтылады – мәшүр (мәшһүр, шәр( шаһар). Һ туралы көзқарас жоғарыда айтылады.
Ц, ч фонемалары африкат (қосынды) дауыссыздар делінеді. Ц фонемасы т мен с элементтерінің жымдасқан (жай құлақа олардың жігі сезіле бермейтін) қосындысы болып келеді. Оны айтқанда тілдің ұшы астынғы күрек тіске, алдыңғы жағы (үсті ) үстінгі күрек тіске (не етіне) нық тиеді де, тез ажырап кетеді. Бұл орыс тілінен енген сөздердің басында, ортасында мол кездеседі де, соңында (абзац, эрзац) сирек ұшырайды. Ц үнемі жуан айтылады, көрші тұрған дауыстыларды жуандатып тұрады: Цех, цирк, циркуль, цитата, цифр т.б. Ч фонемасы т және ш элементтерінің кірігуінен құралған, алдымен тіл ұшының күрек тіске, одан соң тіл алдының таңдайға тиюінен жасалады, ч орифметикамен айтылатын сөздер қазақ тілінде әзірше аз: чек, чекист, чемодан, чертеж, мачта, почта, путч, скетч, бұл әсіресе жалқы есімдерде жиірек кездеседі: Чапаев, Чехов, Чайновский, Петрович, Чкалов. «Ч дыбысын жиі қолдану тілімізде, негізінде, говорларға тән... Қазіргі Қазақстан жерінің Тарбағатайдан бастап Семей облысының оңтүстік, бүкіл Жетісу, Алатау өңіріне дейінгі аймағы, Каспий жағасындағы Маңғыстау түбегі мен Түркменстан, ішінара Қарақалпақстан жерін мекендеуші қазақтардың тілінде африкат ч дыбысының осылайша спирант ш-­ның орнына қолданылатындығы анықталып отыр.» Ч көбінесе сөздің басында айтылады: чал (шал), чапан (шапан), чыбық (шыбық), челек (шелек), чебер (шебер) т.б. Қысқасы, байырғы сөздерде ч дыбысын қолданбауға тырысу керек.
Үнсіз шұғыл дауыссыздар (б,п,к,қ,г,т,д) дауыстылардың қоршауында ызыңға бейімдеу дыбысталады: Абай, Ақан, апа, әке, егер, ата, әдеп т.б. Тіпті ақын, бақыт, Ақан сияқты сөздерде қ орыс тіліндегі х­-ға жуықтап кетеді. Содан да болуы керек жазуда да бахыт, Ахан болып кетіп жатады, яғни мұндай жағдайда шұғылдар босаңдау айтылуға тиіс. Оларды сөз басындағыдай етіп айту, тістеніп тұрған сияқты әсер етеді.
Үнді дауыссыздар.Үнді дауыссыздарда салдырдан үн басым болады да, олар (н­-дан басқасы) дауыстылар сияқты өзге дыбыстардың әсерінен алмасуларға ұшырамайды. М фонемасы артикуляциясы жағынан ұяң б-­мен ұқсас. Тек м­-да дауыс басым, ауа мұрын арқылы шығады. Үнді м сөздің барлық позициясында актив қолданылады және өзге дыбыстардың ықпалынан өзгеріске түспейді. Сөз басында 2955 сөзде ұшырайды.
Н сөздің барлық деңгейінде ұшырайды. Бұл фонемадан басталатын (788) сөздің дені өзге тілдерден енген сөздер. Негізінен кейінгі көрші п, б, м еріндіктердің әсерінен м: Жампейіс (Жанпейіс), жамбады (жанбады), қаммен (қанмен), және қ,к,ғ,г-­нің әсерінен ң: жаңға (жанға), кеңге (кенге), сәңқой (сәнқой) болып айтылады.
Ң фонемасын айтқанда тілдің арт жағы жұмсақ таңдаймен жымдасады да, тез ажырайды, ауа мұрын жолы арқылы шығады. Ауаның шығу жолына қарай м,н,ң мұрын жолды үнділер делінеді. Ң сөз басында мүлдем кездеспейді, ал қалған позицияларда актив қолданылады, бірақ өзгеріске ұшырамайды.
Л фонемасын айтқанда тілдің үш жағы жағы үстіңгі күрек тіс пен қызыл иекке тіреледі де, орта тұсы ой түсіп, арт жағы жұмсақ таңдайға қарай көтеріліп кейін тартылады, тілдің екі бүйірі төмен түсіп ауаның өтуіне мүмкіндік береді. Мұны әдетте қос бүйір фонема дейді. Л сөздің барлық позициясында ұшырайды және өзгеріске түспейді. Сөз басында (468) негізінен өзге тілдерден енген сөздерде кездеседі. Қазақ тілінде сөз басында л-­дың алдынан келетін қысаң ы,і дауыстылар орфографиялық ереже бойынша (сөз мағынасына нұқсан келмейтін болған соң) түсіріліп жазылады. Мәселен: лағу, лаж, лазым, лай, лайық, лақ, лаң, лас, лау дегендер ы­дан, ләм, леген, лекер і­-ден басталады да, өлең жолдарында өз алдына буын құрап тұрады. Бұл, ол, сол есімдіктері мен ал, бол, кел, қал, қыл, сал етістіктерінің құрамындағы л айтуда, жазуда түсіріліп те қолданыла береді: бұ, о, со, ап, боп, кеп, қапты, кепті.
Р фонемасы тіл ұшының альвеолға тиіп, ауаның қарқынымен дірілдеуінен пайда болады. Бұл фонема сөздің ортасы мен соңында жиі кездеседі. Ал сөздің басында тек өзге тілдерден енген сөздерде ғана кездеседі. Қазақ тілінде сөз р дыбысынан басталмаған. Сондықтан да өзге тілдердегі р­-дан басталатын сөздердің алдынан дауысты дыбыстарды селбестіріп (протеза жасап) айтқан. Қазіргі кезде тілімізде р әрпінен басталатын бес жүздей сөз бар. Оның дені орыс тілі арқылы енген сөздер. Оларды айтқанда (орыс тіліндегідей) р фонемасы сақталып айтылады. Ал тілімізге ертеректе енген араб-­парсы сөздерінің көбісінің алдынан қысаң (ы,і,ұ,ү) дауыстылар селбесіп қана қоймай, жеке буын құрап тұрады: ы­рас, ы­разы, і­ренжі, і­рең, і­рет, ұ­рұқсат, ү­рүстем. Ал олардың р­-мен жазылуы – орфографиялық норма. «Рас десең, рас сөз мен айтайын», «Лайла лай оймен тұнығыңды» дегеннің жазылуы мен айтылуына назар аударыңыз.
Й фонемасын айтқанда тілдің ұшы төменгі күрек тіске, екі шеті бүйір тістерге тиеді де, ортасы жұмсақ таңдай мен қатты таңдайдың түйіскен тұсына қарай көтеріледі. Бұл фонема сөздің ортасы мен соңында көп ұшырайды. Сөз басында (йод, январь, ядро, янтарь, юмор, юпитер, юрист) кірме сөздерде кездеседі.
У фонемасының айтылуы орыс тілінен енген дауысты у сияқты. Айырмасы үнді у-­ды айтқанда ауа қарқындылау болады да, салдыр қатысады, буын құрамайды. Бұл фонеманың айтылу орны – сөздің ортасы мен соңы. Й және у фонемаларының өзге дауыссыздардан бір ерекшелігі бұлар дауыстыларға бейімдеу. Сондықтан да болар й дыбысын жарты дауысты түрінде қарау кездеседі. А.Байтұрсыновта: «Жарты дауысты дыбыстар: й,у,л,р» .


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет