Жұмыстың құрылымы: диплом жұмысының құрылымы глоссарийден, кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
1-ТАРАУ. АУДАРМАШЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРХАНАСЫ
Бір халық пен екінші халық жақындасып араласа бастағанда, өзінде жоқты көрші елден алады. Осы ауысудың тиянақты тірегі аударма, өйткені «аудармашылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары», - дейді А.С. Пушкин [1,102]
Аудармашы аударма өнерінде ақынның бейнелеу әлеміне, тіл байлығына, сипаттау сұлулығына, көркемдік кеңістігіне еркін бойлай отырып, көп нәрсе үйренеді, шығармашылық ізденісін жетілдіреді. Суреткер талантының құпия сырына қанығады. Тәжірибе толыстырады. Академик М. Алексеева аударма туралы мынадай тұжырым жасаған. «Кез келген әдеби шығарма басқа тілге аударылғанда өзінің туған топырағынан және туыстас туындылардан бөлектенуге тап келе отырып, бастапқы үн-ырғағын, өзіне тән емес «бөгде дүниені» енгізу арқылы қандайда бір өзіндік қасиетін және ең алдымен өзінің жасалу уақытының белгісін жоғалтады, алайда осынау аударма шығармалар бұрын өзінде болмаған жан-жаты қызметтік сипат алады. [14,56]
В. И. Винаградов «Аударма – сөз өнерінің ерекше, өзіндік үлгідегі әрі өз бетінше жасалатын түрі» - дейді. [12,8]
Т. Әлімқұлов аудармада аудармашының білімі, талғамы, дарыны, болмысы, характері бой көрсетпей тұрмайды деп біледі. «Аудармашының аударылмыш туындыны өз көңілінен, өз жүрегінен ыстық сезіммен, нәрлі талғаммен өткізуі шарт. Аударма үстінде шабыттанбаған, жүректің қанымен жазбаған адам ана тілде ұзақ жасайтын тудыра алмайды». – секілді тұжырымдар көркем аударманың шығармашылық табиғатын танытумен бірге аудармашы тұлғасының да шығармашылық даралығын сипаттайды. Т. Әлімқұловтың ұсынып отырған пікірі шығармашылық ой өзегінің туу процесінің сипатын танытады. [9,9]
Аударма өнеріндегі шеберлік – аударма ісінің барлық қыр-сырын, тәржімалық әдіс -тәсілдерін жетік меңгеріп, әдеби машықтанып, бай сөздік қорды жинақтап, аударылатын шығарма тілімен өзінің ұлттық тілінің стилистикалық, лексикалық, семантикалық заңдылықтарын бес саусақтай білген жағдайда ғана қалыптасады.
Аудармашылық нағыз шығармашылық өнер. Аудармашы екі тілді жетік білумен қатар, әрі жазушы, әрі ғалым болуға тиіс. Аударма сапасы аудармашының талантына, біліміне, жалпы мәдени дәрежесіне және тәжірибесіне байланысты. Сол себепті де жұртшылық әрқашан оның жақсысына сүйсініп, жаманына күйініп отырады. Нағыз шығармашылық көркем аударма дегеніміз түпнұсқаның стильдік, тілдік ерекшеліктерін түгел ескере отырып, оның көркемдік – идеялық қасиеттерін толық жеткізу, әрә қазақша биязы да жарық етіп шығару. Осы екеуі ұштасқанда ғана аударма көркем болады. [25,48]
Орыс аудармашысы В. Рожденственский «Аударма басқа жердің гүлін өз топырағыңа алып келу ғана емес, ол дегеніміз сондай-ақ оның тұтастай қайта гүлденуі» деп поэтикалық, эстетикалық пайымдау жасайды. Көркем аударманың толық құндылықта, әдемі де әрлі, мәнерлі де мәнді жасалып шығуы да түпнұсқалық құрылымымен стилистикалық-семантикалық жағынан дәл, сәйкес, шынайы, айқын, баламалы, үйлесімді қайталануы болса керек. [2,92]
Аудармашылық талант - әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Көркем аудармада ғана емес, ғылыми көпшілік, қоғамдық – саяси, публицистикалық, ресми – іскери аудармада да талант рөлі зор. Аудармашылық шеберлікүнемі ізденіп, еңбектенуден, әр аударма сайын жиған тәжірибе негізінде қалыптасады. Аудармашы шеберлігі үнемі жетілдіруді қажет етеді. Бұл – ауқымы кең ұғым. Аудармашылық машық сипатындажаңа тілдік стилистикалық ізденіс, сөздік қорды байыту, әрі басқа да білім салаларымен қарулану деген сөз.
Аударма ісінде де батылдық керек. Классикалық туындыларды аудару барысында бұл қасиеттің алатын орны ерекшке. Әдемі де көркем жасалынған туындыны басқа ұлт тілінде компазициялық – сюжеттік, бар тілдік байлығымен, идеялық – көркемдік құндылығымен, өзіндік стильдік мәнерімен, бейне сомдаудағы түрлі тәсілдерімен, көркемдік элементтерімен жеткізе білу – аудармашының таланты мен тәжірибесі, шеберлігінен бөлек, батылдығына да бағытталады. Жоғары табысқа жету үшін аудармашыға елестету батылдығы да тән. А.С. Пушкин «Ең жоғары батылдық дегеніміз – кең ауқымды, жоспарлы шығармашылық ойлаумен тоғысатын бейнелеу батылдығы», - деген. [20,13]
Көркем аудармада елестетудің өзіндік ерекшелігі бар. Өйткені көркем елестету үлкен талантқа тән қасиет. Аудармашы мейлі прозалық, мейлі поэзиялық жанр болсын, шығарманы қайталап оқып, оны көркемдік қабылдаудан өткізгеннен кейін ғана аудармаға кіріседі. Көркемдік елестету мәтіннен бастап композициялық құрылымға дейін шығарма элементтерін қамтиды. Шығармадағы бейнеленген сюжетке, оқиғаға, тартысқа, кейіпкерлер мінезіне, пейзажға т.б көркемдік элементтерге неғұрлым терең әрі батыл бойлаған сайын шығарма мазмұны, көркемдік мәні айқын да шынайы ашыла түседі.
Демек, аудармашыға аударылатын көркем шығарманы бар көркемдік – эстетикалық, образдылық, семантикалық-стилистикалық сипатымен жеткізу – басты міндет. Кең ауқымды, терең ойлау жүйесімен, айқын елестету мүмкіндігімен түпнұсқаның компазициялық мазмұнын, мәтіндік-стильдік мағынасын, ішкі құпия сырын, тілдік құрылымдық өзгешелігін, экспрессивтік – эмоциялық бояуын, көркемдік – идеялық маңыздылығын және шығарманың басты қасиеттерін аша білуде аудармашы жауапкершілігі зор. Аударылған туынды бүгін ғана емес, келешекте де оқырман талқысына салынатынын, зерттеушілер мен сыншылар назарына ілінетінін ойлаған кезде оның жауапкершілігі де ұлғая түседі. Жоғары көркемдік сапа биігінде аударылған шығарма – ұлттық әдебиеттің үлкен жетістігінде ғана емес, ұлттық аударма мектебінің үздік үлгісі саналады. Ол өз заманынан кейінгі уақыттарда аудармашылық өнердің өміршеңдігін айқындайды. [24,35]
Аудармашы – бұл суреткер, сөз зергері, үлкен тіл маманы, басқа халықтың әдеби құндылығын өз тілінде қайта жасап шығушы. Аудармашылық – өнер, ғылым, шығармашылық іс десек, аудармашы ең алдымен – талант иесі.
Таланттың орны қашан да биік. Ол аудармашылық істе айрықша қажет. Аудармашылық талант әркімге қона бермейтін сирек қасиет. В. Белинский: «Гете шығармаларының аудармасынан біз аудармашының емес, Гетенің қолтаңбасын көргіміз келеді, тіпті, Гетені Пушкиннің өзі аударса да біз одан өзін емес, Гетені танытқанын талап етер едік», - деген ой ұсынады. Әйтпесе, аударма жасау осы екен деп көптеген аудармашылар авторға қиянат жасап, шығарманы қысқартып аударады, кейде жекелеген сөз, не бүтіндей сөйлемдерді тастап кетеді, өзінің ойынан сөз қосып түрлендіреді. Қысқасы, автордың белгілі мақсатта жазған туындысын, басқа тілде жұлым-жұлымын шығарып, өзгертіп, қайта жасайды.
В. Жуковскийдің пайымдауынша, аудармашы көркемдік таланты бойынша, автормен тең дәрежеде болуы тиіс, аудармашы ақын-жазушымен бірдей дәрежеде елестетуге, сөз саптау мәнеріне ие болу тиіс. Ой қабілеті мен сезімі жағынан да тең дәрежеде болуын, түпнұсқадағы сұлулықты сондай сезіне білуін, керек болса, онымен теңдесетін немесе асып түсетін өзіндік сөз байлығын, ой тереңділігін талап етеді.
Таланттың да таланттысы аударманың шығармашылық азабына төзеді. Әлем әдебиетінің үздік үлгілерін, классиктер кітаптарын аудару – нағыз таланттылық. Классиктер шығармаларын аудару үшін олардың шығармашылық рухымен танысып, қаламгерлік қыр-сырын терең зерттеп, туындыларының көркемдік-мазмұндық және идеялық-эстетикалық құндылығын, стильдік жүйесін бағалай біліп, суреткердің шығармашылық тағдырын айқын түсіне білу қажет. Осыған қатысты К.И Чуковский: «Егер аудармашы талантты болса, ол онда автордың жігерін жасытпайды, керісінше ол оны қанаттандырады», - деген еді. Аудармашы – ар-ұяттың ісі, аударылуға тиісті мәтіннің бәрін аударып жеткізуінен бөлек, шығарманы қайта жасап шығудың жетістіні аудармашының талантына, ақыл-ой тереңдігіне және де көркемдік мәнеріне, тәсіліне қатысты. [2,9]
М. Әуезовтың пайымдауынша: «Аударма бір жағынан шеберліктің де мектебі. Аудару үстінде жазушы автордың творчестволық сырына қанады, оның көргенін көріп, білгенін біледі. Сол арқылы өзінің ой-өрісін ұлғайтумен қатар, авторша машықтанып үйренеді». Шын мәнінде аудармашы шеберлікке бірден жете қоймайды. Бойындағы талантты жетілдіру, ізденісті ұштау, мол тәжірибе жинақтау, машықтану, үнемі оқу және әр аударма сайын шығармашылық өсу барысында қалыптасады. Сондай-ақ, неміс философы Лессингтің: «Жақсы кітапты жақсы аудармашы тәржімалауы тиіс», - дегені де көркем аудармадағы таланттылықтың рөлін айғақтап тұрғандай.
М. Әуезов «тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады» деп ашып айтты. Ал, дәл аудару – көшірме жасау емес. Әңгіме көркемдік тұрғыдағы дәлдікте болып отыр. Оған үлкен шығармашылық шеберлікпен ғана жетеді. [3,26]
Достарыңызбен бөлісу: |