Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары: Генри және Софья Шлимандар жайлы өмірбаяндық роман» атты еңбегін қазақша сөйлеткен Қ.Қараманұлы бүгінде қазақ аударма әлемінің төрінен орын алып отыр десек артық кетпейміз.
Ағылшын тілін өз бетінше оқып – үйренген жазушы Грэм Гриннің «Комедианттар» және Ирвинг Стоунның «Грек қазыналары» романдарын аудару барысында шығарма авторларымен хат арқылы хабарласып, әріптестік байланыс орнатады. Соның нәтежесінде И.Стоун өз романының қазақша нұсқасына алғы сөз жазып береді:
«Грек қазыналары» атты биографиялық романымның қазақ тіліне аударылып, «Жазушы» баспасы арқылы Қазақстан жұрртшылығының назарына ұсынылғалы жатқанын біліп, зор қуанышқа бөлендім. Бұл хикая тек Алматының ғана емес, сонымен бірге барша Қазақстан оқырмандарының көңілінен шығар деп сенемін. Олай ойлайтын себебім, кітабыма материал жинау барысында Греция мен Түркияда жүргізген зерттеулерім өзіме көп қуаныш сыйлаған; сондай-ақ, кітабымның жазылуы да қанағаттанарлықтай көрінген. Өйткені, шытырман оқиғалар жайлы, нәзік махаббат пен археологияда жаңа бетбұрыс жасаған жетістік жайлы баяндайтын желілерді бір шеңберге сыйғызып, жігін білдірмей жымдастыру шын мәнінде де оңай шаруа емесі анық. «Грек қазыналары» қазір отыз бес тілге аударылды және өзіме келіп жатқан хаттардан оның жылы қабылданғанын аңғарып отырмын. Баспадан шығып, санаулы айлар ішінде сатылып, оқырманын тауып алған басқа да бірқатар романыма қарағанда, «Грек қазыналары» атты бұл романым дүние жүзі оқырмандарына мейлінше кең танылған шығармаға айналды. Бұның себебі кітапты менің жазғандығымнан емес, Трояның табылуының өзі ерекше жан тебірентерлік оқиға болғандығынан. Трояның тарихта болғанына, оның Гомер жыраудың ойдан шығармағанына қалтқысыз сенген әлемдегі жалғыз адам-егде тартқан болашақ зерттеуші Генри Шлиман мен Софья есімді жас қыздың арасындағы махаббат та, өз тарапынан жан толғандырарлық. Барша қазақ оқырмандарына шын ықыласты жолдастық сәлем жолдаймын. Бұл кітаптың сіздерге де қуаныш сыйлауына тілектеспін. Достық сезіммен, Ирвинг Стоун. Қ.Қараманұлы романды аударуда сатылы аударманы негізге алған. Талантты орыс аудармашысы - С. В. Шервинский нұсқасына сүйенген. Аудару барысында түпнұсқаны пайдаланбаған. Себебі, аудармашының айтуынша, түпнұсқа («Тhe Greek Treasure») шығарманы таба алмаған. Тәржіман аударма еңбегіне бір жарым жыл уақыт тер төгеді.
Қ.Қараманұлы аудармашының тіл байлығы мол болуы үшін аудармашы алдына мынадай міндеттер қояды:
- ана тілін жетік білу керек;
- қаламгер болу керек; жазушы, ақын, журналист сияқты жазуға бейім болу керек.
- көркем әдебиетті көп оқу керек.
- есте сақтау қабілетін жақсарту керек;
- өзіңнің сөздігің болуы керек. Мәселен, менің өзімнің сөздігім бар. Мысалы, «колона» деген сөзге «ұшқын» деп өзім аударма бердім. Міне, осындай, өзім аударма берген сөздерді сөздігіме жазып қоямын.
Шығарма атауы: «Тhe Greek Treasure», оны С. В. Шервинский: «Греческое сокровище» деп берсе, Қ.Қараманұлы «Грек қазыналары» деп аударады. «Неліктен шығарма атауын «Грек қазынасы» демей, «Грек қазыналары» деп аудардыңыз?» - деген сауалға былай деп түсіндірме берді. «Шығарма атауын «Грек қазынасы» демей, «Грек қазыналары» деп беру себебім, «Қазына» деген бір-ақ нәрсе ғой. Ал «қазыналар» деген көп. Шығармада тек «Троя» табылмайды ғой, оған қоса тағы Микен де табылады.»
Шығармада өлеңдер мен мақал-мәтелдер келтірілген. Мақал-мәтелдерге балама табу қиын болды ма? «Түпнұсқаның өзінен аудардыңыз ба, әлде орыс тілінен бе?» деген сауалға: «Аударуда қиналған жерім өлеңдерді аудару болды. Дегенмен, ешкімнен көмек сұрамай, барлығын өзім аударып шықтым. Себебі бұл Пушкиннің өлеңі емес қой, аударма өлең. Орысша аудармасында ұйқасын әдемі келтірген. Мен де барынша ұйқастырдым. Түпнұсқаны қарастырмадым».
Сондай-ақ, аудармада «монетаның» аудармасын ұлттық валюта аты-теңге деп беріледі. Аудармашының түсіндірмесі бойынша, бұрын қазақта домалақ темір ақшаны - теңге деген. Яғни теңге сөзі-қарабақыр ұғымын береді. «Медовый месяц» аудармасын неге «бал айы» емес, «шырын айы» деп, «север» сөзінің аудармасын неге «солтүстік» емес, «терістік» деп аудардыңыз?» - деген сұраққа: «бал айы» деген калька. («honey moon»-«медовый месяц»-«бал айы») Өзім аудармасын беруге тырыстым. Ал енді «терістік» деп «оңтүстікке» қарама-қарсы қылып алдым. Негізі «түстік» емес, «тұстық» болуы керек. Сонда, «оңтұстық», «солтұстық».