90. Дін тұту бостандығының заңмен қамтамасыз етілуі және Қазақстандағы конфессияаралық келісімді талдап қорытыңыз Еліміздің тәуелсіздік алған 31 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен маңызды
жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни
еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде дінаралық татулықтың өркендеуі, барша
халықтың 70 жылдық атеистік өмірден кейін өз діндерімен қайта еркін қауышуы десек, артық айтқандық болмас. Иә, бұл тәуелсіздіктің бізге берген бақыты, үлкен сыйы. Қазақстан – келісімді діни қатынастардың жоғары деңгейіне қол жеткізген ел. Біз конфессиялық сан алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі азын-аулақ елдердің қатарына кіреміз. Біздің республикамыздың конфессияаралық келісімдегі құнды тәжірибесі әлемге танымал болып отыр. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде діннің игілікті рөлі артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары күшейе түсуде, дінге сенушілер мен діни нанымдағылар көбейіп, діни бірлестіктер қызмет атқаруда. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық,
дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін барынша қосып отырғандары бәрімізді қуантады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан
бостандығына құқығы бар», деп анық бекітілген. Ар-ождан бостандығы – ең
алдымен жеке адамның кез-келген идеологиялық бақылаудан бостандығын
білдіретін адамның негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдау құқығы. Ар-ождан бостандығы адамның абсолюттік құқығы болып табылады. Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай-ақ, конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кезкелген түріне тыйым салады.Діни сенім бостандығына деген құқық қоғамдық және діни мүдделердің теңдігіне қол жеткізу арқылы діни сенім бостандығының конституциялық принциптерін қамтамасыз етуге, сонымен бірге мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы әріптестік пен өзара түсіністік қатынастарын дамытуға бағытталған 2011 жылдың 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында бекітілген. Сондай-ақ, осы Заңда Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді өзінің діни наным себептері бойынша орындаудан бас тартуға ешкімнің құқығы жоқ екендігі айрықша белгіленген. Діни сенім бостандығы негізінен зайырлы мемлекеттерге тән. Зайырлылық – бұл мемлекеттік атеизмнен және бір дінді жалпыға бірдей немесе ресми ретінде мойындаудан бір мезгілде бас тарту арқылы сенім мен ар-ождан бостандығы мәселелерінде азаматтардың толық теңдігін қамтамасыз етуші мемлекеттің сипаттамасы. Елбасы Н.Назарбаев қоғамда зайырлы сананы нығайту қажеттілігін әрдайым айрықша айтып келеді. Осы жайында өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біз мұсылман үмбетінен екенімізді мақтан тұтамыз» деп атап өтеді. Бұл – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері бар, Қазақстан – зайырлы мемлекет екенін естен шығармауымыз қажет. Және зайырлылықты үнемі сақтауға және оны дамыта түсуге бар күш-жігерімізді аямауымыз абзал.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан соң жағдай түзеліп, діни өркениетті көзқарас демократиялық өзгерістердің бір бөлігіне айналды. 1992 жылы 15 қаңтардағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының қабылдануы маңызды оқиға болды.