Лиро-эпостық жырларында тұрмыс-салт жырларының айтыс, жоқтау, жар-жар, жұбату, жұмбақ айтыс, қоштасу, сыңсу сияқты түрлері өте жиі кездеседі. Қазан төңкерісіне дейін Лиро-эпостық жырларын жинап, жариялауда орыс ориенталистері В.В.Радлов, И.Н.Березин, Г.Потанин, т.б. көп еңбек сіңірді.
ҚОЗЫ КӨРПЕШ — БАЯН СҰЛУ — XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасында қағазға түскен қазақ халқының лиро-эпостық жыры.
Поэма Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындардың орындауында ауызша таралған. 20-ға жуық нұсқасының ішінен ең белгілісі – Жанақтың нұсқасы. Алғаш ел арасынан жинап, хатқа түсіргендер: Г.Саблуков (1830), Ғ.Дербісалин (1834), А.Фролов (1841), Шоқан Уәлиханов (1856). Жырдың мазмұнын М.Путинцев орыс тіліне аударып бастырды (1856), кейін В.Радлов "Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері" жинағының 3-томына еңгізді (1870).
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасының негізгі идеялық-мазмұны сол дәуірдегі жастардың сүйіп қосылуын арман еткен тілек-мүдделерді қамтиды. Әуелде поэманың идеялық бір сабағы жесір дауымен байланысты болғанға ұқсайды. «Жесір ерден кетсе де, елден кетпейді» деген пікірді де сабақтастырған. Кейін ол жақтары көмескіленіп, сүйіспендік мәселесі негізгі орын алып, оқиға тек сол тақырыптың айналасына ғана шоғырланып, басқа жайттар тек соны дәлелдеуге жарарлық дәрежеде қалған. Поэманы оқыған адамның мақсаттарына жете алмай, өмірден арманда өткен екі жасты аяйтыны да, олардың қосылуына көлденең тұрған Қарабай мен Қодарға қарғыс айтатындығы да сондықтан. Жырда айтыс, тұрмыс-салт жырлары: естірту, жоқтау, қоштасу, т.б. кеңінен қолданылады. Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже, т.б. ақындар әр кезде дастан оқиғасын өздерінше жырлаған.
Ғ.Мүсіреповтің халық жыры негізінде жазған 4 перделі, 7 суретті трагедиясы. Шығарма 1939 ж. сәуір айында жазылып біткен. Трагедия алғаш рет Қазақ академиялық драма театрында режиссер М.Г. Насоновтың сахналауымен 1940 ж. 29 сәуірде көрермен назарына ұсынылды.
Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ізі тек жырда ғана қалған жоқ, қос ғашықтың көзіндей болып келе жатқан мазар да бар. Бұл мазар Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жерде, Аягөз өзенінің бойында орналасқан. Жалпы биіктігі – 12 метрге жуық.
Кейбір түркі халықтарының фольклорларында жырдың басқа нұсқалары кездеседі. Мысалы, башқұрттарда — «Кузы Курпеш мэнен Маян сылу», барабан татарларында — «Козы Корпеш», алтайлықтарда — «Козы Эркеш» деп аталады.
Жыр желісі бойынша Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесасы, 1954 жылы сол Мүсіреповтың сценарийі бойынша «Махаббат туралы поэма» фильмі түсірілді. 1992 жылы танымал қазақ режиссері мен актері Асанәлі Әшімов «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» кинофильмін түсірді.
Достарыңызбен бөлісу: |