Өлеңдері Сүйінбай – ірі ақын. Сондықтан оның қозғаған тақырып, көтерген мәселелері де ірі болып келеді, соған орай ойы да өрелі, тілі де өрнекті шығады.
Сүйінбай үнемі халыққа арқа сүйеп, ру емес, тайпа емес, тұтас елдің мүддесін жырлайды, ел үшін оттан да, судан да тайынбай, өмірін қиған ерлерді мадақтайды. Елдік, ерлік идеясы – Сүйінбайдың өлеңдері мен жыр-дастандарының, айтыстарының өн бойына тартылған өзекті идеясы.
Ақын шығармаларының бір парасы осы елдік пен ерлік тақырыбына арналған. Солардың ішінде елдік пен ерліктің гимні іспетті «Бөрілі менің байрағым» өлеңінің орны бөлек. Онда бір тайпа елдің ғана емес, бүкіл қазақтың, түпкі тегі – көк бөріге сиынған, оның басын ту етіп, тұлпар мініп, елін қорғаған сонау хүн-түркі заманынан қанына сіңген халық рухы есіп тұр.
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен, –
деп басталатын өлең шумағынан дүркірей жөнелген қалың қолдың дүбірі, әр сөзінің саф алтындай салмақты мағынасы, елдің намысы, бүтіндігі жолында бір ту астына жиналғандардың бөлінбес бірлігі, бөгеліп, іркіліп көрмеген өршіл өжеттігі атойлап тұр.