10. 2.4.1 - әртүрлі стильдегі (ғылыми, ресми іс-қағаздар, публицистикалық, көркем әдебиет, ауызекі сөйлеу стилі) мәтіндердің тақырыбын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау
Оқылым алды тапсырма.Сынып қабырғаларына оқу бағдарламасының лексикалық тақырыбына сай «Қазіргі қоғам құндылықтары: мәдениет және өркениет», «Қоғамдағы басты құндылық – өз салт -дәстүрің» тақырыбына қатысты басты оқиғаларды сипаттайтын (мысалы, бата беру, қыз ұзату, қонағасы, ерулік т.б.) суреттер ілінеді. Оқушылар «Суреттер галереясы» әдісі арқылы суреттерді кезегімен көріп, аралайды. Өзіне жақын тұрған оқушымен көрген суреттері туралы ой бөлісіп, болжам жасайды және бүгінгі сабақтың тақырыбын анықтайды Жұптық жұмыс жүргізіледі.
Оқылым тапсырмасы. Алдымен оқушыларға екі мәтін таратылады. Жұптық тапсырма ретінде мәтіндердің стиліне, тілдік құрылымына талдау жасайды. Мысалы,
1-мәтін: ... Әкем соның бәріне алыстан қарап тұрып, көзіне жас алды. Үбиан болса сыңсуын үдетіп барады. Бұл кезде жасау артылып, жұрттың алды атқа қона бастаған екен. Үбианның да сәйгүлігін әкелді. Сол кезде әпкемнің даусы бұрынғыдан да зарлы шығып еді. Ауыл әйелдері бәрі құшақтап көрісіп, жақсы тілегін жаудырып жүр.
Елдің ең соңында әкем келді. Ол қызын бауырына басып тұрып иіскеді. Даусы қалтырап батасын берді де, көз жасын көрсеткісі келмей, тез бұрылып кетті.Сол-ақ екен, Аюбайға еріп келген жетеудің ішінен екі күйеу жолдасы әпкемнің қолтығынан лып еткізіп көтерді де, атқа қондыра қойды. Ер үстінде ауытқып отырған әпкемді бірі сүйемелдеп, бірі ат тізгінін жетелей жөнелді...
2-мәтін:
Бата қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қарастырылады. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандык, адалдық пен арамдық, обал-сауап турасындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті.
Сыңсуда қыздың жеке басының мұңы әлеуметтік мәселелерімен ұштасып, ескі әдет-ғұрыпты әшкерелеумен қатар қоғамдық ортаның, азаттық аңсаған әйелдер көзқарасы білдірілген. Сыңсудың өлеңі құрылысына қарай 7, 8, 11 буынды болып келген. Қазіргі кезде негізінен қыз ұзатылып кетіп бара жатып, туған-туыстарымен қоштасу барысында айтылады. Қыз өзінің ішіндгі бар сағынышын шығарып, жұртына кетеді.