Дәріс мақсаты мен міндеттері: Ми бөлімдері туралы білімін қалыптастыру, құрылысымен таныстыру. Ми бөлімдерінің әр түрлі дәрежеде дамуын және жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратынын оқып білу. Аралық ми мен алдыңғы ми құрылысы мен қызметін оқып білу.
Дәріс мазмұны: Ортаңғы ми Ортаңғы ми мидың басқа бөліктеріне қарағанда үлкен өзгеріске ұшырамаған және көлемі де кішірек болып келеді. Ортаңғы ми екі аяқшасы мен төрт төмпешіктен түзілген. Оның жіңішке қуысын су өткізгіші деп атайды.
Ортаңғы ми. Көлденен көрінісі
1-ортаңғы мидың төмпегі
2-қақпақша бөлімі
3-ми аяқшасы
4-қызыл ядросы
5-қара зат
6-көз қимыл нервтің ядросы
7- көз қимыл нервтің қосалқы ядросы
8-қақпақшаның айқасы
9- көз қимыл нерві
10-маңдай көпір жолы
11-қыртыс-ядеро жолы
12-қыртыс-жұлын жолы
13-шүйде-самай-төбе-көпір жолы
14-медиальды ілгек
15-төменгі төмпектің тұтқасы
16-Vүшкіл нертің жұлын жолы
17-жоғарғы төмпек
18-ортаңғы мидың су өткізгіші
19-орталық сұр зат
Мишықтан үш пар аяқша шығып, оны айнала жатқан ми бөліктерімен байланыстырып тұрады. Жоғарғы аяқшасы жоғарғы жағында жатқан ортаңғы мидын, төрт төмпешігімен, ортаңғы аяқшасы ми көпірімен, ал төменгі аяқшасы сопақша мимен байланысады.
Төменгі аяқшасы жұлын-мишық жолын түзіп, мишықтың құртша бөлімімен жалғасады. Бұл жол дененің проприорецепторлық импульстерін қабылдап тұрады.
Ортаңғы аяқшасы мишықты көпірмен байланыстырып тұратын көпір—мишық жолын түзеді. Ал, көпірдің табан бөлігіне үлкен ми сыңарларының қыртысынан шыққан талшықтары жалғасады. Осыған байланысты бұл жолды, қыртыс-көпір - мишық жолы деп атайды. Бұл жол арқылы мишықтың қызметі үлкен ми сыңарларының қыртысымен басқарылып отырады.
Жоғарғы (алдыңғы) аяқшасы мидың ромба ойысының мойынын түзіп, ортаңғы миға дейін созылады. Бұл аяқша негізінде тісті ядро талшықтарынан түзіледі.
Мишықтың негізгі қызметі дененің қимыл әрекетін рефлекторлы жолмен реттеп, бұлшық еттердің тонусын, жиырылу күшін басқарып, тепе-тетеңдік жағдайды сақтап, өткізгіштік қызметін атқарады.
Академик Л.А.Арбелийдің лабораториясында, мишықтың ішкі органдарға тиетін симпатикалық (вегетативті) әсері де анықталған. Осындай жан-жақты тексерудің нәтижесінде мишықтың қан қысымына, жүрек жұмысына, көз қарашығына т.б. органдардың жұмысының өзгеріп тұруына қатысы бар екендігі дәлелденген. Сонымен қатар, мишықтың қызметіне сыңарлы мидың қыртыс затының әсерінің күшті екендігін байқаймыз.
Ми аяқшалары ортаңғы мидың алдынғы жағында ұзына бой жатқан қос бағанға ұқсайды. Олар төменгі жағынан көпірге, жоғарғы жағынан ми сыңарларына еніп жатады.
Ми аякшаларының көлденең кесіндісінің ортасында жатқан қара затты байқауға болады. Осы меланин пигментіне бай қара заты ми аяқшасын сыртқы жағындағы табан бөлігіне және ішкі жағындағы қақпақшасына бөліп тұрады. Қақпақша бөлігінде ұзына бой жатқан қызыл ядродан қозғалтқыш (монахов) жолы басталады. Ал қызыл ядроның екі жағында көру тқмпегіне баратын сезім жолдары жатады.
Ми аяқшасының табан бөлігінде өтетін нерв талшықтары пирамида жолының жалғасы болып табылады. Бұл жол төмен қарай түсіп, көпірмен сопақша ми арқылы жұлынға дейін жетеді. Қыртыс-көпір жолы көпірдін, өзінде аяқталса, қыртыс-ядро жолдарының талшықтары төртінші қарынша мен су өткізгіш түбіндегі ми нервтерінің ядроларына жалғасады.
Су өткізгіш қабырғасында III—IV жұп нервтерінің ядролары орналасқан. Оның III жұп нервісінің түбірі ми аяқшаларының аралығынан шықса, IV жұп нервісінің түбірі ортаңғы мидың артқы жағынан шығып, ми аяқшаларын айналып мидың алдыңғы бетіне қарай өтеді.
Ортаңғы мидың да су өткізгіш түбінде ретикулярлы заты болады. Ол сопақша ми мен көпірдің ретикулярлық затының жалғасы болып есептелінеді.
Төрт төмпешік ортаңғы мидың артқы жағын түзеді. Ол ақ пластинкамен жабылып жатқан төрт төмпектен тұрады. Олар көлденең саймен жоғарғы және төменгі қос төмпешіктерге бөлінеді. Жоғарғы қос төмпешік — қыртысасты көру рефлексін бағыттау орталығы болып саналса, төменгі қос төмпешік— қыртысасты есту рефлексін бағыттау орталығы болып есептелінеді. Себебі, жоғарғы қос төмпешік арқылы көру рефлексін бағдарлайтын орталық орналасса, төменгі қос төмпешік арқылы есту рефлексі өтеді. Бұл төмпешіктерден төмпешік — жұлын (текто — жұлын) жолы басталады. Осы жолдың талшықтары ортаңғы мидың қақпақшасынан айқасып өткеннен кейін қозғалтқыш клеткаларға жалғасады. Олардан шыққан талшықтар бұлшық еттерге жетеді.