7.«Алаш» партиясының құрылуы мен қызметі. «Алаш» партиясының бағдарламасы. «Алаш» партиясы (1917—1920) — Тұңғыш жалпықазақ съезін шақыру туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны даярлауды Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан құрылған айрықша бюроға тапсырды. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және тарихта алатын орны. Қазақ зиялылары саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алған болатын. Төрағасы — Әлихан Бөкейханов. XX ғасырдың басындағы елдегі аласапыран қиын кезеңде халықтың қамын ойлаған саяси күш – Алаш қозғалысы болатын. Осы қозғалыстың басында – саяси мәдениеті әлемдік деңгейге көтерілген, оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай адамгершілік-имандылық қасиеттері ата-бабамыздың сан ғасырлық қастерлі құндылықтарымен сусындаған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Б.Қаратаев сияқты дүлдүлдер тұрса, солардың ізін басқан болашақтың нарқасқа ұлдары – Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, М.Шоқай, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тағы басқалар одан әрі дамытты. Бірінші жалпықазақ съезіне қатысқан М.Шоқаев өзінің естеліктерінде бұл жиынға өзбек және татар елдері өкілдерінің де қатынасып, өздерінің ыстық ықыласын білдіргендігін айтып: «Сөйтіп құрылтай ұлы түркі халықтарының бас қосқан үшеуінің мызғымас бірлігін көрсететін сахнаға айналды» - дейді. Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24-маусым күнгі санында съездің тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынды. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді.
Алаш партиясының бағдарламасы: Алаш партиясының бағдарламасы - 1917 жылы "Қазақ" газетінде пайда болған бағдарлама.
І. Мемлекет қалпы: Ресей демократиялық, федеративтік республика болу (Демократия мағынасы- мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағынасы - құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді.) Үкімет басында Учредительное собрание мен Г.Дума қалауынша кесімді жылға сайланатын президент болу. Президент халықты министрлер арқылы бағу, ол министрлер Учредительное собрание мен Г.Дума алдында жауапты болу. Депутаттар тегіс, тең, төте һәм құпия сайлаумен болады. Сайлау хұқында қан, дін, еркек-әйел талғаусыз болу. Законды жалғыз ғана Г.Дума шығару һәм Г.Дума үкімет үстінен қарап, ісін тексеру, запрос (сұрау) жасау хұқы да Г.Думада болу. Мемлекет салығы Г.Думасыз салынбау.
ІІ. Жергілікті бостандық
Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия Республикасының Федерациялық бір ағзасы болу. Реті келсе, қазақ автономиясы сыбайлас жұрттармен әзірге бірлесе болу, реті келмесе, бірден-ақ өз алдына жеке болу. Қайткенде де осы күнгі земстволықты қабыл алу. "Алаш" партиясы қазақтың би, болыс, аулнайлары сияқты орындарында қызмет ететін адамдар жұртқа пайдалы, жұрт үшін қызмет етерге көңілді адамдар болуына жаһид қылады (тырысады). Земстволардың управаларында, милицияларында таза қызметші боларлық адамдардың атын халық қалауына салады. "Алаш" партиясы әділдікке жақ, нашарларға жолдас, жәбірлерге жау болады. Күш-қуатын игілік жолына жұмсап, жұрт тарақи ету жағына бастайды (дамыта бастайды).