«Композиция ( латын тілінде құрастыру, тәртіпке келтіру) – шығарманың құрылысы, оның негізгі бөлшектерінің орналасуы, оқиғалардың баяндалу реті. Жазушы композиция арқылы кейіпкерлерді мінездейді, жазып отырған өмір құбылыстарын өз түсінуінше көрсетеді.Қарапайым тілмен айтсақ, көркем шығарманың ішкі құрылысы толып жатқан бөлшектерден тұрса, композиция сол бөлшектерді өзара жымдастырып, бір бүтін жасайды.
Сюжет (француз тілінде зат ұғымын білдіреді) – шығарма мазмұнының көрінісі. Оқиғалар жүйесі. Композиция мен сюжет өзара тығыз байланысты./3/
Мысалы, И.А.Крыловтың «Шегіртке мен құмырысқа» мысалының сюжеті мен композициясын байқалық.
Мысалдың мазмұны: Жаздай ойында қызықты өмірден басқа ештеңе жоқ шегіртке күн суытып, қыс болғанын да байқамайды. Не істерін білмеген шегіртке сабанда ала жаздай дән жинап, қысқы тіршілікке дайындалған құмырсқаны іздеп табады.Шегіртке оған: « Жаздың өтіп, қыстың келерін білмей қалдым. Жылыт! Тамақ бер! Жаз шыққанша асыра! »,-деп тілек айтады. Бірақ құмырсқа оған жаздай жұмыс жасау керектігін ескермесең, енді қыста да селкілдеп ән салып жүре бер дегендей келіспей қояды.Мысалдың мәні: ойсыздықтан, жеңіл өмір сүрумен күнелтпек болудан сақтасын дегенді ескертеді. Бар мазмұны осы. Енді осы мысалдың сюжетін яғни уақиғалар жүйесін қарастыралық. Оқиға неден басталады? Шегіртке жаздай ән салып, шырылдап жаздың өтіп, қыс келгенін білмей, бүрсеңдей бастады.
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Бұл- оқиғаның басталуы. Шегіртке қыс түскесін қатты тоңды. Қабағын қайғы басты. Не істерін білмеді.Сабанда дән жинап жатқан құмырсқаны іздеп табады.Мысалда оқиғаның бұл тұсы:
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Сабанда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Мысалда шегіртке мен құмырсқаның арасындағы әрекет осы жерден басталады. Бұл - оқиғаның байланысуы. Шегіртке құмырсқаға жалынып, жылытуын, тамақ беруін өтініп, аяғына жығылады.
Аяғына бас ұра:
- Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!...
- Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Мысалдың бұл жерлері оқиғаның дамуы. Құмырсқа шегірткенің сөзін тыңдап болып:
- Мұның, жаным ,сөз емес.
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
Бұл оқиғаның дамып, ең биік деңгейге, ең шарықтау шегіне жеткен жері.Мұны оқиғаның шарықтау шегі дейді.
Одан әрі құмырсқа шегірткемен сөз таластырмайды. Оқиға мысалда былай аяқталады:
-Қайтсін қолы тимепті,
Өлеңші, әнші, есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де билей бер!
Ал , бұл- шығарманың шешімі.Осы шағын мысал өлеңдегі оқиғаны талдап қарасақ, оқиға желісі белгілі бір әрекеттерден, қозғалыстардан тұрғанын байқаймыз.Осының бәрі мысалдың сюжетін беріп тұр. Сюжет: Оқиғаның басталуы, байланысы,дамуы, шиленісі, шарықтау шегі, шешімі сияқты бөліктерден тұрады.Ал, композиция осы мысалдағы көркем сөздер, ұйқас, ырғақ, пейзаж, кейіпкерлер, олардың портреті, мінезі, тілі, шығарманың тақырыбы, идеясы туралы сөз ету.