5.Айшықтаудың көркем шығармаларды қолданылуы.Айшықтау (фигура) түрлері. «Әдебиет - сөз өнері. Ендеше «тіл - әдебиеттің бас мүшесі.» (Горький), «сөз шығарманың негізгі материалы» (Федин) екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Көркем тіл жайы - әдебиет туралы ғылымның ең өзекті мәселелерінің бірі.Сөздің реңін, әдеби тілмен ажарлау жайын әңгіме еткенде айқындау мен теңеуге арнайы тоқтаймыз. «Кейбір әдебиетшілер әдеби тілді ажарлауға атымен қарсы», - дейді З.Қабдолов. «Олардың шолақ кесігінше, айқындау, теңеу, құбылту – ескірген; оларды қолдану – анахронизм – ауыз әдебиетіне қайта оралу».Бұл тәсілдердің қай-қайсысын болса да орнымен, шебер қолдану өте-мөте қажет. Көркемдегіш құралдардың түрлеріне айшықтау және құбылту жатады.
Айшықтау, яки фигура (латынша –келбет, бейне) – сөз тіркестерін дағдылы синтаксистік қалыптан гөрі өзгешелеу ораммен, айрықша айшықпен құру.
Айшықтаудың түрлері: айқындау, теңеу, қайталау, шендестіру, дамыту, орын өзгерту, түсіріп тастау, егіздеу, аллитерация, ассонанс, т.б.
Айқындау, яғни эпитет – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз.Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын.
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.
(Абай)
Көктемнің балғын кезі еді,
Әнші құс көкте ағылған.
Жемнің де жасыл өзегі
Көгілдір мұнар жамылған. (Жиенбаев)
Бейбіт күннің өзі күрес мылтықсыз,
Онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз.
(Қ.Мырза)
Тентек үн кетіп еді дауылдап бір, -
Аңқиып әр жерде бір ауыз қақты.
( Ж .Нәжімеденов)
Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің , жабығып кетсем егер мен,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
(Т.Айбергенов)
Жасыл жапырақты қалың ағаштың арасынан түскен күн көше жиегіне кесте төгіп тұрғандай.(М.Сүндетов.)
Қоңыр күз болатын.Ақ жауын себелеп тұр.Жол лайсаң.Алтай өңірінің ең бір жүдең шағы, көңілсіз шағы.(Қ.Ысқақов)
Әдеби тілге үстем мағына беріп,оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып,пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі – теңеу. Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ,оны басқа затпен , құбылыспен салыстыра суреттейді.Мыс:
Қайыңдар күмістің сом бақанындай,
Жиі терек әскердің қатарындай
Бұтақтар жапырағы сылдыраған
Өзбектің батсайы шананындай.
(С.Мұқанов)
Шаншылып Алатаудың ұршығындай,
Шабыттың шырқап биік ыршуындай,
Шолып тұр шартарапты Абай шыңы,
Шытырман, жақпар-жақпар жыр шыңындай. (Ғ.К.)
Қай теңеуді алсақ та, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура біздің көз алдымызға әкеліп,олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырады.Бұл ретте теңеу белгісіз затты белгілі затқа айналдырып,шығармадағы авторлық идеяға қолма-қол көркемдік шешім тауып тұрғандай.