Қобыз атауының шығуы – оның ішін қуыстап жасалуымен әрі ұқсатудан туғандығына тағы бір деректі якут, тува тілдерінен кездестіреміз: якуттарда – хомуос, тува тілінде – хымыш тұлғалы сөздер «ожау», «шөміш» мағыналарында қолданылады [ЯРС: 496] [РТувС: 214]. Осы аталған ыдыстың түр-тұлғасын сипаттасақ – бас жағы қуыс, үңгіп жасалған, сабы – ұзын, жіңішке. Сырт қарағанда – айнымаған қобыз. Ең алдымен ыдыс (ожау) атауы, соған ұқсатудан қобыз сөзі шыққан. Түркі тілдерінен ауысқан болса керек, осыған сәйкес музыкалық аспап (варган) тунгус-манчжур тілдерінде де камус болып дыбысталады [ССТМЯ І: 372]. Қобыз атауының пайда болуына негіз боларлық сөз жүйесі басқа тілдерде де ұшырасады. Мысалы, парсы тілінде кәбус тұлғасы «қисық, иілген» іспеттес мағыналарда айтылады [РПРС: 307]. Қобыз тұлғасының иіліп, қисық көрініп тұратыны да бекер емес.
Сонымен, бақсы сарындары лексикасы тотемдік сенімнің шамандық дінмен араласып ғұрыптық фольклордан көрінуімен ерекшеленеді.
Мифтік наным-сенімдер лексикасы.Адам баласының сәбилік дәуірінде туып, кейін талай буын, талай ұрпақтардың санасына сіңісті болып кеткен ескілікті салттың бірі – тәңірі иелеріне табыну салты. Бұл салт табиғат құбылыстарының дүлей күштерінен қорқып, үркуден, соған еріксіз сыйынып, жалбарынудан туған. Көп құдайға табыну дәуірінен қалған ескілікті ұғым-нанымдардың бірі – бұлтқа, желге табыну болса, бұл да қазақтың халық поэзиясынан кең орын алған мифтік образдардың бірі [27, 23].
Қазақ мәдениеттану тарихы мен тіл білімінде мифтік таным іздері Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Тұрсынов, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Н.Уәлиев, А.Сейдімбек, С.Қасқабасов, М.Искаков, Б.Қанарбаева, Ж.Мадалиева, Б.Ақбердиева еңбектерінде сайрап жатыр.
Жұмыста тасаттық, жада тасы, күн жайлату, жайшы, қауға, Сүлеймен, құрбандық шалу, ақсарбас шалу, бозқасқа сою т.б. мифтік наным-сенімге байланысты лексемалар талданды.
Тасаттық – жауын шақыру ғұрпының ұжымдық түрде орындалатын түрі. Тасаттық сөзі белгілі бір тілектің орындалу мақсатымен құдай жолына көпшілік атынан мал шалу мағынасында жұмсалады. Тасаддуқ – жертва, подаяние, милостыня, тасадуқ етемін, приносить жертву, дать подаяние, ад. Тасадуқ олайым – буду твоей жертвой [БСл І: 358]. Тасаттық арабша – ﻨﺼﺪﻕ тәсәддәқа: дать милостыню, подаяние; п. – тәсәддок: подаяние, пожертвование, жертва – рел. [АҚС: 273]. Қазақтар күні бүгінге дейін су тасыды, тас бұлақ дейді. Кей жерлерде молдалар жаңбырды қолдарына тас ұстап тұрып тілеген. Этнографиялық әдебиеттерде ислам дінінің әсерімен шаман дінінен келе жатқан бұл дәстүр көп өзгерістерге түсті. Тасаттыққа ет асып, қуырдақ, т.б. тамақты бірігіп дайындаған. Тасаттық беру үшін құрбандыққа шамаларына қарай ірі қара, жылқы шалған. Ертеректе киіктің, таутекенің, ақ жылқының ішінен шығатын қызыл тасты бір ыдысқа салып, үстіне су құйып, бұлт шақырып, жаңбыр жаудыратын. Таскак ﺘﺎﺴﻗﺎﻕ навъсь, на который кладутся кости животного, принесенного въ жертву, жертвенный стол [БСл: 805]; ﺘﺎﺴﺘﺭﻗﺎﻥ тастыркан п. ﺪﺍﺴﺭﻗﺎﻥ скатерть [БСл: 397]. Демек, тасаттық малды құрмалдыққа шалатын жер атауы (тегіс тас, жалпақ тас), тасты дуалау (жадылау) арқылы аспаннан жаңбыр шақыру деген де ұғым береді.
Тасаттық беру құрғақшылыққа тәңірден жаңбыр тілегенде жасалады. Бұл күн жайлату деп аталады. Н.И.Ильминскийдің мәліметінше, сиқырлап жауын-шашын шақыруды күн жайлату дейді. Ескі наным бойынша сиқырмен жауын-шашын шақырып, дауыл тұрғызатын дағды болған. Күн жайлатудың бұрын мынадай шарты болғанға ұқсайды: «Қылаң, ақ боз жылқының яки маралдың ішінен шығатын қызыл тасты бір ыдысқа салып, үстіне су құйып арбау-шақыруды оқиды. Егер демалып оқымаса күн жайламайды-мыс. Қызыл тастың зорлығы асықтай болады екен. Атын жай тас дейді» [28, 124].
Күн жайлату үшін қолданылатын тасты ақ түсті малдың (жылқы, қой, түйе т.б.) ішінен шығады деген нанымның өзіндік сыры бар. Өйткені қазақта тағы бір ырым бойынша, ақ қылаң жылқы жай тартады. Сондықтан жай тасын осындай түсті малдың ішінде болады деп ырым етсе керек. Жай тасын тауып, оны су құйған ыдысқа салғаннан кейін ұзақ сонар арбау өлеңі айтылады. Мысалы:
Есек желді, сұр бұлт, Еріктірмей жете гөр. Мен тасымды торлайын, Торсыққа салып қорлайын... Осы арбауда келтірілген тас – жай тасы. Ш.Уәлиханов түркілердің жауын шақыратын яда немесе жада тасы туралы Абылғазы деректерін келтіре отырып, бұл тасты қазақтар жайтасы деп атайтынын, жайтасы арқылы жауын-шашын шақыра алатын қабілеті бар адамдардың ел ішінде көп екенін жазады. Қырғыздар оны жайташы дейді [ЮСл: 715]. Сахаларда ондай сиқырлы тас сата деп аталады. Жауын шақыру үшін сатаны күн көзіне шығарса немесе шыбыққа байлап, бастан айналдырса жеткілікті деп саналған. Тува елінде оны ядаташ деген. Сахалар сияқты тувалықтар да яда ташын бастан айналдырып, жауын-шашын шақырған. Алтайлықтар жай тасын дьадаташ десе, буряттар зада дейді. В.В.Радлов «jada» деп жазады [РСл: 368]. Jadа [Alt., Tel., Leb., (Dsch. Osm)] – магический камень, с помощью которого вызываютъ выпаденіе и прекращеніе дождя и снъга; О виночерпій, точно такъ, какъ падаетъ дождь, когда кровь касается магического камня, (падаютъ) мои слезы как дождь, когда вино касается твоихъ алыхъ губъ; Jadа сос – слова произносимые при заклинаній этимъ камнемъ [РСл ІІІ: 207].
Осман түріктері жауын шақыратын сиқырлы тасты джеде деп атайды. М.Қашқари еңбегінде былай делінген: «Иат – жад. Арбау, жадылап оқудың бір түрі. Жаңбыр, жел, сондай құбылыстарды шақыру үшін жадылау (сиқырлы) тастардың жәрдемімен дұғалау. Бұл әдет түріктер арасында көп тараған. Мен мұндайды йағмалардың ішінде көп көрдім, оларда өрт шыққанда өртті тоқтату үшін солай істеп, жадылаған еді, Ұлы Тәңірінің құдіретімен жазда қар жауды. Көз алдымда өрт сөнді» [МҚ ІІІ: 10].Джаду, жады, жәді. 1. Сиқыр, көз байлау, арбау, дуалау. 2. Сиқырлық, көз байлаушылық [ПҚТС: 384]. Көне түркі тілдерінде жад (йад) сөзінің бір мағынасы – «сиқырлық, арбау, дуалау, жаңбыр мен жел шақыратын «сиқырлық», йадчы сөзі «сиқыр адам, арбаушы, сиқырлаушы», йатла етістігі «сиқырлау» деген ұғымдарды білдірген. Соңғы екі сөз сол тұлғада қазақ тілінде де бар, мағынасы да сақталған: жадыла – «сиқырлау, арбап, дуалау». Жад~жат түбірі қазақ тілінде екінші бір фонетикалық тұлғада және қолданылған. Ол – жайшы және күн жайлату сөздері. Бұлардың да түбірі – йад. Түркі тілдерінің даму барысында д ~й дыбыстық алмасулары болғаны белгілі (адақ~айақ, құдық~құй дегендер сияқты). Сонда жайшы – «сиқыршы» мәніндегі йадчы-ның қазіргі варианты. Бірақ жайшы – кез келген сиқыршы (жалпы жадыгөй адам) емес, ауа райын өзгерту үшін сиқырлық жасайтын адам [21, 76]. Өткен ғасыр лексикографы Н.Ильминский: дайшы – жаңбыр шақырушы деп көрсетеді [28, 120].
Осы күн жайлану, күн жайлату тіркестерінің жайлану, жайлату сыңарларының жай түбірі және жай тасы, жай тастау дегендердің, сондай-ақ жай тас композитасының да алдыңғы жай бөлігі – бәрі, біздің ойымызша, генетикалық жағынан да, семантикасы жөнінде өзара тығыз байланысты бір сөз. Олардың барлығы түркілік «арбау, жадылау» мағыналы йад түбірінен өрбіген деп жорамалдаймыз.
Қазақтың жауын шақыруында: Темір, темір, теміржан, Темірдің ұлы қауғажан! – деген жолдар бар. Оны әлгідей ғұрыптық контекстен бөлек алып қарасақ: «темірі» не, «қауғасы» не, олардың жаңбыр шақыруға қандай қатысы бар деп таң қалуға да болады. Қауға – теріден істелген немесе ағаш құдықтан су алу үшін жасалған ыдыс. Кауга – большая бадья из кожи, ведро, которым достают воду [КРС]; Қауға – ведро для колодца, сделанный из головной шкуры лошади [Рсл]. Темір менен жаңбырды байланыстырудың бірнеше себебі болса керек. Біріншіден, темір салқындықтың, суықтың нышанын білдіреді. Арбауда: Қаһарлансаң қар жаудыр, Буырқансаң мұз жаудыр! Мұздай темір құрсандыр, - делінетіні сондықтан. Екіншіден, темірден жасалған затқа нажағайдың үйір келетінін жайшылар жақсы сезінген. Үшіншіден, «темірдің ұлы қауғажан» дегеннің де мәнісі бар. Онда қауғадағы су – жаңбыр магиялық байланысы айқын көрінеді. Төртіншіден, қарақошқыл темір мен бұлт түсі ұқсатылады: Қара бұлттар Мың-мыңнан келіпті. Түрлен қара бұлтым, Мен де сенің ұлтың. Сөйтіп, темірдің, жаңбырдың және бұлттың нышанын білдіретін қара сөзі арбауда үсті-үстіне жөпелдемете қолданылады
Сонымен, тасаттық берумен, ақсарбас, көкқасқа айтумен, жауын шақырумен байланысты лексика қазақ халқының тотемдік нанымдары мен магиялық нанымдарының ғұрыптық контексте көрінуінен хабардар етеді.