55-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолданудың жалпы қағидалары 1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жаза осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген шекте осы Кодекстiң ережелерiне дәл сәйкестiкте қолданылады.
2. Әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуға тиiс.
3. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
4. Заңды тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
5. Әкiмшiлiк жаза қолдану адамды, орындамағаны үшiн көрсетілген жаза қолданылған мiндеттердi орындаудан, жол берiлген бұзушылықтарды жоюдан және залалды өтеуден босатпайды.
6. Бiр әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн бiр негiзгi не негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн.
56-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар 1. Мыналар:
1) кiнәлi адамның өкiнуi;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаның құқық бұзушылықтың зиянды салдарын болғызбауы, залалды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қатты жан толқынысының әсерiмен не жеке басының немесе отбасының ауыр мән-жайлары салдарынан жасау;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған адамның жасауы;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жүктi әйелдiң немесе он төрт жасқа дейiнгi баласы бар әйелдiң жасауы;
6) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты күшпен немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде жасау;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қажеттi қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзу, құқыққа қарсы қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу, бұйрықты немесе өкiмдi орындау кезiнде жасау;
8) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет абайсызда жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын сот (судья), орган (лауазымды адам) осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілмеген мән-жайларды да жеңiлдететiн мән-жайлар деп тануы мүмкiн.