65-бап. Кәмелетке толмағандардың әкiмшiлiк жауаптылығы 1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар осы тараудың күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп танылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал етудiң шаралары қолданыла отырып, әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
66-бап. Кәмелетке толмағандарға әкiмшiлiк жазалар қолданудың ерекшелiктерi 1. Кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн осы бөлімнің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген айыппұл мөлшерiне қарамастан, он айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткiлiктi мүлкi болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады.
2. Арнайы құқықтан айыру кәмелетке толмағандарға бiр жылдан аспайтын мерзiмге қолданылуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк жазалардың басқа да түрлерi (әкімшілік қамаққа алуды қоспағанда), сондай-ақ осы Кодекстiң 41 және 52-баптарында көрсетілген әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары кәмелетке толмағандарға жалпы негiздерде қолданылады.
67-бап. Кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолдану 1. Осы Кодекстiң 56 және 57-баптарында көзделген мән-жайлардан басқа кезде, кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде оның өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың әсер етуi ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар жиынтығында жеңiлдететiн мән-жай ретiнде ескерiледi.
68-бап. Кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан және әкiмшiлiк жазадан босату Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) оған заңнамада көзделген тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана отырып, әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босатуы мүмкiн.