11.Мектепте информатиканы оқытудың қосымша түрлері (факультатив сабақтар, үйірмелер, т.б.).
Информатика пәні бойынша оқытудың қосымша түрлері пән мазмұнын тереңдетіп оқыту мақсатында жүргізіледі. Оқытудың қосымша түрлеріне факультатив сабақтары, үйірмелер, олимпиадалық жарыстар, экскурсиялар жатады.
Факультатив сабақтар Информатиканы тереңдетіп оқыту 5-11 сыныптарда факультативтік сабақтар арқылы жүжеге асырылады. Факультатив сабақтар инфарматиканың негізгі сабақтарымен тығыз байланысты және оқу бағдарламасы бойынша жүйелі түрде байланысып отырады.
Факультативтік курстарды оқып-үйрену топтарына оқушылар өз қалауымен қабылданады. Факультативтік курс бір немесе бірнеше қатар (параллель) сыныптардың оқушыларынан құралады.
Факультатив сабақтарын ұйымдастыру үшін бір топтағы оқушылар саны 10-нан кем болмауы тиіс. Сынып жетекшілері мен пән мұғалімінің пікірін ескере отырып, факультатив жүргізетін мұғалім оқушыларды факультативтік курсқа қабылдайды. Факультатив курстар әрбір оқу жылының 10-қыркүйегінен кешіктірілмей мектеп директорының бұйрығымен бекітіледі.
Оқушылар үшін факультатив сабақтарды ұйымдастыру мектептің ұстанымына қайшы келмейді, керісінше, ол мектеп алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерді табысты шешуге жағдай жасайды. Бұл міндеттердің ішіндегі аса маңыздыларының бірі – дидактиканың жеке (даралап) оқыту ұстанымына сай келеді. Яғни, әрбір оқушының табиғи қабілетіне сәйкес ақыл-ойын, қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп, ғылым мен техниканың қазіргі жетістіктерін мектеп білімінде толығырақ қамтуға, оқыту ісінде оқушылардың шығармашылық тапсырманы орындауына көбірек көңіл бөлуіне, өз бетінше білім алуға деген ізденістеріне мүмкіндік береді.
Әрбір жеке тапсырма тек сол тапсырманы орындайтын оқушыға ғана пайдалы болып қалмай, басқа оқушыларға да пайдалы болуы тиіс. Даярланған баяндамалар мен рефераттар тыңдалып, талқылануы керек.
Факультатив оқушылардың сабақтары басталғанға дейін немесе сабақтан соң бекітілген кесте бойынша жүргізіледі.
Факультатив сабақтарды өткізуге келесі жағдайлар ескеріледі:
үлгермеуші оқушылар үшін қосымша сабақ түріне айналмауы тиіс;
жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлерді даярлайтын (репетиторлық) сабаққа немесе жоғары оқу орындары түріндегі лекция курсына айналмауы тиіс;
үйірме сабақтарының белгілі бір формаларын көшірмеуі тиіс.
Факультативтік сабақтар кейде пәндік үйірмеге ұқсап кетуі мүмкін. Себебі, үйірме жұмысы да, факультативтік курстар да оқушылардың қызығушылығы, ынта-ықыласы негізінде ұйымдастырылады. Осыған байланысты үйірме жұмысы мен факультатив сабақты ажыратудың қажеті шамалы деген кері пікір туындауы мүмкін. Факультативтің үйірмеден айырмашылығы – мұнда оқу белгілі бір бағдарламамен жүйелі түрде жүргізіледі.
Факультатив курсының қазіргі типтік бағдарламалары бойынша факультатив сабақтарды жүргізудің әртүрлі формаларының арасында шамамен төмендегідей арақатынас болғаны тиімді деп есептеледі. Барлық оқу уақытының 20-25% лекция; 10-15% лаборатория; 20-30% практикум; 3-9% экскурсия; 3-6% сынақ сабағы.
Информатика бойынша факультативтің жалпы оқу уақытының жартысын есеп шығару және лабораториялық жұмыстарды орындау жөніндегі практикалық сабақтарға бөліп беру ұсынылады.
Факультативте есеп шығару сабағын өткізудің өзіндік қиындықтары болады. Кез келген тақырыпқа байланысты конкурстық есептерді таңдап алуға болады. Мұндай есептерді шығару барысында есеп мазмұны мен оны шығарудың мүмкін жолдарын оқушылармен бірге талдау олардың есептерді өз бетінше шығаруға деген дағдысын жедел дамытуға, зерттеушілік қабілеті бар оқушыларды табуға мүмкіндік береді. Мұндай оқушылар теориялық материалдардың оқып-үйрену кезінде көзге түспесе де, шығармашылық есептерді шығару барысында жаңа қырынан танылуы мүмкін. Мысалы, берілген үш орынды санның полиндром сандар екенін анықтау керек. Полиндром сандар сол жақтан оқығандада, оң жақтан оқығанда да мағынасын өзгртпейтін сандар, яғни 121, 292 сандары немесе «қазақ», «нан», т.с.с. сөздер. Бұл есепті шешудегі қарапайым шарт – санның бірінші цифры соңғы цифрына тең болуы керек.