Критериалдыбағалау – белгіленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудың күтілетін нәтижелерімен сәйкестендіру үдерісі.
Критериалды бағалау жүйесін енгізудің мақсатыәрі қарай оқу үдерісін жетілдіре түсу үшін бағалау критерийлері негізінде білім беру үдерісіне қатысушылардың барлығына білім алушылардың оқу нәтижесі туралы нақты ақпарат алу болып табылады. Үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені кіріктіре отырып құрастырылған критериалды бағалау жүйесі төмендегідей міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді:
- білім беру қызметінің сапасын арттыруға жағдай жасайтын объективті және анық бағалау жүйесін іске асыру;
- халықаралық тәсілдер мен стандарттарға сәйкес сапалы және бірыңғай бағалау механизмін қалыптастыру;
- бағалау әрекетіндегі мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру;
- өз бетінше білім алу дағдыларын дамыту үшін жағдай жасау және білім алушылардың өз оқуына деген жауапкершілігін арттыру;
- үлгерімі төмен білім алушылармен жұмысты жетілдіру;
- білім алушылардың күтілетін нәтижелерге, соның ішінде жоғары деңгей дағдыларына (талдау, жинақтау, бағалау) жетуін бағалауға мүмкіндік беретін тапсырмалар үлгілерінің қорын құру;
- объективті, үздіксіз және нақты, атап айтқанда, білім алушыларға олардың оқуының сапасы туралы; мұғалімдерге білім алушылардың ілгерілеуі туралы; ата-аналарға оқу нәтижелерінің жетістік деңгейі туралы; басқару органдарына ұсынылған білім беру қызметінің сапасы туралы ақпаратты беру;
- электрондық журналды жинау үдерісін оңтайландыру және ақпараттар ұсыну үшін қолдану;
- әр білім алушының, жеке мектептің, барлық аудан, облыс және мемлекет деңгейіндегі мектептердің бөлім және тақырыптар аясында оқу бағдарламасын меңгеру мониторингін қолдану;
- стандарттарды, оқу бағдарламаларын жетілдіру үшін талдау жүргізу және басқа да басқарушылық шешімдер қабылдау.
Критериалды бағалау жүйесінің мазмұны Критериалды бағалау жүйесінің мазмұны стандарттармен, үдерістермен, бағалау құралдарымен, нәтижелерімен анықталады (суретте).
Критериалды бағалау жүйесінің мазмұны төмендегідей нұсқаулық- әдістемелік құжаттар негізінде берілген:
• мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта);
• оқу бағдарламасы мен оқу жоспары;
• білім алушылардың білімін бағалау критерийлері;
• білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау тәртібі;
• негізгі және жалпы орта мектеп мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық;
• өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық;
• пәндерге қатысты қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы;
• пәндерге қатысты жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныстар;
• пәндерге қатысты тоқсандық жиынтық бағалаудың спецификациясы.
Оқу жылы барысында оқудың ілгерілеуі, үлгерімі туралы мәліметті жинау үшін бағалаудың екі түрі жүзеге асырылады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау (суретте).
Бағалау тәсілдері критериалды бағалаудың түрлеріне, пән мазмұнына қарай ерекшеленуі мүмкін.