2-бөлім. Оқушылар білімдерін тексеру жолдарының жүргізілуі. 2.1. Оқушылар білімінің сапасын анықтап, бағалау нормалары. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша критериалды бағалау:қалыптастырушы бағалау(оқыту үшін бағалау) және жиынтық бағалау(оқуды бағалау) болып екіге бөлінеді. Қалыптастырушы бағалау немесе формативті бағалау – күнделікті жүргізілетін бағалау. Ол өзін-өзі бағалау, өзара бағалау, мұғалім бағалау болып үшке бөлінеді. Баға балл күйінде еш жерде тіркелмейді. Қалыптастырушы бағалау сабақтың өн бойында жүріп отырады. Ал жиынтық бағалау немесе суммативті бағалау – белгілі бір оқу кезеңін аяқтаған кезде оқушының білім деңгейін анықтау үшін алынады. Жиынтық бағалау балл түрінде электронды журналға тіркеледі. Оның үш түрі бар:
- Бөлім бойынща жиынтық бағалау;
- Тоқсан бойынша жиынтық бағалау;
- Білім беру деңгейі бойынша жиынтық бағалау.
1-сыныпта бірінші жартыжылдықта жиынтық бағалау жүргізілмейді. 3-4 тоқсанда жүргізіледі.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау белгілі бір бөлім аяқталғанда бөлім бойынша жүргізіледі. Оған тек қана өтілген оқу мақсаттары қамтылады. Қандай оқу мақсаттарын алатынын мұғалім өзі шешеді. Бөлім бойынша жиынтық бағалау алгоритмі:
Мұғалім сол бөлімдегі оқу мақсаттарын таңдайды;
Оқу мақсаттарына негіздей отырып, критерий құрады;
Критерийдің ойлау деңгейін анықтайды.;
Тапсырма құрастырады;
Дескриптор құрастырады (қысқа мерзімді жоспардағы дескриптормен айырмашылығы балл беріледі және әр қадамы 1 балмен есептеледі). Дескрипторлар критерийге негізделу керек;
Бөлім бойынша жиынтық бағалау нәтижесіне сәйкес рубрика толтырылады(рубриканы барлық ата-аналарға беруге мұғалім міндетті емес).
Бөлім бойынша жиынтық бағалау балы бастауыш сыныпта 7-15 балдан аспау керек, ал жоғары сыныпта 7-ден төмен болмау 20-дан аспау керек. Бөлім бойынша жиынтық бағалау критерийлері:
төмен;
орта;
жоғары болып қойылады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалаудың қорытынды балы тоқсандық жиынтық бағалаудан аспау керек.
Тоқсан біткен кезде кейбір пәндер бойынша тоқсан бойынша жиынтық бағалау өткізіледі. Мысалы: өзін-өзі тану, музыка және дене шынықтыру пәндерінен тоқсан бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді. Қандай пәндерден тоқсандық жиынтық бағалау жүргізілетіні немесе жүргізілмейтіні №125 бұйрықтакөрсетілген бағалау спецификациясы деген құжатқа сәйкес өткізіледі. Бұл құжаттың ішінде өткізілу уақыты, қандай бөлімдер қамтылатындығы және тапсырмалардың сипаттамасы беріледі. Тапсырмалар сипаттамасындағы кейбір бөлімдерге мұғалім өзгеріс ендіре алады, ал кейбіріне ендіре алмайды. Тоқсан бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларында балл қою кестесі болады. Балл қою кестесі дегеніміз кілт. Балл қою кестесі оқушыларға берілмейді. Балл қою кестесі мұғалімдерге дайындалып қойылған.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалауға күнтізбелік-тақырыптық жоспарда 1 сағат бөлінеді (40 минут):
- оқушыларға тапсырма беріледі;
- белгіленген уақыт ішінде жинап алынады;
- тоқсан бойынша жиынтық бағалау үдерісі бақыланады;
- жұмыстар жиналған соң мұғалім өзі тексереді (балл қою кестесіне сүйеніп);
- оқушылардың балдарын қаламмен қойып шығады;
- үш күннен аспайтын мерзімде модерация өткізіледі;
- модерация құрамына пән мұғалімі және координатор қатыса алады;
- модерациядан кейін хаттама толтырылады;
- модерация тоқсан бойынша жиынтық бағалаудан кейін міндетті түрде жүзеге асырылады;
- модерациядан кейін бағаны ручкамен қойып, электронды журналға қояды.