Жұмыстың құрылымыкіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І Қазақ халқының отбасы және некелесу дәстүрі
Отбасы және некелесу түрлері
Дүние жүзі халықтары тәрізді, қазақтың да өзіне тән отбасы тарихы бар. Адам баласы басынан өткізген сан-алуан қоғамдық-экономикалық құрылымдардың қай-қайсысы болмасын әр қилы отбасы түрлерімен тығыз байланысты болған. Оны жер шарын мекендеген барлық халықтар өз басынан өткізген.
Алғашқы қауымдық мәдени құрылыстағы ең көне отбасы түрі топты некеге негізделген. Ондағы некелер тобы рулар ішіндегі бірімен-бірі тұстас ұрпақтар жігімен бөлінетін. Айталық, бабалар мен әжелер, әкелер мен шешелер, балалар тобында — ағалы-інілер, апалы-сіңлілер, немере және шөбере туыстар біріне-бірі ерлі-зайыпты, яғни әр ұрпақ бір-біріне аға-қарындас бола тұра некелес болатын.
Отбасы тарихының бұдан кейінгі даму сатысы топты некенің ішінде жұп отбасының қалыптаса бастауымен, яғни қандас туысқандар арасын-дағы некелесу ғұрпына тыйым салынуына байланысты болған. Осының нәтижесінде алғашқы қауым ішінде бірімен бірі некелеспейтін «ағалы-інілілер», «апалы-сіңлілілер» топтары қалыптасады да, топты неке біртіндеп ығысып, оның орнына жұп отбасы дүниеге келді. Жұп отбасы таптық дәуірдің соңында қалыптасып, варварлық дәуірде әбден кемеліне келіп, қоғамдағы басты отбасы формасына айналады. Бірақ, мұндағы неке беріктігі онша мығым болмағандықтан, отбасының ыдырап, ажырасуы тым оңай болған.
Алғашқы қауымдық қоғамда өндіруші күштердің дамып, еңбек белінісінің шығуына байланысты қауымдық ортақ меншік орнына жеке меншіктің пайда болуы — моногамиялық отбасының, таптың және мемлекеттің шығуына әкеліп соқты. Моногамиялық отбасы жаулаушылық дәуірдің соңғы кезеңінде басталды да, оның жұпты некені түпкілікті жеңуі өркениет басында еркектер үстемдігінің орнауымен байланысты болды. Сондықтан, моногамиялық отбасы түгелдей еркектер үстемдігінің негізінде қалыптасып, жетіле түсті. Отбасы тарихының бұл кезеңінде некелесу не ажырасу тек қана еркектер үлесіне тиді де, моногамиялық отбасындағы өзара байланысты жұпты некеге қарағанда әлдеқайда нығая түсті.
Отбасы тарихындағы мұндай неке формаларын қазақ халқының арғы тектері де басынан өткізді. Бұған дәлел ретінде сол көне отбасы түрлерінің кейбір қалдықтары қазіргі жаңа заманда да кездесіп тұратындығын айтсақ жеткілікті сияқты.
Төңкеріске дейінгі қазақ халқына тән отбасы түрі негізінен әке-шеше және үйленбеген балалардан тұратын дара, яғни шағын отбасы болатын.
XIX ғ. мен XX ғ. басында қазақ арасында негізінен дара (шағын) отбасы үстем болған. Қолда бар деректерге қарағанда, сол дара отбасында үлкен патриархал отбасы қауымының көптеген сипаттары сақталып келген.
Оңтүстік славян задругасы осындай отбасылық қауымның әлі де бар ең тәуір үлгісі болып табылады. Ол бір атадан тараған тұқымдардың өздерінің әйелдерімен қоса бірнеше буындарын қамтиды, содан соң олардың барлығы бір түтін болып бірігіп тұрады, егіндік жерлерін бірлесіп ұқсатады, орталарындағы жал-пы қордан тамақ ішіп, киім киеді және табыстың артығын бәрі ортақ иеленеді [19]. Бұл сипаттамада үлкен патриархалды отбасы түрін барлық халықтар өз бастарынан өткізді. Үлкен патриархалды отбасы барлық халықтардың өткен көне тарихынан елеулі орын алатынын көптеген кернекті этнографтар өз еңбектерінде дәлелдейді [20].
Үлкен патриархалды отбасының кейінге дейін сақталуына Орта Азияның табиғи жағдайы да әсерін тигізді. Мәселен, сыртпен байланысы шамалы болған биік таулар алқабы мен қүлазыған шөлді даланы мекендеген топтарда XX ғ. басына дейін үлкен патриархалды отбасы басым болған. Дәл осы жағдайда байланысты С. П. Толстовтың айтуынша, бүкіл феодалдық Хорезмнің тарихында сақталып келген үлкен отбасылық қауым алғашқы қауымдық құрылыстың сарқыты болып табылады. Ол бүкіл Хорезм тарихына ықпал жасай отырып, тіпті XX ғасырдың басына дейін өзінің ізін қалдырып келгендігін де С. П. Толстов атап көрсеткен. Егіншілікпен айналысқан отырықшы өзбектер арасында патриархалды үлкен отбасының Қазан төңкерісі қарсаңына дейін айтарлықтай дәрежеде сақталып келгендігін М.А. Бикжанова мен О.А. Сухареваның еңбектерінен де айқын көреміз [21].
Сөйтіп, жоғарыда келтірілген деректерге қарағанда, Орта Азияның егіншілікпен айналысқан отырықшы тәжік және өзбек халықтарында Қазан төңкерісінің жеңісіне дейін үлмен патриархал отбасының сақталып келгендігі даусыз.
Орта Азия мен Қазақстан жерінде ежелден бері көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан халықтар арасындағы үлкен патриархалды отбасының тағдыры отырықшы өзбектер мен тәжіктерге қарағанда ерекше. Бұл мәселе туралы белгілі этнограф С.М. Абрамзон арнайы еңбек жазып, оны негізінен дұрыс шешті. С.М. Абрамзон еңбегінде кеңес археологтарының [22] зерттеулеріне сүйене отырып, Орта Азия және Қазақстаң көшпелілерінен Жетісу, Тянь-Шань және Алтай-Саян өңірінде үлкен патриархалды отбасының қалыптасып, үстемдік етуі біздің заманымыздан бұрынғы VII—VIII ғасырларда басталып, біздің заманымыздың алғашқы мың жылдығының ортасына дейін келгендігін, ал оның ыдырауы сол кезде басталып, X—XI ғасырларда аяқталғанын, яғни шағын отбасының қалыптасқандығын керсеткен [23].
Отбасы тарихындағы мұндай келелі өзгеріс ең алдымен қоғамда болған әлеуметік-экономикалық дамудың нәтижесінде мүмкін болды, яғни жеке меншіктің маңызы біртіндеп арта түсіп, экономикалық жіктелудің айқындалуына байланысты үлкен патриархалды отбасының сыр-сипатына өзгерістер еніп, орнына дара, шағын отбасы келіп шықты. Бірақ бұдан үлкен патриархалды отбасы сол кезден бастп мүлдем жойылып кетті деген ұғым тумауы керек. Оның қалдығы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына дейін жетті. Мұндай нақтылы деректерді көптеген этнографтар еңбектерінен кездестіруге болады. Мәселен, қырғыз халқына көптеген бөлінбеген патриархалды отбасыларының кездесіп, олардың құрамы бірнеше ұрпақтан және әр отбасы 15, 30—40 адаман тұратындығын С.А. Абрамзон мен А. Жұмағұлов баяндайды. Ал Қеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қырғызстанда болған П.И. Кушнер сол уақыттың өзінде қырғыздар арасында, әсіресе кедейлер тобында үлкен отбасыларының жиі кездесетіндігін айтқан [24].
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында түрікмен халқында да патриархалды үлкен отбасының болғандығын Г.П. Васильева мен С.Н. Иомудский өз еңбектерінде баяндайды. Негізінен, көшіп жүріп мал бағумен айналысқан, нохурли және иомуд тайпаларында кездесетін үлкен отбасылар Орта Азия көшпелілерінің арасында сақталған үлкен патриархал отбасының нағыз үлгісі тәрізді. Г.П. Васильеваның айтуынша мұндай отбасылар Ф. Энгельс көрсеткен үлкен отбасының классикалық сипаттарымен толық үйлеседі. Олар бірнеше үйленген ұрпақтардан құралып бір жерде тұрып, бірігіп еңбек етеді, ішім-жемі де ортақ. С.Н. Иомудскийдің айтуынша, XX ғасырдың басында иомудтар арасынан кездескен бір үлкен отбасында 125 адам болған [25].
С.М. Абрамзон дәл осы қарақалпақ отбасындағы «көше» сияқты туыстық топтың қазақтар арасында да кездесетіндігін айтқан. Мұндай бірлікті қазақтар «ата баласы» деген. Ал, Абрамзон оны үлкен патриархалды отбасының XX ғасыр басына дейін сақталған қалдығы деп қарайды. XX ғасырдың 24—25 жылдарында Әулиеата уезінде О. Жандосовтың басшылығымен ұйымдастырылған экспедиция деректері негізніде В.Г. Соколовский «Қазақ ауылы» атты шағын еңбегін 1926 жылы Ташкентте жариялаған болатын. Соколовский көптеген ауыл-қыстауларды зерттеп, олардың әрқайсысында бір атаның балалары, яғни 3—4 ұрпақтан құралған бірнеше отбасы және олардың арасында әлі де бөлінбеген ағайындардың бірге тұратынын келтіреді. Әрине, 3—4 атаға дейін созылған туыстар арасында туыстық қатынас болады. Ол қатынастар сырт қарағанда (XX ғ. басында) патриархалды отбасының сілемі, қалдығы тәрізденгенмен, «ата балалары» арасындағы қатынастың негізі тап мүддесімен толык үйлесетін. Әйткені өз шаруашылығын өзі жүргізетін ауқатты адамдарға 4 атаға толғанша бір қыстауда отыруға ешбір мүмкіндік болмайтын. Оларға ең алдымен қысқы жайылым жетіспейді. Мұның өзі туыстардың әрқайсысын жеке қыстауға қоңсыларымен қоныстануға мәжбүр етеді. Ал, Соколовский айтқандай, 4 атаға толғанша бір қыстауда отыратыи туыстар болған күннің өзінде, олардың бірі бай, қалғандары соған тәуелді туыстары ретінде болуы шындыққа жақындайды. Мұнымен қатар Соколовскийдің айтуынша кейбір ауыл қыстауларында екі не одан да көп ата балалары тұруы да мүмкін, олардағы түтін саны 12—15 тен аспайтынын ескерте келіп, кей жерлерде бірнеше ауыл-қыстаулардың болуы да ықтимал дейді. Төңкеріске дейінгі бір қыстауда мұнша түтіннің тұруы олардың көбінесе кедейлер, жатақтар екенін дәлелдейді. Ал, кедейлерді бір қыстауда біріктіретін негізгі фактор олардың туыстық жақындығы емес, әлеуметтік-экономикалық жағдай. Мұндай ауылдарда бір-бірінен дыз алысу сатысына дейін жеткен «аталастар да» тұруы мүмкін. Себебі, бұл ауылдарда тұратын отбасыларының әрқайсысының жеке меншігінде үй-жай, қора-қопсы, малдары болғанымен, оларды біріктіретін ортақ жайылым болатынды.