3 І тарау қазақ халқының отбасы және некелесу дәСТҮрі


Жұмыстың зерттелу деңгейі



бет2/9
Дата13.10.2022
өлшемі77,31 Kb.
#42968
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
НЕКЕ МӘСЕЛЕСІ БАЯНДАМА

Жұмыстың зерттелу деңгейі. Қазақ халқының, сонымен қатар басқа да халықтардың отбасы және неке мәселесі XVIII ғасырдан XX ғасырдың басына дейін, яғни қазан төңкерісіне дейін көптеген ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Бұндай зерттеу, біріншіден Ресей әкімшілігінің қазақ халқының тарихы, этнографиясы, географиясы, жер астындағы байлықтары жөнінде білу мақсатында болса, екіншіден ғылыми қызығушылықтан туды. XX ғасырдың басында Қазақстанның жеке аймақтарынан қазақ жұртшылығының өмірін жан-жақты сипаттайтын бірнеше көлемді еңбектер жарияланды. Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың некеге тұруы мен үйлену салттары туралы А. Е. Алекторов жазған болатын. Ол қазақтардың арасындағы құда түсу рәсімдеріне, қызға төленетін қалыңмалдың мөлшеріне, жасауға кіретін заттарға, неке қию рәсімдеріне жан-жақты талдау жасаған. XX ғасырдың басында Түркістан өңірінде қазақ халқын этнографиялық тұрғыда зерттеп, төңкеріске дейін ғана 130 үлкенді-кішілі еңбек жариялаған Ә.А. Диваев болатын. Оның еңбектерінен қазақ өмірінің сан алуан жақтары жайында қызықты деректер, әсіресе үйлену тойына байланысты әдет-ғұрыптарды табуға болады. Бізге маңыздысы Сырдария облысы қазақтарының үйлену рәсімдеріне байланысты зерттеу жұмысы [3].
1935 жылы П. Исаков Оңтүстік Қазақстанның Шәуілдір ауданында этнографиялық экспедиция жүргізді. Зерттеу барысында отбасында әйел еңбегі мен ер адам еңбегінің бөлінетіндігін анықтады. Некеге жаңа бағыт бойынша АХАЖ, кейін молдаға неке қиғызу арқылы отыратындығын айтты.
1947–1950 жылдары колхоз тұрғындарын зерттеу орын алды. Отбасы мәселесі, неке-отбасылық қатынастың өзгеруі отбасындағы тұрмыс арқылы қаралды. Бұған 1945 жылы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ашылуы себеп болды. 1947 жылы Алматы және Талдықорған облыстарына экспедиция жүргізілді. Нәтижесінде аталмыш институттың этнография секторының меңгерушісі Н.С. Сабитовтың неке-отбасылық қатынас, әдет-ғұрыптар, отбасылық салт-дәстүрлерге арналған мақаласы жарық көрді. Автор ішкі отбасылық қарым-қатынасқа талдау жасай отырып, әйел мен ер адамның парызына, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, отбасындағы келіннің орнына тоқталады [4].
1947 жылы Н.Н. Чебоксаров КСРО ҒА-ға қарасты Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институты және Тарих, археология және этнография институтымен бірлесе отырып антропологиялық-этнографиялық экспедиция ұйымдастырды. Бұл экспедиция Алматы және Талдықорған облыстарының қазақ пен ұйғыр аралас алты ауданын зерттеді. Алматы облысының Кеген және Нарынқол аудандарын зерттеу барысында қазақ отбасыларының заманға сай өзгеруі мен рулық қатынастың сақталу деңгейіне мән берілген [5].
1949 жылы О.А. Корбе Алматы облысы Кеген ауданы Сталин атындағы колхоз бен Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар колхозына этнографиялық экспедиция жүргізді. Экспедиция нәтижесінде жинақталған мәліметтерді мақала етіп басып шығарды [6].
1950–1960 жылдары «колхоз» тақырыбына байланысты бірқатар монографиялар мен диссертациялардың жарық көруі отандық тарихнама үшін елеулі оқиға болды, себебі бұл монографиялардың арасында біздің республи-камызды қамтыған бірнеше жеке және ұжымдық зерттеулер бар еді. Отбасына байланысты Д.Х. Кармышева 1959-1960 жылдардағы Алматы облысының Талдықорған ауданындағы екі колхоздың этнографиялық мәліметтеріне сүйене отырып ауқымды мақала жазды. Автор қазақ колхоз жұмысшыларының отбасы мен отбасылық тұрмысына талдау жасады [7].
1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында КСРО ҒА-ға қарасты Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының басшысы қызметіне Ю.В. Бромлейдің келуімен этнографиялық зерттеулердің өзектілігі артып, ғылыми ізденістің кеңістігі кеңейе түсті. Аталған жылдан бастап кешенді зерттеулер орын алды. Бұл жерде дәстүрлі ел аузынан жиналған этнографиялық деректер жаңа этносоциологиялық мәліметтермен толықтырылды.
Қазақ халқының неке-отбасылық қатынасын зерттеуде үлес қосқан белгілі отандық этнографтардың бірі – У.Х. Шәлекенов. 1966 жылы У.Х. Шәлекеновтың «Казахи низовьев Амударьи» атты еңбегі жарық көрді. Зерттеуші XVIII–XX ғасырларда өмір сүрген қазақтардың тұрмыс-тіршілігіне, отбасылық әдет-ғұрыптарына, ішкі отбасылық қатынастарына тоқталған. Еңбекте неке құрудың екі түрін көрсетеді: қыз айттыру және құда түсу. Автор қыз ұзату, той, мұсылмандық жолмен неке қиюға жеке-жеке тоқталады [8].
1940–1970 жылдардағы Солтүстік Қазақстандағы ұлтаралас некелерді Ю.А. Евстигнеев зерттеді. Статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, ұлтаралас некеге отыру заңдылықтарын, бағыттарын анықтады [9]. Осы кезеңде А. Жакипованың «Қазақстандағы неке-отбасылық қатынастарының дамуы» атты құнды монографиясы жарыққа шықты. Еңбекте неке-отбасылық құқыққа, ішкі отбасылық қатынасқа көңіл бөлінген [10].
Бұл мәселеге жоғарғы буын отандық этнографтардың көрнектісі Х.А. Арғынбаевтың қосқан үлесі зор. Ол қазақ халқының дәстүрлі этнографиясының барлық бағытын: материалдық, шаруашылық, рухани, неке-отбасылық қатынасын терең зерттеген ғалым. Оның ғылыми маманданған өте жоғарғы деңгейдегі «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты монографиясы 1973 жылы шықты. Зерттеу жұмысы Қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі Қазақстанның барлық облыстарын қамтыған алғашқы терең зерттеу жұмысы еді. Бұнда қазақтың отбасы мен неке формалары, әр түрлі отбасылық, некелік қарым-қатынастар, үйлену мен қалың мал төлеу, жасау беру ғұрыптары, сондай-ақ қазіргі қазақ отбасы мен некелік қатынастары этнографиялық тұрғыда жан-жақты сипатталады. Монография өзінің ғылыми құндылығын жоймағандықтан, 1996 жылы қайта басылып шығарылды. Еңбектің маңыздылығы сонда, автор Қазақстанның барлық аймағын қамтыған 20 жылға созылған өзі жинаған этнографиялық зерттеулерімен қатар мұрағат құжаттарын, тарихи-әдеби деректерді байланыстыра білген. Бұл деректердің ішіндегі құндысы Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары бойынша жүргізген неке және отбасына байланысты этнографиялық мәліметтері.
Н.А. Кисляков бүкіл Орта Азия халықтарының неке және отбасы тарихын терең зерттеп жазды. Автор Орта Азия халықтарының отбасылық әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін этнографиялық тұрғыда жан-жақты талдау жасаған. Оның ішінде құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, үйлену тойы барлық түркі халықтарымен салыстырмалы түрде берілген.
1970–1980 жылдардың ортасынан және одан кейінгі кезеңдерде этносоциологиялық зерттеулер өз жемісін бере бастады. Себебі, осы кезеңдерде этносоциология ғылымы білікті мамандармен толығып, социологиялық тұрғыда зерттеудің жаңа әдістері жасалды. Неке-отбасылық қатынасты қамтыған қазіргі этномәдени процестердің ғылыми бағытын анықтау КСРО ҒА-ға қарасты Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының этносоциологиялық зерттеулер секторының басшылары Ю.В. Арутюнян мен Л.М. Дробижеваның тағайындалуымен артты. Жұмыстарда этносоциологиялық зерттеулердің ақпараттық негізі едәуір кеңейіп, математикалық статистика, математикалық логика әдістерін пайдаланудың маңызы күрт өсті.
Орта Азия елдері арасында этнология ғылымының осы бағыты көршілес Қырғызстанның этносоциолог ғалымдарымен белсенді игерілді. Зерттеуші С.И. Каракееваның еңбектері отбасындағы бос уақытты ұйымдастыру мәселесіне арналған. Бұл неке тұрақтылығына әсер ететін фактор. Белгілі қырғыз ғалымы А.А. Асанканов зерттеу барысында этнографиялық әдіспен қатар этносоциологиялық талдауды кеңінен пайдаланды [11].
Қазақстанда дәстүрлі этнографиялық әдіспен қатар этносоциологиялық зерттеуді тұңғыш Қаз КСР ҒА-ға қарасты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының қызметкері Х.А. Қауанова қолданды. 1982 ж. «Жұмысшы отбасының өмірі мен тұрмысының бейнесі» атты монографиясын жарыққа шығарды. Онда әртүрлі этнографиялық зерттеу әдісімен қатар ең алғаш этносоциологиялық мәліметтер пайдаланылды. Бұл жұмыста автор Алматы, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында тұратын әр түрлі ұлт өкілдеріне жататын жұмысшы отбасыларына көңіл аударған. Жұмыс барысында 2600 хабаршының жауабы жинақталған. Қазақстандағы металлургтер мен кеншілердің арасындағы этномәдени процестер де кеңінен қаралған [12].
1984–1986 жылдары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ғалымдары ел арасынан жиналатын деректердің дәстүрлі әдістерін пәнаралық этносоциологиялық зерттеуде қолдануды тұңғыш рет енгізді. Ол «Қазіргі кезеңдегі ауыл отбасының тұрмысында жаңашылдық пен дәстүршілдік» атты жоспарлы тақырыппен Алматы облысының Шелек және Кеген аудандары мен Талдықорған облысының Киров ауданында тұратын ауыл тұрғындарының арасында орындау барысында тәжірибеден өткізілді. Сауалнамаға қазақ, орыс, ұйғыр ұлтының өкілдері арасынан ұзын саны 1000-нан аса респондент қатысты. Сауалнама отбасы құрамына, ішкі отбасылық қатынасқа, дәстүрлердің сақталуына арналды [13].
Қазақ отбасының әдет-ғұрыптарындағы мұсылмандыққа дейінгі сенім-дердің сақталуын белгілі этнограф, ғалым Ә.Т. Төлеубаев зерттеді. 1991 жылы ғалымның «Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов» атты еңбегі жарық көрді [14]. Автор көп жылдық этнографиялық мәліметтерді жинай отырып, қазақтардың наным-сеніміне талдау жасады.
Жетісу аймағындағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды белгілі отандық этнограф С.Е. Әжіғали зерттеді. Автор үйлену және жерлеу-жөнелту әдет-ғұрыптарын жан-жақты ашып көрсеткен. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты этнографиялық мақалалар жинағында Н. Байғабатова мен С.Е. Әжіғалидің «Жетісу қазақтарының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты мақаласы жарық көрді [15].
Оңтүстік, Батыс, Солтүстік, тіпті Қазақстанның барлық аймағындағы неке, отбасы, ажырасу мәселелерін зерттеуде Х.А. Арғынбаевтың шәкірттерінің бірі – А.Б. Қалыштың еңбегі ерекше. Ол өз зерттеулерінде дәстүрлі этнографиялық деректермен қатар этносоциологиялық мәліметтерді ұтымды қолданған. Зерттеу барысында автор этносоциологиялық мәліметтермен қатар мұрағат, АХАЖ, халық соты және статистикалық құжаттарды кеңінен пайдаланған [16].
1991 жылы республиканың солтүстік-шығыс (Көкшетау, Павлодар, Целиноград, Семей) және оңтүстік (Шымкент, Жамбыл, Алматы) облыстарының 13 ауылдық кеңесінің материалдары бойынша жас ғалым О.Б. Наумова зерттеуін аяқтады. Автор диссертациялық жұмысында қазақ халқының көпұлтты ортадағы этникалық тұстарына, отбасылық тұрмысына, отбасы құрамына, этникалық сана-сезіміне ерекше көңіл бөлген.
Арқалық қаласында В.В. Гриценко этнографиялық, этносоциологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, Солтүстік Қазақстандағы ұлтаралас неке дамуына өзінің ғылыми жұмысын арнады. 1897 жылдан 1979 жылдарға дейінгі аралықты қамтыған статистикалық мәліметтерді пайдалана отырып, бірұлтты және ұлтаралас некелерді салыстыру әдісін қолданды. Алғаш рет қаладағы отбасылардың тұрақтылығына талдау жасалды [17].
C.Х. Шалғынбаева қазіргі этномәдени процестерді зерттей отырып, Алматы мен Тараз қалаларының тұрғындары арасында жүргізілген этносоциологиялық сауалнама материалдарын өз еңбегіне арқау етті. Автор дәстүрлі отбасылық рәсімдерді қарастыру барысында ішкі отбасылық қатынастағы дәстүршілдік пен жаңашылдықты ашып көрсеткен.
Н.Ж. Шаханова «Мир традиционной культуры казахов» атты моно-графиясында отбасындағы салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға кеңінен тоқталады. Бұл әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің орындалуын халықтың дүниетанымымен байланыстырады.
З.Ж. Жаназарованың монографиясы «Современная семья в Казахстане и ее проблемы» деп аталады. Монография отбасының теориялық-методологиялық мәселелеріне арналған. Онда қазақ отбасыларының қазіргі жағдайына талдау жасалады. Некеге отыру мақсаттары, неке тұрақтылығына әсер ететін факторлар, ажырасу себептері, қазіргі отбасылар түрлерін толық қамтыған [18].
Республика халқының, оның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы қала және ауыл тұрғындарының ұлттық құрамы мен әлеуметтік дамуындағы әр түрлі мәселелерді жете түсіну үшін отандық тарихшы-демографтардың нақтылы зерттеулеріне түпкілікті зер салу қажет. Қазіргі кезеңдегі әлеуметтік және этнодемографиялық процестерді зерттеумен айналысып жүрген ғалымдардың арасынан Ф.Н. Базанова, М.Б. Тәтімов, М.Х. Асылбеков, В.В. Козина, Ә.Б. Галиев, А.Н. Алексеенко және т.б. ғылыми ізденістерін ерекше атап өткен жөн.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет