№3(67)/2012 Серия филология


Особенности казахского речевого этикета



Pdf көрінісі
бет9/16
Дата02.03.2017
өлшемі1,66 Mb.
#5126
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16

Особенности казахского речевого этикета 
В  статье  проанализирован  речевой  этикет,  являющийся  составной  частью  национального  языка  и 
культуры. В речевом этикете практически всех народов можно выделить общие черты, однако реали-
зуются  они  в  каждой  культуре  по-своему.  Показано,  что  речевой  этикет  характеризует  практически 
любой акт коммуникации и сопрягается с общей проблематикой лингвистической прагматики и рас-
сматривается в русле прагмалингвистических исследований. Акт языковой коммуникации определен 
прагматикой  с  точки  зрения  достижения  участниками  коммуникации  тех  или  иных  целей.  Речевой 
этикет охарактеризован как система языковых средств, в которых проявляются этикетные отношения, 
различающиеся в зависимости от социального статуса участников коммуникации. 
The speech etiquette is an integral part of the national language and culture. In the speech etiquette of 
virtually all peoples can be identified common features, but they are realized in every culture in its own way. 
Speech Etiquette characterizes almost every act of communication and interfaces with the general problems 
of linguistic pragmatics, and considered in line with Pragmalinguistic research. The act is determined by the 
pragmatics of linguistic communication in terms of meeting the participants of the communication or other 
purposes. Speech etiquette in the narrow sense can be characterized as a system of linguistic resources, which 
are manifested in the relationship etiquette, and they vary depending on the social status of participants in 
communication. 

62 
Вестник Карагандинского университета 
ƏДЕБИЕТТАНУ  ЖƏНЕ  ФОЛЬКЛОРТАНУ   
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ  И  ФОЛЬКЛОРИСТИКА 
ƏОЖ 821.512.122 
Р.С.Каренов  
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті 
Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының зерттелуі,  
жиналуы жайлы ой-толғау 
Дарынды  ақын,  əнші  жəне  композитор  Ыбырай  Сандыбайұлының  өмірі  мен  қызметі  жөніндегі 
деректер жалпыланған. Оның жан-жақты таланты ерте байқалғаны көрсетілген. Өзінің суырып салма 
ақындық талантының, керемет даусының, композиторлық қабілетінің арқасында жас кезінің өзінде-ақ 
ақынның халық арасында танымал бола бастағандығы дəлелденген. Тірі кезінің өзінде-ақ аты аңызға 
айнала бастағанымен, ол өз өмірінде көптеген қайғы-қасіретке толы қиындықтарға душар болған еді. 
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында көрнекті ақын қуғын-сүргінге ұшырап қудаланды. 
Ыбырай  Сандыбайұлының  жарқын  да  қайғылы  тағдыры  халық  есінде  терең  із  қалдырғаны 
көрсетілген. Қазақ əдебиетіндегі осы таңғажайып адамның бейнесі повестер, новеллалар, мақалалар, 
драмалар, поэмалар жасауға негіз болатыны жөнінде қорытынды жасалған. 
Кілтті  сөздер:  ақын,  əнші-композитор,  гəкку,  шалқыма,  шығармашылығы,  өнер,  зерттеу,  тұлға, 
талдау, шəкірт. 
 
Кіріспе 
Ыбырай  Сандыбайұлы — қазақ  халқының  дарынды  композиторы,  алдына  жан  салмай  өткен 
дүлділ əншісі. Бірақ Үкілі Ыбырайды тек қана ұлы композитор, бұлбұл əнші деп қоймай, көркемдігі 
мен кемелдігі мол дүлдүл ақын деп қараған жөн. Ал, ел қамын жеп, ақындық сөзбен айтысқа түскен 
біртуар ақын үшін, ескерткіштің ең үлкені — артында қалған шығармаларын толық жинастырып, ел 
қолына беру. 
Өйткені Ыбырай шығармашылығы мен өмірі біз үшін бейтарап күй кешетін қатардағы қалыпты 
дүние  емес.  Қазақ  халқының  əн  өнерін  жаңа  сапалық  сатыға  көтеріп  кеткен,  ақырында  Қызыл 
империяның қолынан мерт болған Үкілі Ыбырайдың қашанда бір ауыз сөзі болса жерде қалдырмай 
ықтияттап теріп алып жүретін құндылықтар. 
Өкінішке  орай,  Біржан,  Ақандай  емес,  оқта-текте  болмаса  Ыбырайдың  есімі  мен  ғұмыр  жолы 
зерттеп,  зерделеуде  жетімсіреп,  кенжелеп  жүргендігі  жасырын  емес.  Үкілі  Ыбырайдың  тағдыр-
талайы Біржан сал, Ақан сері тарихымен тамырлас болғанымен, сабақтас бола алмады. 1917 жылғы 
Қазан  төңкерісі,  одан  кейінгі  большевиктік  нəубеті,  тоқпақты  тоталитарлық  жүйе  шын  жүйріктің 
шабысына  тұсау  салды.  Төкпе  ақынның  дарынды  талантын  ауыздықтап  бақты.  Ақыры,  ол 
«Үштіктің» шешімімен шаһит кешті. 
Содан  бергі  жылдарда  ұлы  əнші,  асқақ  композитор,  суреткерлігі  мол,  адуынды  ақынның 
мұралары  іргелі  (фундаменталды)  зерттеуге  түспей,  тиіп-қашпа  хал  кешті.  Əндері  мен  өлеңдері, 
айтыстары бір жүйеден желі тауып, қағазға түспей келеді. Ел ішінде Ыбекең айтты дейтін шашырап 
жүрген шумақтар, қағытпа өлеңдер аз ұшыраспайды.  
Тек соңғы жылдары ғана Ыбырайдың кейбір əндерін халық əні деп, кейбір əндерін əлдекімдігі 
деп  сақтаса  да  тəуелсіз  Қазақстан  дүлдүл  ұлына  құшағын  кеңдеу  ашуда.  Бұл  күндері  Ыбекеңнің 
əндері өзіне қайтарылып келеді. 
Жоғарыда  айтылғандарды  ескере  отырып,  біз  Үкілі  Ыбырайдың  ақындық,  композиторлық, 
əншілік  ерекшеліктерін  сөз  етпекке  бой  ұрдық.  Жəне  ақынның  ата-тегіне,  өмір  сүрген  жылдарына 
тоқтала кеткенді жөн көрдік. 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
63 
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының ата-тегі 
 

Р.С.Каренов  
64 
Вестник Карагандинского университета 
Ыбырай Сандыбайұлы — текті əулеттен шыққан табиғи дарыны мол өнерпаз 
Үкілі Ыбырайдың руы — Арғын тайпасына жататын Қарауыл. Оның ішінде — Құрманқожа [1; 309]. 
Құрманқожа ұрпақтарын (Есенбай, Қараша, Қоңырша, Ананай) «қырдағы төрт ата Қарауыл» деп 
айтады. Құлынша ұрпақтарын (Көшеннің балалары — Атқы, Жауар, Мөнтік, Сары) «ойдағы төрт ата 
Қарауыл» деп атап кеткен. Осы ұрпақтардың ата-бабасы — Ақкісі (жоғарыдағы схеманы қара.). 
Ыбырайдың  арғы  атасы — Сəбден  батыр  он  саусағынан  өнер  тамған  зергер  болған.  Өз  əкесі 
Сандыбайдан Бөбіш (қыз), Шалғымбай, Ыбырай туған... Сандыбай дəулеті дөңгелек, ұсталықпен күн 
көрген  адам.  Ол  шалқып  жатқан  бай  болмаса  да,  Ыбырайдың  жастайынан  өнерге  деген  ынтасына 
кедергі болмаған [2; 52]. 
Кəкімбек  Салықов  ағамыздың  осы  шежірені  толықтырған  деректері  мынадай: «...Маңдайдан 
тараған Асайыннан Смағұл, Мырзағұл тараса, Мырзағұлдан ақын Мұса туды, оның шешесі Бағи апам 
— менің шешемнің туған апасы. Мұса керемет əнші болса, оның əкесінің ағасы Смағұл ақсақал əрі 
ұста,  əрі  зергер  еді.  Ол  кісіні  көрдім.  Зергердің  Сталиннің 70 жасқа  толуына  арнап,  өте  кішкентай 
герб  жасап  Мəскеуге  жібергенін  білуші  едім. 1950 жылы  орта  мектепті  бітіріп,  Түсті  металл  жəне 
алтын  институтында  оқып  жүргенде  Мəскеудегі  «Сталинге  сыйлықтар»  мұражайында  Смағұл 
қарттың алтын мен күмістен жасап жіберген, өте əдемі гербін көрдім. Мұса бабасына тартып, асқақ 
əнші,  шешен  де  тапқыр  айтыс  ақыны  болып,  Жамбыл  атамыздың 125 жылдығына  арналған 
республикалық  айтыстың  жеңімпазы  атанып,  елге  танылды.  Əбіле — оқыған  кісі,  Шыңғыс  төренің 
хатшысы  болып  қызмет  істеген.  Ыбырай  ерте  жастан  əнге,  өлеңге  бейім  екен. «Айналайын  айран, 
неге бұрын келдің шайдан, қатындардан таяқ жеп, айырылыпсың ғой майдан», — деген сияқты əзіл-
қалжыңдары ерте тарапты» [3]. 
Ал  жазушы  Төлеген  Қажыбай  «Атам  аштықтан  өлген», — дейді  Үкілі  Ыбырайдың  немересі 
деген  мақаласында  Ыбекеңнің  ұрпақтары  туралы  келесідей  қызық  деректер  келтірілген: «...Сонау 
Жезқазған  жақтан  атақты  əнші-композитор,  сал-серілердің  Арқа  алабындағы  соңғы  өкілі,  ұлы 
«Гəкку»,  қыздырмалы  «Қызыл  асық», «Толқын»  əндерінің  иесі  кəдімгі  Сандыбайдың  Ыбырайының 
үлкен ұлы Есептің кенже қызы Қапия Көкшетауға көшіп келіпті деп естідік. Естігеннен-ақ елеңдедік. 
...Сонан  Қапия  апамызға  телефон  шалып,  Көкшетаудың  Васильков  мөлтек  ауданындағы  оның 
ұядай ғана шағын пəтеріне келдік. 
– Мына бір қағаздар атамды ақтап алу үшін Жоғарғы Сотқа, Президентке жазған өтініштер ғой. 
Ал мыналар солардан келген жауаптар, — деп Қапия апамыз бір бума қағазды алдымызға тастады. 
Тілсіз  қағаздарға  тіл  бітті.  Сөйлеп  кетті.  Үкілі  Ыбырайды  Тілегенов  Сағи,  Кекешев  Хұсайын, 
Күдербеков  Молдахмет,  Өжібаев  Сақай,  барлығы  бес  адаммен  тұтқындап, 1930 жылдың 30 
қарашасында  Солтүстік  Қазақстан  облысының  ОГПУ-і  үкім  шығарған.  ОГПУ-дің  Октябрь 
ауданындағы  өкілі  артынан  мемлекет  кайраткері  болған  Жұмабай  Шаяхметовтың  болғандығын  да 
сол қағаздардың ішінен білдік. 
Үкілі  Ыбырай,  Сағи,  Хұсайын  ату  жазасына  кесіліп,  Молдахметке  бес  жыл,  Сақайға  он  жыл 
берілген. Бұлар атақты 58-баптың 8, 10 жəне 13-тармақтарымен сотталған. Ол жаңа  өкіметке қарсы 
үгіт  тарату,  мемлекеттік  төңкеріс  ұйымдастыру,  шет  елмен  шпиондық  байланыс  орнатуға 
атсалысқандық болып табылады. 
Үкілі  Ыбырайдың тəркіленген  мал-мүлкі  тізімделіп, хатталған. Онда  ішінде  бір  құлынды  биесі 
бар, төрт жылқы, бір бұзаулы сиыр, бір тайша, киіз үй, жертөле, барлық құны 625 рубльге бағаланған 
мал-мүлік тіркеліпті… 
Үкілі  Ыбырай  тағдырына  қатысты  кейбір  құжат-қағаздармен  танысқан  соң  əңгіме  арнасын 
Қапия Есепқызына бұрдық. 
– Атам Үкілі Ыбырайдың бірінші əйелінен менің əкем Есеп, Есентемір, Өстемір туады да, екінші 
əйелі Дəметкеннен Мəруа өмірге келеді. Əкем Есеп пен анам Қайныштан Тұрғын, Елемес жəне мен 
Қапия,  жəне  бір  ұл  Əшімтай  туады.  Есентемір  халық  жауының  баласы  ретінде  Қарағандыға  жер 
аударылып, шыңырау шахтаға түсті. Сонда жүріп штрек астында қалып, мерт болды. Өстемір ағамыз 
Қызылжарда  судья  болып  жүріп,  ерте  дүние  салды.  Əкей 77 жасында  өмірдің  тегеурінді  темірдей 
талқысына  түсе  жүріп,  бақиға  озды.  Артында  қалған  біздердің  де  тірлігіміздің  түтіні  оңынан 
шалқымады.  Қайда  барсақ  та  «халық  жауының»  ұрпағы  деп  көзге  түрткі  болдық.  Жығылғанға 
жұдырық, ол тұста тұрмысымыз да өте ауыр болды. 
– Атаңыздың ұсталуы жайында не естіп білдіңіз? 
– Əкем Есептің үйіне ауылдың Шілтікен, Қожан, Шаяхмет деген шалдары жиі келетін. Атамның 
əндерін  айтқанда, сыртқа  қарауыл  қоятыны  есімде. Əжем  Дəметкен  атамды  əкетерде  ауданнан  төрт 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
65 
адамның келгенін, іле үйді тінтіп, астан-кестеңін шығарғандығын айтатын. Сонда қаға берісте сандық 
түбінде ораулы жатқан тайтұяқ алтынды қолтығыма қыса қойдым деуші еді, жарықтық! 
– Үкілі Ыбырайды басында ату жазасына кескенімен артынан он жылға ауыстырып, ит-жеккенге 
жер аударды деген əңгіме құлағымызға тиген еді. Бұл мəселенің анық-қанығы əлі жұмбақ...». 
Көрсетілген мəліметтерге біздің қосатынымыз, Үкілі Ыбырай дүниеге келген аймақта Арыстан, 
Орынбай,  Шал,  Тезекбай,  Нұркей,  Біржан  сал,  Ақан  сері,  Тоғжан,  Шəрке  сал,  Нүрке  сері,  Балуан 
Шолақ сынды аузынан дүрлер төгілген ақындар, жыраулар, аспандағы аққуға үн қосқан біртуар əнші-
композиторлар туған. 
Үкілі Ыбырайдың туған, өлген жылдары жайлы мəліметтер 
Ыбекең  туралы  алғашқы  сыр  шерткен  классик  жазушы  Сəбит  Мұқанов.  Сəбеңнің  айтуынша, 
Ыбырай  Сандыбайұлы 1856 жылы  туған  делінетін.  Одан  кейін  жазушы  ағамыздың  тірі  кезіндегі 
белгілі ғалым-мамандар (Б.Ерзакович, Е.Байболов т.б.) ақынның туған жылын Сəбеңе сүйеніп, 1856 
жыл деп жазып жүрді. 
«XX  ғасырдың  бас  кезіндегі  қазақ  əдебиеті»  деген  кітапта: «...Ақынды  жасынан  жақсы  білетін 
жақын  жолдасы  Молдахмет  Ержановтың  айтуына  қарағанда,  Ыбырай 1856 жылы  туды  деген  шама 
дұрыс. Ал 1930 жылы ұсталып, содан қайтпағанын еске алсақ, оның 1932 жылы 76 жасында қайтыс 
болғаны расқа шығады» [2; 52], — деп көрсетілген. 
Көкшетауда  тұратын  жазушы  Естай  Мырзахметұлы  өзінің  көлемді  мақаласында  былай 
толғанады: «...Сұқбаттасқан  ақсақалдардың  барлығы  бір  ауыздан  Ыбекең  жетпіс  екі  жасында  кетті 
дегенді айтқан болатын. Соның ішінде ерекше сенімдісі Қайныш кейуананың: 
– Атам  жарықтық  кəміл  жетпіс  екі  жасында  ұсталды, — деп  жанарын  жаспен  шылағаны  көз 
алдымда қалған еді. 
Сондағы естігенімді түбірлей зерделеу үшін аты-шулы істе Ыбекең жасына қатысты деректерге 
шұқшия назар тіккенмін. Сондағы көзім анық жетіп, көңілімді берік сеңдіргені — Ыбекең тергеушіге 
берген  жауабында  «жасым  жетпіс  екіде»  дегені,  келесі  тергеуде «72 года»  деп  көрсетілгені,  ең 
ақырында «Үштіктің» үкімінде «72 лет» деп тайға таңба басқандай жазғаны-тұғын. 
Осының  бəрін  таразыға  тарта  келгенде  күмəнсізі  Ыбырай 1858 жылы  туып, 1930 жылы  шаһит 
кеткені еді!...» [4]. 
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кəкімбек Салықов 2003 жылы жарық көрген еңбегінде 
өз  ойын  былай  тұжырымдайды: «Былтырғы  жылы  «Егемен  Қазақстан»  газетінде  Үкілі  Ыбырайдың 
туған  жылын  қисынды  түрде  анықтайтындай  етіп,  дəйекті  дəлелдерімен,  ақылға  сиятын  үйлесімді 
деректермен  белгілі  жазушы,  тарихшы  Көкшетауда  тұратын  ардақты  ағамыз  Естай  Мырзахметов 
үлкен  мақала  жазыпты.  Автордың  бұл  дүниесінің  үлкен  диссертациядай  құндылығы  бар  екен. 
Келтірілген деректері — хабарлама алдым деп атаған Үкілі Ыбырайдың жұрағаттары. Əсіресе келіні 
мен Əштай атты немересін мен анық білемін. Шындықтың дəл өзі. Естай ағамыз қорытынды сөзінде 
Ыбырай 1858 жылы  туды,  ұсталғанда 72 жаста  еді  деген  тұжырымға  тоқтапты.  Мен  бұл  шешімді 
мұқият қолдаймын, Молдахмет Тырбиев атамыздың да: «Ыбекең ұсталған жылы 72-де еді», — дегені 
есімде. Қасым Қайсенов ақсақал айтқандай: «Ағалар-ай, тірі жүріңдерші», — дегім келіп, кездескенде 
Есекеңе рахметімді айттым. Үкілі Ыбырай жайлы ресми деректерден алған көптеген мағлұматтарды 
жариялаған заңгер Сұлтанбек Əміржанов та осы жылды атайды. 
Қалай десек те, Ыбырайдың өмірі мен өнерін жақсы білетін Көкшетауда осы Есекең жəне белгілі 
ақын,  драматург  Төлеген  Кажыбаев  бар.  Төлеген  екеуміз  де  əрлі-берлі  ой  тоғыстырып,  Естай 
Мырзахметов  дəлелдеген 1858 жылды  Үкілі  Ыбырайдың  туған  жылы  деуге  даусыз  көндік. 1956 
жылы  Үкілі  Ыбырайдың  үлкен  ұлы  Есеп  Ұлытау  маңында  тұратын  қызы  Тұрғынды  іздеп  келгенде 
«Жезқазған-Рудник» деген жердегі менің үйімде армансыз екі күндей əңгімелесті. Жиендері — ақын 
Тайжан  əулетін  аралап  жүріп  бір  кісінің  сұрағына  жауап  бергенде: «Əкем  ұсталғанда 72-де», — 
дегені бар. Жезқазғанда тұратын Үкілі Ыбырай тақырыбына белсене атсалысып жүрген көкшетаулық 
заңгер, белгілі публицист Манап Мұщанов та осы шешімді мақұлдайды. 
Осы  тұжырымды  ел  болып  қолдап  Үкілі  бабамыздың  келешек  мерекелерін,  басқа  да  аты 
аталатын  жазбаларда  Ыбырай  Сандыбайұлы 1858 жылы  туып, 1930 жылы  қайтыс  болды  деген 
тұжырымды ұстанайық демекпін [5; 9]. 
Қ.Жүзбасов пен З.Қоспақов 1995 жылы «Өнер» баспасынан шыққан «Гəкку» атты жинақта ұлы 
композиторды 1860 жылы туды дегенге көшті. А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» деген туындысында: 
«Ыбырай 1860 жылы бұрынғы Көкшетау уезі, № 5 ауылда туған» [6; 184], — деп көрсетті. К.Салықов 

Р.С.Каренов  
66 
Вестник Карагандинского университета 
2010 жылы жарық көрген «Үкілі Ыбырай» атты мақаласында былай жазды: «Ақынның туған жылын 
1858  жыл  деушілер  де  болды,  оған  мен  де  біршама  қосылып  қалып  едім,  ол  райдан  қайттым.  Төрт 
көзіміз  түгел,  аталарымыз,  əкелеріміз  аман  кезінде  академик  Ахмет  Жұбанов 1860 жылға  тоқтаған 
екен. Осыны жөн көрдім» [7; 8]. 
Сонымен, осы уақытқа дейін Ыбырай Сандыбайұлының туған, өлген жылдары əр түрлі жазылып 
жүр. 
Ақан серінің Біржан салға жас Ыбырайды алғашқы таныстыруы 
Сұлу Көкшенің сал-серілік мектебі дегенде Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай қатар аталады. 
Бұл үш дүлдүлдің ішіндегі үлкені Біржан Қожағұлұлы. 
Жас  жағынан  Ақан  сері  Ыбырайға  жақындау  тұрғандықтан,  бір  жиында  көш  бастар  ағасы 
Біржан салға жас дарынды арнайы кездестіріп, таныстырыпты. Ə, дегеннен сал бабамыз көп тамсана 
қоймаса керек. Оны сезген Ақан сері: «Ыбырайжан-ау, аруақты ағаның алдында қысылып отырсың-
ау, сен қой оны, босат аттың басын, сескенбе, ұялма», — деген көрінеді. Сонда арқасына өткір қамшы 
тиген  аттай  ышқынып,  алты  қырдың  астына  еркін  жетердей  дауысын  əрі  əсем,  əрі  еркін  шығарып, 
осы жиынға əдейі дайындап əкелген «Шалқыма» деген əнін [8] орындайды: 
 
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын, 
Ал, қорғасындай денеңді балқытайын. 
Біржанға салып берген əнім еді-ау, 
Азырақ «Шалқымамды» шалқытайын. 
 
Өлеңмен болдым таныс ой мен қырға, 
Құлақ салып, халайық, əнімді тыңда. 
Біреуге айдай алмас малды беріп, 
Мол қылған əн, өлеңмен мені жырға. 
 
Өлеңмен талай жерді тегістедім, 
Ой, қадір білмес адаммен келіспедім. 
Атығай, Қарауыл мен Керей, Уақ, 
Сен алуа мен бір тауық жеміс тердім. 
 
Бұл  əннің  бітісі  басқа  əндерден  ерекше.  Орындаушы  дауыстың  шыңына  шығып,  əннің 
атындағыдай «шалқып», тасып, өлеңнің шумағының үшінші жолынан бастап төмен түседі де, қоңыр 
үнмен жүріп отырып, аз уақыт жоғары өрлей түсіп, бірақ тез кейін қайтады. Сөзсіз тек уілдеп келетін 
қайырмасы құбылып, біркелкі дыбыс белесінде кідіріп тұрып барып бітеді. 
Қос көсемнің алдында Ыбырай жаңа туып, көкірегін кернеп жүрген «Гəккуін» де төгілтіп береді. 
Ержүрек затына тартып, тəуекелге бел байлайды. 
Біржан сал бір кереметті шапшаң сезе қалғандай, шыдай алмай: «Бəрекелді, Ақан ағаң мақтаса 
мақтағандай екенсің», — деп батасын беріпті. Содан соң аз толғанып отырып: «Ақан-ау, жылқының 
перісі Құлагер болса, əншіліктің перісі осы Ыбырай болар. Ат тұяғын тай басқаны осы да, бұл бүйте 
берсе, ертең-ақ екеумізден асып түседі», — депті [5; 9]. 
Үкілі  Ыбырайдың  мүлтіксіз  ашық,  өткір  асқақ  дауысы  Біржан  сал  мен  Ақан  серіні  осылай  таң 
қалдырыпты. Екеуі да: «Біздің өнерімізді жалғастыратын, байтақ елге жаятын, алдағы күндерге əдемі 
күйімен күмбірлете жеткізетін сұңқарша саңқылдаған Ыбырайымыз бар», — деп марқайысыпты. 
Ыбырайдың өнерін Сəкен Сейфуллиннің жоғары бағалауы 
1925 жылы Сəкен Сейфуллин Бурабайға келеді. Сонда Ыбыраймен кездеседі. Екеуі Оқжетпестің 
баурайында  отырып,  біраз  əңгіме  шертеді.  Сол  арада  Ыбекең  өзінің  атақты  «Көкше»  əнін [9;103] 
шығарады: 
 
Арқаның асау туған ардагері, 
Кім сүйіп, кім жырламас, Көкше сені, 
Суың бал, шөбің шүйгін, қойының ырыс, 
Жиһанда, бағаң артық сен бір сері. 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
67 
Жоталы жер кіндігі Көкшетауым, 
Əн, күйге толы екен ғой омырауың, 
Артынан дабыл қағып, осы əнімнің 
Сыпырып ұшырайын балақ бауын, — 
дейтін əн аса кербез. Тыңдаушыны еріксіз ертіп алып кетеді. 
Сəкеннің  поэзиясы  Ыбырайға  қатты  əсер  етеді.  Сəкен  де  Ыбырайдың  өлең-жырларына  қайран 
қалып,  тамсанады.  Өзі  əнді  сүйетін,  тамаша  орындайтын  адам,  Ыбырайдай  əншінің  қасиеттерін 
жоғары бағалайды. 
«Көкшетау»  поэмасында [10] Үкілі  Ыбырайдың  ақындығы  мен  əншілігін  көтере  мадақтауы 
соның айғағы. 
 
Əнші бар Көкшетауда талай ірі, 
Ыбырай топ жарғанның о да бірі. 
Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып, 
Жайылған талай əсем əн мен жыры. 
 
Өзі ақын, əн шығарғыш, домбырашы, 
Сауықтың жан думаны, болған пірі. 
Ақырып арыстандай, əн салады 
Ыбырай жүйрік тарлан əлі тірі. 
 
Кең алқым, кең көмейлі, даусы керней, 
Ақырмай əн салмайды, көкірек кермей. 
Астына алты қырдың естіледі 
Шырқаса екіленіп құлаш сермей. 
 
Əн салса, алқымы ісіп құйқылжиды, 
Бəйгі атша, алып қашқан ырық бермей, 
Айнала айдын көлге естіледі 
Жаңғырып керней даусы аспанға өрлей. 
 
Қапсағай, қыр мұрынды, арыстандай 
Жаратқан, дүлдүлмен де жарысқандай. 
Əуелі қалтыратқан күркір дауыс, 
Тіресіп дауылменен қарысқандай. 
 
Əні бар «Гəкку» деген аңқылдаған 
Аққудай айдын көлде қаңқылдаған. 
«Гідігай», «Қалдырған» мен «Маңмаңкерін» 
Ырғалтса, керней дауысы саңқылдаған. 
 
Мазақтап байдың қашқан «керекесін» 
Советтің еңбекші елге сыйын көріп, 
Советтің губерналық жиынында 
Əн шырқап құттықтаған мерекесін. 
Советтің еңбекші елге сыйын көріп, 
Отарба, машиненің биін көріп, 
Екеуін өлең қылды «Отарба» əнмен 
Гулеген Көкшетаудың күйін көріп. 
 
Туса егер, өнерлі елде бақтарына 
Білім ап жүрсе бəрі баптарында: 
Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар, 
Алмас ед Шаляпинді қапталына, — 
 

Р.С.Каренов  
68 
Вестник Карагандинского университета 
дейді. Ыбырайдың дауысын, оның орындаушылық дарынын, əндерінің бірегейлігін жақсы келтіреді. 
Оның басқа əнші ағаларындай оқи алмай қалғанына күйінеді. 
Сəбит Мұқанов — Ыбырайды ерте танып, ол туралы артына сөз қалдырғандардың бірі 
Ыбырай  Сандыбайұлының  өлеңдерін  газетке  жариялап,  ақындық  шығармалары  туралы  келелі 
пікір айтқан атақты жазушы С.Мұқанов. 
Сəбең  Ыбырайды  алғаш  рет 1913 жылы  «Марьин  жəрмеңкесінде»  көреді. «Сол  кезде  ол 
жасының  ұлғайғанына  қарамастан,  өз  əндерімен  жəрмеңкеге  келген  көпшілік  қауымның  көңілін 
көтерді.  Мен  оның  күшті  дауысына,  орындаушылық  шеберлігіне  тəнті  болдым», — деп  еске  алады 
əйгілі жазушы сол кездесуді. 
Екінші  рет  Сəбең  Үкілі  Ыбырайды 1921 жылы  өз  ауылында  кездестіреді.  Онымен  ұзақ 
əңгімелесіп,  жағдайына  қанығады.  Оның  ешқандай  бай  емес,  кедей  таптың  өкілі  екеніне  көз 
жеткізеді. 
Сəбит Мұқанов Ыбырай-ақын, Ыбырай-əнші туралы бірнеше көлемді мақала жазған. Солардың 
бəрінде Сəбең «Қазақ ауыз əдебиетінде жəне музыкасында Ыбырайдың орны үлкен» екенін дəттейді. 
Ақынның  «Бір  қызық  ит  жүгіртіп  аң  ауласа»  деген  өлеңін 1924 жылы  Сəбит  Мұқанов 
Ыбырайдың  өз  аузынан  жазып  алып, «Қызыл  Қазақстан»  журналының  сол  жылы  шыққан 7–8 
сандарында «Қазақ əдебиеті һəм Ыбырай» атты көлемді мақаласының ішіне енгізді. 
1925  жылы  «Бостандық  туы»  газетінің 25 шілдеде  шыққан 28 санында  С.Мұқанов  «Қарауыл 
Ыбырай  ақын»  деген  тағы  бір  мақала  шығарды.  Онда  ол  Үкілі  Ыбырайдың  ақындығына  мынадай 
баға берді: «Ыбырай Сандыбай баласы, түбі Қарауыл деген ел... Жас күнінде ескі оқумен имандығын 
білгендей білім алған. Қолына домбыра алып, топ жарып өлең айтқан уақытта сегіз жаста екен... Таза 
тіл,  таза  сөз,  өлеңі  үйлесімді,  мағынасы  терең,  бас-аяғы  жинақ,  ұғымға  жеңіл  болған...  Жай  өлеңге 
шеберлігі  қандай  болса,  Ыбырай  əнге  де  сондай  шебер.  Дауысы  өте  зор  кісі. «Жас  күнімде 
дауысымды сегіз шақырым жерден естіп бозбалалар іздеп келді» деп айтады. Əннің сарыны салқын, 
тыңдаушыны ауырлатып, денеңе салқындық береді. Құлағыңа дүниедегі мұң біткен естіліп, жаныңды 
қалжыратқандай болады. 
Əсіресе дауыс құбылыстарында өз денеңді өзің билей алмай, отырған орныңнан əннің ырғағына 
қарай тербеліп кетесің. Ыбырайда көңілге күлкі кіргізер əн атымен жоқ. Бəрі де толқымалы толқын. 
Кемең суға батқандай, отарбаң соқтыққандай əн артынан ауыр ойға қаласың» [11;6]. 
Бұл  жерде  Ыбырай  Сандыбайұлының  біраз  өлеңдерінің  кейінгі  оқырманға  Сəбит  Мұқанов 
арқылы жеткенін ерекше айта кеткен жөн сияқты. 
А.Затаевичтің Үкілі Ыбырайдың кім екенін білу үшін сіңірген еңбегі 
Ыбырай  əндеріне  алғаш  көңіл  аударып,  жазып  алған  Қазақстанның  халық  əртісі,  белгілі 
композитор,  халық  əндерінің  тұңғыш  жинағын  жасаған  Александр  Затаевич.  Оның  Ыбырай 
Сандыбаевқа  берген  бағасы  көңіл  аударарлық: «Ыбырай,  Ақмола  губерниясы  Көкшетау  уезінің 
профессионал  əншісі  Əбдірахман  Бегимовтің  айтуынша,  жасы 65 келген  қуақы,  қалжыңқой  шал 
көрінеді.  Жас  кезінде  ерекше  күшті,  тамаша  тенор  даусы  болыпты,  сондықтан  да  оның  өнеріне  бас 
иіп  құрметтеушілердің  ішіндегі  ауқатты  біреулері  Ыбырайға  музыкадан  білім  бергізу  үшін  тіпті 
Петербургқа да алып барыпты, бірақ бұл ниетті жүзеге асыра алмаған. 
Қарт  Ыбырай  үлкейіп  кетсе  де  əнді  тамаша  салып,  домбыраны  да  шебер  тартады  екен (1924 
жылдың  октябрінде).  С.Сейфуллиннің  айтуына  қарағанда,  жуырда  Қызылжарда  қазақ  жастарының 
кешінде сахнаға шығып, өзінің «Қалдырған» атты (əрі мейлінше əсем) əнін шырқап берген екен. Бір 
қызығы, ол Сейфуллинге жас күнімде даусым жазық далада — жеті шақырым жерге жететін еді деп 
мақтана айтыпты» [2; 64]. 
1969  жылы  Үкілі  Ыбырайдың  «Əндері»  деген  жеке  жинағы  жарық  көрді.  Əндерін  жинап 
құрастырған,  нотаға  түсірген  өнертану  ғылымының  докторы,  профессор  Б.Ерзакович  пен  Есім 
Байболов. 
Ақынның өмірі мен шығармашылық өнері хақында белгілі əдебиетші-ғалымдардың лебіз білдіруі 
Үкілі  Ыбырайдың  өмірі  мен  шығармашылық  өнері  туралы  академик  Ахмет  Жұбанов  пен 
Есмағамбет  Ысмайылов,  профессор  Серік  Негимов,  Амантай  Сатаев  пен  Ілия  Жақанов  зерттеулер 
мен  əссе-новеллалар  жазды.  Драматург  Шахмет  Құсайынов  «Үкілі  Ыбырай»  атты  драмалық 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
69 
шығармасын сахнаға қойды. Əсіресе А.Жұбанов, Е.Ысмайылов пен С.Негимовтың сүбелі зерттеулері 
тарихи-əдеби деректерімен, мағыналы толғамдарымен құнды. 
Ыбырайдың  жыршылық  өнері  хақында  А.Жұбанов  мынадай  мағыналы  лебіз  қалдырған: 
«…Ыбырай айналасындағы ағайын-тумаларының айтқандарына көнбей, ерте атқа мініп, жігіт болып, 
серілік жолға беттеген. 
 
Жігіт болдым он жетімде, 
Тыңда айтқан кебімді. 
Шаруадан бастартып, 
Сандыққа бұрдым бетімді, — 
дейді бір өлеңінде. Өзі «түс көрдім, маған əнші боласың деп, біреулер маңдайымнан сипады» деген. 
Ал, əкесінің жолын қууды да мақұл көрмей: 
 
Ағаштан арба-шана ие алмадым, 
Басыма тері бөрік кие алмадым. 
Əкеміз «қара мұрын ұста» атанған, 
Көмірге өзімді өзім қия алмадым, — 
дейді.  Қысқасы,  ұсталық  еткісі  келмей,  əкесі  барында,  соның  еңбегімен  отбасының  күнкөріп 
тұрғанын пайдаланып, əн, өлең қуып кетеді. Аты ерте шығады. 
 
«Сал» атандым он сегізде, 
Қайғысыз ендім бір теңізге. 
Он тоғызда оттай лаулап, 
Ойнақ салдым кемеңізде. 
 
Жігіт боп жетіп қалдық жиырмаға, 
Кезегенге дəм үйден бұйыра ма? 
Өнерге өңмен салып ұмтылмасаң, 
Жастықта нəпсі, шіркін, тыйыла ма, — 
дейді, өзінің жасын қуып айтқан өлеңдерінің бірінде. Осы жолға түсіп кеткенін: 
 
Əн салып, сері болып талаптандым, 
Тыңдамай ақылын да барлық жанның. 
Бөркіме үкі тағып, сəндеп киіп, 
Жолына түспей кеттім дүние-малдың, — 
 
деп, қорытады» [6; 184]. 
1968  жылы  жарық  көрген  «Əдебиет  жайлы  ойлар»  деген  кітабында  Е.Ысмайылов  Ыбырайдың 
əншілік өнері туралы Омар деген қарияның айтқан лебізін келтіреді: «Мен көпті көрген қариямын... 
Мен  көріп,  жақын  араласқан  кезімде  Ақан  сері  жасы  ұлғайғандықтан  ба,  қалай,  салмақты,  тазалық 
пен  сыпайылықты  тəуір  көретін  орнықты  адам  еді,  ал  Ыбырай  болса  жын  қаққан  кісідей,  ұшып 
қонған бір көбелек еді. Үлкенімен үлкен, баламен баладай, қалай болса, солай ойнап-күліп отыратын. 
Алты  қырды  күңіренте, ақырын  шырқап  салған  əні  айдаһардың  лебіндей  кімді  болса  тартып, алды-
артын орап, буып  тастайтын. Осы  күні жұрттың  қымызға,  сыраға, араққа  елтіп  мас  болғанын  көріп 
жүрсіңдер ғой. Ал Ыбырай əнімен, өнерімен бəрімізді де сиқырлап, есімізді тандырып, тамсандырып 
жіберетін.  Нақ  желідегі  байлаулы  құлындай  Ыбырайдың  өнеріне  балқып  мас  болып,  қашан  ол 
тоқтағанша  еркімізден  айырылып,  ешқайда  тырп  ете  алмайтын  едік.  Мен  тоқсан  бес  жастағы 
шалмын. Осынша жасағалы Ыбырайға пар келерлік керемет өнер иесін көрген емеспін». 
Қазақ  арасында  ауыз  əдебиетті  де,  əнді  де  жақсы  біліп,  оны  домбыра  не  сырнайға  қосып  айта 
алатын  адамдар  ол  кезеңдерде  аз  болмаған.  Бірақ,  сол  көптің  ішінде  суырылып  шығып,  халық 
рақымына бөлену мыңның ішінде бірге ғана тиістілі. Сол біреудің бірі Ыбырай еді. Е.Ысмайыловтың 
сөзімен  айтқанда: «Махаббат,  достық,  аңшылық  заман  туралы  өлеңдерінің  қай-қайсысын  алсаң  да 
жаны, көңілі күлім қағып, күмбірлеп күй шертіп, еркелеп, ойнап тұрған жас қауымның дарқан сезім 
дүниесі  жарқырайды.  Өмірдің,  заманның  жеркенішті,  бұлдыр  жағынан  гөрі,  адамды  көңілді,  еркелі 

Р.С.Каренов  
70 
Вестник Карагандинского университета 
сезімге,  сұлулық  арманға  жетектейтін  құбылыстарды  дамытып  жырлай  білу,  ақын  поэзиясының 
тарихи мақтаны болмақ». 
Филология ғылымдарының докторы С.Негимов «Қазақтың сал-серілері» деген құнды еңбегінде 
əйгілі əнші ақын туралы былай деп ой тербейді: «Əн мен жырдың көгінде шарықтап самғаған саңлақ 
атамекен  табиғатын,  сұлу  жаратылысын,  əн  сазымен  аққудың  саңқылын,  қаздың  қаңқылын, 
шағаланың  шаңқылын,  тас  бұлақтың  сылдырап  аққанын,  айдын  көлдің  толқығанын,  өз  басының 
көңіл-күй құбылыстарын, ішкі жан сарайын, ой-сезім əлемін, интеллектуалдық болмысын, көркемдік-
эстетикалық  дүниетанымын,  замана  шындығын  əрі  нəзік,  əрі  терең  суреттеген.  Өлең-жырларының 
нəзік  кестесі,  өрнек-нақышы,  сыр-сымбаты  да  сан  қилы,  нешеме  алуан  поэзиялық,  музыкалық 
құбылыстарға  бай.  Саз — келісім  жағынан  алғанда,  біресе  жігерлі,  серпінді,  отты,  ойнақы, 
бұрқыраған қуатқа толы яки жұмсақтығы жібектей əсем əуенді, қоңыр үнді, терең сезімге құрылған я 
болмаса салтанатты шадыман... 
Айтулы  əнші-ақын  сыршылдыққа,  нəзік  иірімдерге  толы  өлеңдермен  қатар,  өмір,  дүние 
турасында философиялық шынайы толғаныстарға құрылған «Қалдырған» əнін шығарған» [12]. 
Жоғарыда  айтылған  пікірлерге  біздің  қосатынымыз,  Үкілі  Ыбырай  туындыларын  жинақтау, 
зерттеу, жариялау, қайталанбас тұлғасын жаңғырту ісі əрі қарай жалғасын табатыны анық. 
Кəкімбек Салықовтың Ыбекеңнің ақындық ерекшеліктеріне терең талдау жасауы 
2005  жылы  көрнекті  ақын  К.Салықов  Ыбырай  Сандыбайұлының  өлеңдері  мен  толғау 
айтыстарын «Гəкку» атты бір кітап етіп (Астана, «Фолиант» баспасы) шығарды. 
Бұл  жинақта  Ыбырай  мұраларына  қатысты  бірсыпыра  ақтаңдақтардың  беті  ашылып,  көбірек 
дау-дамайға  ұшырап  келген  өлеңдері  мен  əндері  өз  орнын  тапты.  Олар  нақтылы  дəлелдермен 
дəйектелді. Əр əн мен өлеңнің шығу тарихы, кімдерден алынғандығы «Түсініктер» тарауында шымыр 
түйін  тапты.  Соның  нəтижесінде  «Аңшының  əні», «Қараторғай», «Қызыл  асық», «Жиырма  бес» 
төңірегіндегі  туындап  келген  кертартпа  дау-дамайларға  нақтылы  жауап  берілді.  Мəселен,  Кəкең 
ғажап  «Аңшының  əні»  текстінің  Ыбырайдыкі  екендігін  дəлелдеп,  бұл  əннің  атақты  Əсет  арқылы 
Қытай  асып  барғандығын  алға  тартты.  Жинақта  Ыбырай  Сандыбайұлының  тек  əнші,  сазгер  ғана 
емес, кең тынысты эпикалық жыршы, тегеурінді айтыскер ақындығы да дəлелденді [13]. 
Не десек те, бұл жинақ көптен күткен арманды сезіміміздің өтеуіндей сəтті болып шықты. 
Ақынның шəкірттері туралы бірер сөз 
Ыбырайдың  ақындық  жəне  музыкалық  беделінің  үлкен  болғаны  сондай,  одан  қазақ  əдеті 
бойынша «бата алуға» келеді екен. Белгілі ақын Тайжан бір өлеңінде [6; 201]: 
 
Халқым сүйіп атымды қойған Тайжан, 
Тайжанға риза болған Арғын-Найман. 
Бұл жерде бір тиын да жұмысым жоқ, 
Бата алғалы келіп ем Ыбырайдан, — 
дейді. Бұған қарағанда Ыбырайдың шəкірттері көп болған сияқты. 
Тайжан  Қалмағамбетов (1878–1938) — төкпе  ақын,  əнші-сазгер.  Ұлытаудың  түлегі.  Үкілі 
Ыбырайдың  туған  жиені  (Ыбырайдың  Бопыш  (Бөбіш)  деген  апасынан  туған).  Сыбызғы  мен 
сырнайды,  қобыз  бен  домбыраны  бірдей  тартқан. 1916 жылғы  ұлт-азаттық  қозғалысқа  үн  қосып, 
Амангелді сарбаздарын жырлаған. Жастайынан Біржан сал, Ақан сері, Шəрке сал, Сегіз сері, Балуан 
Шолақ,  Үкілі  Ыбырай  тəрізді  əнші-ақындардың  репертуарын  игеріп,  өзі  де  əн  шығарып  айтуға 
дағдыланған [14]. 
Тайжан ақынмен Қарсақпайда жарты ай бірге сапарлас болған Сəбит Мұқанов «Есею жылдары» 
атты  шығармасында  Тайжанның  кескін-келбеті  нағашысы  Ыбекеңнен  аумайтындығын, «əнді 
екпіндете,  құбылдыра,  құлаққа  жағымды  ғып  айтуда  Ыбырайдың  аузынан  түсіп  қалғандығын»  жан 
толқытарлық сезіммен жазған. 
Үкілі  Ыбырайдың  төл  шəкірті — Қазақстанның  халық  ақыны  Молдахмет  Тырбиұлы.  Оның 
айтуынша,  Ыбекең  алдына  жан  салмаған  əншілігімен  қатар,  қай  сайысқа  салсаң  да  дес  бермейтін 
білімдар,  тапқыр,  ағынды  айтыс  ақыны.  Оған  қоса  қаламгерлігі  де  мол,  араб,  парсы  тілінде  оқи 
білген,  өте  зерек  болған  көрінеді.  Ыбекең  хат  танығаннан  кейін  қолына  түскен  кітапты  жаттап 
аларлық  өнер  көрсетіпті. «Мұңлық-Зарлық», «Қыз  Жібек», «Жүсіп  пен  Зылиха», «Тотының  тоқсан 
тарауы», «Сейфул  Мəлік»  іспеттес  эпостық,  батырлық  һəм  ғашықтық  жырлары  мен  қисса-

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
71 
дастандарды  жатқа  өз  əуенімен  айта  білген.  Əсіресе  «Ер  Тарғын»  мен  «Мың  бір  түнді»  əнге  қосып 
жатқа  айтуға  жалықпапты.  Кейде  қара  сырнаймен,  кейде  үкілі  домбырасымен  қоса  шырқап, 
поэзияның желісіне қарай əн мақамының өрісін жатық үйлестіре білгені үлкен өнер. Ұзақ дастанды 
əндеткенде,  кейде  қолындағы  домбырасын  жерге  қоя  салып,  тақпақтатып  кетіп,  отырған  жерінен 
ілгері-кейін  жылжып  қызғылықты  қимылдармен  жалықтырмас  даланың  дара  əртісінше  тыңдаған 
жанды  жіпсіз  байлағандай  баурапты.  Бойға  қонған  жан-жақты  өнердің  арқасында  ауыз  əдебиетінен 
əбден сусындап, жазба əдебиетіне иек артып, өз ақындық өрісін кеңейте білген [7; 8]. 
Атақты  Шал  ақынның  ұрпағы,  əн-жыр  десе  алдындағы  асын  ұмытатын  Жантілеудің  Қошаны 
Үкілі Ыбырайды соңғы рет көргенін былай қызықты баяндайды: «Əлі есімде соңғы рет ол біздікіне 
1930  жылы  соқты.  Тұңғыш  баламыз  дүниеге  келіп  мəре-сəре  боп  жатқанбыз.  Ақын  келді  дегенде 
бəріміз  өре  түрегеліп  сыртқа  ұмтылдық.  Мен  Ыбекеңе  лып  етіп  қол  бердім.  Сірə,  əкем  осыны 
жақтырмай  қалған  болуы  керек: «Үлкендердің  алдын  кес-кестемей  былай  тұр»  деп  зекіп  тастады. 
Дүйім  жұрттың  алдында  айтылған  қатқыл  үн  жүрегіме  дық  ете  қалды.  Оны  Ыбекең  байқап  қалса 
керек, «Əй,  Қошан!» — деді  жұрттың  назарын  өзіне  аударып.  Сосын  домбырасын  қағып-қағып 
жіберді де тақпақтай жөнелді: 
 
Əй, Қошан, 
Қайғысыз, мұңсыз, сөз болмас, 
Ай жарығы таң болмас, 
Айыр өркеш нар болмас, 
Əкенің сөзі балаға, 
Қанша ұрысса да ар болмас. 
 
Жиналған жұрт күлісіп жатыр. Мен де енді жадырап, ақынның атын жайғастыруға кірістім. 
Сол жолы Ыбекең біздікіне екі-үш күн жатып қалды. Бұрынғыдай емес, домбырасына да қолын 
сирек созатын секілді. Жайшылықта

тойдан тойға шүйги беретін ақынның көңілі неден кір шалды? 
Ақынның  əлденеге  алаңдап  жүргені  ақиқат  еді.  Оны  əкем  де  аңғарыпты.  Бірде  мені  оңаша  алып 
шығып: «Ыбекеңді  көп  мазалай  берме,  біреулер  жала  жауып,  сотты  соңына  салып  қойған 
көрінеді»,— деді. 
Айтқандай арада біраз уақыт өткеннен кейін ауылға «ақын тұтқындалыпты» деген хабар жетті. 
Сол екен əкемнен дегбір кетті. «Ешкімге қиянаты жоқ адал  жан еді, нақақтан күймесе жарар еді?!» 
деп  көңіліндегі  күдігін  де  жасыра  алмай  уһілей  берген  ол.  Содан  жұрттан  сұрастырып  жүріп  əкем 
ақынның қазақтар қалашығында  екенін біліпті. «Қошан, сен  ақынға  барып амандық-саулығын біліп 
қайт»,— деді ол бір күні. Сөйтіп, мен Қазгородокқа келдім. Ақынның қамалғаны рас екен. Əркімнен 
«қалай  кездесуге  болады?»  деп  сыр  суыртпақтап  едім,  ешкім  ештеңе  айта  алмады.  Өстіп  тауым 
шағылып, үйге қайтқалы тұрғанымда, жүзі таныс бір жанның кездесе кеткені бар емес пе? Жаттым да 
жабыстым. Оның қызметі осы маңда екен. 
–  Бастықпен сөйлесіп көрейін, — деді ол. 
Арада екі күн өткенде, əйтеуір не керек ақынмен жолығудың сəті түсті. Ол биік дуалдың түпкір 
жағында жалғыз отыр екен. Жақындап келіп сəлем бердім. Асықпай басын көтерді де, мені көргенде 
кірпік қақпай отырып қалды. 
–  Уа, Қошанбысың, қайдан жүрсің? Ол мені бауырына басып, ұзақ уақыт босатпады. Амандық 
сұрасып болғаннан кейін елден əкелген сəлем-сауқатымды алдына жайдым... 
Біз Ыбыраймен қоштасар сəттегі əңгімесін одан əрі жалғастырса деп отырмыз. 
–  Ыбекеңнен басқа ештеме қалған жоқ па? — дедік сəлден соң сабырсызданып. 
–  Неге қалмасын. Оның өлеңдерін осы күні екінің бірі айтып жүр ғой. Ал маған Ыбекеңнің сол 
жолы шарт жүгініп отырып айтқан мына бір жолдары өте қымбат. Тыңдасаңдар айтып берейін: 
 
Танытайын өзімнің. 
Кім екенімді анықтап. 
Бақшадағы бұлбұл ем, 
Сайрап ұшқан қалықтап. 
Жақсыға толды жан-жағым. 
Қаумалап халқым келгенде, 
Қиянға қанат қомдадым. 

Р.С.Каренов  
72 
Вестник Карагандинского университета 
Құлашты қалай сермейін, 
Қысқарып өріс тұрғанда. 
Биікке қалай өрлейін, 
Асылды білмес наданды, 
Айтып қалай жөндейін. 
Туысынан жаманды, 
Үшкіріп қалай емдейін? 
 
Осы өлеңді мүдірмей айтып шыққан Қошекең үнсіз отырып қалған еді...» [15; 2]. 
Қызылжар,  Көкше  өңірінде  Үкілі  Ыбырайдың  жолын  қуып,  оның  ақындық,  əншілік  дəстүрін 
жалғастырғандар  аз  болған  жоқ.  Солардың  ішінде  көзі  тірісінде  халық  ақыны  атанған  Игібай 
Əлібаевтың шоқтығы биік болған. 
Жазушы  Ж.Сүлейменов  «Аққуға  аспандағы  үнін  қосқан»  атты  мақаласында [11; 6] Иекеңнің 
ұстазы  Ыбырай  туралы  бір  жиында  айтқан  əңгімесін  келтірген: «1921 жылы  Қызылжар  қаласында 
мектеп ашылып, əкем мені сонда оқуға берді. 
Ыбырай Сандыбаевтың баласы Өстемірмен осында таныстым, екеуміз дос болып кеттік. Уақыт 
осылай өте берді. 1922 жылдың көктемінде Өстемір «əкем келді» деді. Ыбекеңді көру, одан əн үйрену 
арманым еді, оны Өстемір де білетін, сабақтан кейін: «Жүр, əкем Партизан көшесіндегі Болат деген 
шалдың үйіне түсіпті, сонда барайық», — деді. 
Ыбекең  орта  бойлы,  толықша  келген,  онша  иықты  емес,  шоқша  сақалды,  сүйір  иек,  мұрны 
домалақтау,  қой  көзді,  кең  алқым,  қара  торы  кісі  екен.  Алқымының  жуандығы  соншалық,  иегі 
көрінбеуге  жақын.  Үстінде  жеңсіз  қара  қамзол,  ақ  көйлек,  басында  тебетей.  Қонақасы  ішілген  соң 
Ыбекең домбырасын қолға алды. Кішкене ғана қара домбыра, қағып-қағып жібергенде үй ішіндегілер 
сілтідей тына қалды. Біресе əнге, біресе  термеге  басып, жиналғандарды баурап алған  Ыбекең  қыза-
қыза «Бұрамаға» басты. Жадымда мəңгі жатталып қалған оқиғалардың бірі осы». 
Қорыта  айтқанда,  ізбасар  шəкірттерінің  Үкілі  Ыбырай  өлеңдерінің  ұмытылмай  бүгінгі  ұрпаққа 
жетуіне  сіңірген  еңбегі  өте  зор.  Əсіресе  Ыбекеңнің  əндерін  шалқыта  шырқаған,  оның  өнерпаздық 
болмысын, дархан дарынын, ұстаздық тағылымын кейінгі ұрпақтарына сипаттап жеткізген — Шəкен, 
Молдахмет,  Игібай,  Шомат,  Əбіқай,  Сұраған,  Беркімбай,  Мұқан,  Хамит  сынды  өресі  биік  ізгі 
жандардың асыл еңбегін ілтипатпен еске алған дұрыс. 
Абзал ақынның «қара тізімге» ілігуінің себептері 
Енді  ақын  өмірінің  қаралы  беттері  іспеттес  іске  үңілейік.  Бүгінге  дейін  жариялылық  сəулесін 
қалқалап келген НКВД мұрағатының түндігін ашқан кезде мынадай көптеген бұлыңғыр мəселелерді 
айқындауға мүмкіндік туды. 
Үкілі  Ыбыраймен  аталас  Шаймұқан  деген  біреу  болады.  Ол  шаш  ал  десе,  бас  алатын  шолақ 
белсенді  болып,  елдің  шырқын  бұзған.  Бірақ  Ыбекең  туысының  болымсыз  тірлігін  түзеп,  дəйім 
қолтығына тартумен болған. Екеуінің іргесі ажырамаған. Бірге көшкен, бірге қонған. Қашанда əнші 
үйі күнде думан, оның қонағы да сыйлы, қадірлі адамында шек жоқ, ағылып бірінен соң бірі келеді де 
жатады. Əлгі Шаймұқан осы ду-дудың қайнаған ішінде жүреді. Мұндай жиын өз үйінде жоқ. Өзгеге 
болсын  демейтін  байғұс  Үкілі  Ыбырайдың  дастарханын,  сайран  тірлігін  көре  алмайды.  Жыбырлап 
өсек қылады, жалған сөз таратады. Бұл ғайбатқа шыдап үндемей-ақ жүрген Ыбырай бір жолы оған: 
 
Əр түрлі тілек, мақсұт бар болған соң, 
Тірлікте сөйлер тілің нар болған соң, 
Жігіттер, дер кезінде сөйле де қал, 
Күрілдеп отырарсың шал болған соң. 
Əр адам өз ісінен шамалайды, 
Білмеген дос көңілін жаралайды. 
Неше жыл тəрбиелеп асыраған 
Кей ит те иесіне абалайды, — 
дейді («Білмеген дос көңілін жаралайды» деген өлеңі [9; 100]). 
Осы  сөзден  кейін  Шаймұқанның  ішіне  қан  қатады.  Үкілі  Ыбырай  «Советке  қарсы»  деген  сөз 
шығарады. Ақыры, Ыбекеңнің түбіне өзгені былай қойғанда, өз туысы Шаймұқан жетеді. Ол Топай 
дегеннің өтірік жаласына жел беріп əйгілі ақынды ұстатып тынады. 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
73 
1994  жылдың  шілде  айының  тоғызыншы  күнгі  санында  «Бурабай»  газетінің  бетінде  «Үкілі 
Ыбырай  қалай  қуғындалды?»  деген  мақала  жарияланды.  Мақалада  былай  деп  жазылған: 
«...Мемлекеттік Саяси Басқармасының (ГПУ) бұрынғы Айыртау аудандық өкілі Жұмабай Шаяхметов 
жүргізген бұл іс 1930 жылғы қарашаның 4-інде қозғалған. Нақ сол күні 72 жасар Ыбырай Сандыбаев 
қамауға  алынады.  Сонда  оған  қандай  айып  тағылады?  Бұл  арада  басын  ашып  алатын  бір  жай 
ақынның  ісі 1921 жылғы  оқиғаларға  байланысты  жүргізілген.  Одан  жауапты  Шаяхметовтың  өзі 
алған.  Ол  Ыбырай  Сандыбаевқа  алғашқы  кездесуде  «Колхоз  құрылысына  қарсы  үгіт-насихат 
таратқаны» үшін жауапқа тартылатынын хабарлаған...» [15; 2]. 
Кейін  осы  жалаға  неше  түрлі  пəле  жамалып,  халқына  қуаныш  сыйлаудан  басқа  ой-мақсаты 
болмаған  абзал  ақынның  мойнына  бірнеше  кінəлар  қойылған.  Негізгілерін  жүйелеп  келтірсе, 
былайша топтастыруға лайық [16]: 
1) Кеңес үкіметі келгенге дейін де, келгеннен кейін де əрдайым бай-жуандар жағынан табылған, 
жыртысын жыртып, сойылын соққан. 
2) Кедей-кемтар, жарлы-жақыбайларға зорлық-зомбылық жасаған. 
3) Кеңес үкіметіне қас-дұшпан болған. Теріс үгіт, өтірік, өсек таратуда шашасына шаң жұқпаған. 
4) Мал  да  ортақ,  жан  да  ортақ,  əйел  де  ортақ  деп  өсек  жайып,  жұртты  қатты  шошындырған. 
Соның əсерінен «Қайнар» колхозы тарап кеткен. 
5) Елді  ру-руға,  ата-атаға  бөліп,  бірді-бірге  айдап  салып,  атыстырып-шабыстырып,  араға  ши 
жүгіртіп  іріткі  салған.  Ағайынды  қырық  пышақ  қып  қырылыстырып,  жауластыруға  да  тым  шебер 
болған. 
6) Жиенəлин Каденнің əйелін немере інісі Шалғымбаев Дəуітке тартып əперген. 
Істе  тағылған  айыптан  басқа  табан  тірерлік  деректер  жоқ.  Халық  мұңын  өлең  жолдарына 
түсірген  ақынды  ұлғайған  жасына  қарамастан,  Кеңес  үкіметінің  ұстанған  бағыт-бағдарына  қарсы 
деген айыппен соттаған. 1930 жылғы 20 қарашада Солтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік Саяси 
Басқармасының  (ОГПУ)  Қаулысы  бойынша  «Үштік»  Ыбырай  Сандыбайұлын  ату  жазасына  кесіп, 
мал-мүлкін конфискелеу жөнінде үкім шығарған. Бірақ кейін осы үкім бұзылып, ақын он жылға бас 
еркінен  айырылады.  Жазасын өтеу  үшін  Қиыр Шығыс  лагеріне  жіберіледі. Міне, осыдан  кейін  оны 
көрдім, білдім деген адам болған емес. 
Ақынның түрмеде жатып елге өлеңмен жазған соңғы хаты 
Тұтқындалып  абақтыда  біраз  жатқаннан  кейін  Ыбыраймен  бірге  тұтқындалған  екі  жігіт  елге 
қайтатын болады. Содан олар Ыбекеңе келіп: 
–  Ал, енді біз елге қайтатын болдық, елге айтатын қандай сəлеміңіз бар, ала барайық, — дейді. 
Сонда тар қапас ішінде кеудесін шер мен мұң басқан ерке ақын өлеңмен хат жазған екен. Сол күннің 
қасіреті Үкілі Ыбырай жүрегінің ең соңғы лебізін былай жеткізген еді [17]: 
 
Атығай мен Қарауыл, 
Бірің — тіл, бірің — көмейсің. 
Жақындығың осындай, 
Қайтып маған өгейсің. 
Адасқанға əл беріп, 
Əлсіздерді демейсің. 
Жетімдерді жетелеп, 
Нашардың хақын жемейсің. 
Нəсілге тартып сендер де, 
Елдің қамын жегейсің. 
Сөз тыңдасаң өреннен, 
Алайын тартып тереңнен, 
Артымда қалған балалар, 
Ыбырай айтты дегейсің. 
 
Солай болса, қарағым, 
Көрейінші шарықтап. 
Тыңдаушысы табылса, 
Ақын қайдан жалықпақ. 

Р.С.Каренов  
74 
Вестник Карагандинского университета 
Танытайын өзімді. 
Кім екенімді анықтап. 
Бақшадағы бұлбұл ем, 
Адасқанда əл беріп 
Сайрап ұшқан қалықтап, 
Елдің көркі сері едім, 
Көтерген халқым мадақтап, 
Шарықтап шарлап кетсең де, 
Ұлғайып жасың жетсе де, 
Оңай екен, шырағым, 
Пəлеге басың жолықпақ. 
 
Еркелетіп ел сүйіп, 
Атанып едім Саңлағың. 
Сөз нəсілін төккенде 
Қыран құстай самғадым. 
Ел арасы бас қосса 
Жақсыға толды жан-жағым, 
Қаумалап халқым келгенде 
Қияға қанат қомдадым. 
Мырзалардан ат-айғыр 
Алудан да таймадым. 
Сақал-мұрттың ағында, 
Өлерімнің шағында, 
ГПУ деген мекеме 
Ішінде ұстады қамбаның. 
 
Ал, ағайынды екеуің 
Рулы бір елдейсің. 
Құмар болып сөзіме 
Өлең жазып бер дейсің. 
Тар қапаста отырып, 
Құлашты қалай сермейсің? 
Қысқартып заман тұрғанда, 
Биікке қалай өрлейсің? 
Асылды білмес наданды 
Айтып қалай жөндейсің? 
Туысқаннан шыққан жаманды 
Үшкіріп қалай емдейсің? 
Қалдырғаным осы артыма, 
Айтып жүрсін халқыма. 
Аузының ебі бар еді, 
Беркімбайға бергейсің! 
 
Атығай  елінің  екі  адамы  осы  хатты  Үкілі  Ыбырайдың  шəкірті,  əнші  Беркімбайға  əкеліп 
тапсырады. 
Беркімбайдың əкесі Нұрым орта шаруа болған кісі. Нұрымның жұбайы Сəлима сол тұстағы ірі 
өнер  иелерінің  бірі  болғанға  ұқсайды.  Ғажап
 
домбырашы,  сұлу  үнді  əнші  болған  ананың  өнердегі 
тəрбиесі Беркімбайдың етімен еніп, сүйек сүбесіне дарығандығы шындық. Сол тұстағы салттан мейір 
қандыра  сусындап,  дəстүрдің  озық  тұстарын  бойға  дарыта  білген  бозбала  Беркімбай  сал-серілікке 
құлаш ұрған. Оған себеп сонау Жамантау баурайынан самғай көтерілген Үкілі Ыбырайдың соңынан 
еруі, қасынан табылып, бірге жүруі болған. 
Беркімбай да Ыбырай ұстазы тартқан тауқымет, тақсіреттен тысқары қала алмаған. 1928 жылғы 
тəркілеуге  іліккен  Нығметжан,  Тəшендерден  кейін  үкімет  сойылы  орта  шаруаларға  сілтенгенде 
Нұрекең  шаңырағы  да  шайқалған.  Беркімбай  бай  баласы  деген  сөзге  ілігіп  қудаланған,  Көкшетау 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
75 
түрмесіне  де  қамалған.  Бұған  Бекеңнің  «халық  жауы»  Үкілі  ЬІбырайдың  қасында  болғандығы, 
жүрген жерінде соның əндерін айтатындығы айып болып қоса таңылған [18]. 
Қуаныштысы  сол,  Ыбырайдың  көптеген  жауһар  əн  жиһаздарын  Беркімбай  Нұрымұлы  (Атығай 
руынан)  бүгінгі  көпке  жеткізіп  кетті.  Ұстазының  түрмеде  жатып  жолдаған  соңғы  сəлем  аманатын, 
яғни: «Аузының  ебі  бар  еді,  Беркімбайға  бергейсің»  деген  өсиетін  жерде  қалдырмады.  Қабырғалы 
əнші  Беркімбай (1953 жылы  дүние  салды)  атақты  сазгер  мұрасын  барынша  насихаттады.  Ұлы 
дəстүрдің үзілмей жаңа үрдіспен ұштасуына дəнекер бола білді. 
С.Мұқановтың Ыбырайдың ісін қайта қарау жөнінде жазған өтініш-хаты 
Тəуелсіздіктің  арқасында  ала  құйын  заманда  халқынан  көз  жазып  қалған  талай  боздақтардың 
адал  есімдері  қалпына  келтірілуде.  Ал  Ыбекең  болса  бұл  өмірге  екінші  рет  олардан  сəл  ертерек 
оралды. Оған себепші болған Сəбит Мұқанов еді. 
Сəбең 1959 жылдың 25 қарашасында  Қазақстан  Компартиясы  Орталық  Комитетінің  хатшысы 
Н.Жанділдинге Ыбырай Сандыбаевтың ісін қайта қарау жөнінде мынадай хат жолдады [19]: 
 
«СЕКРЕТАРЮ ЦК КП КАЗАХСТАНА 
товарищу Джандильдину Н. 
от Сабита Муканова 
 
ЗАПИСКА 
В этой записке я решил доложить о том, о чем мы говорили с Вами недавно в личной беседе. 
В нынешном Айыртауском районе Кокчетавской области жил один из известнейших казахских 
акынов и композиторов Ибрай Сандыбаев. В 1929 году, на старости лет, он был «раскулачен», аре-
стован и, говорят, вскоре умер в заключении. 
Я, как Вы знаете, никогда не был мягкосердечным по отношению к классовым врагам... Ибраю 
Сандыбаеву я относился бы так же, если бы не знал его хорошо, как настоящего советского человека. 
Здесь же должен оговорится, что никаких родственных или иных отношений у меня с ним нет. Обра-
титься к Вам меня побуждают соображения человеческие и партийные...». 
Сəбең бұдан əрі Ыбырайды қашан һəм қандай жағдайда көргенін, өнеріне тəнті болғанын жəне 
де  халқының  оған  деген  сүйіспеншілігі  мен  аса  зор  құрметін  қысқаша  сипаттайды.  Тіпті,  арғы  ата-
тегін де қозғап өтеді. Сөйтеді де өз сөзінің салмағын арттыра: 
«В советское время Ибрай первым из акынов (даже раньше Джамбула) воспел Октябрьскую ре-
волюцию и вождя пролетариата Ленина, — деп нығыздай бір басып өтіп барып. — Справедливость 
требует, чтобы народный акын Ибрай Сандыбаев был реабилитирован», — деп нығарлай түйеді. 
 
Депутат Верховного Совета 
Казахской ССР, 
член ЦК КП Казахстана 
Сабит Муканов 
 
Қазақстан  компартиясы  Орталық  Комитеті  жазушының  бұл  хатын  ескерусіз  қалдырған  жоқ. 
Республика прокуратурасына істің анық-қанығына жету тапсырылады. 
Үкілі Ыбырайдың қылмысты ісін қайта қарау 1960 жылы тергеуші Уəлихан Мұқаевқа жүктелді. 
«Архивте  көтерілген  бұл  іс  онша  қалың  емес,  қағаздары  аз  екен.  Ыбырайға  тағылған  айыптың 
деректері дəлелсіз, үкімі орынсыз екеніне бірден көзім жетті», — дейді Уəкең өз естелігінде. Осы іс-
қағаздарының ішінде ақынның мына өлеңі барын тілге тиек етеді: 
 
Ақын Ыбырай сөйлесін: 
Қайғысыз, мұңсыз жан болмас, 
Ай жарығы таң болмас, 
Қара су қайнап, бал болмас, 
Жақсының пейілі тар болмас. 
Атаның сөзі балаға 
Қанша ұрыссаң да ар болмас. 
Түрі бірдей болса да, 

Р.С.Каренов  
76 
Вестник Карагандинского университета 
Желең мен шапан пар болмас. 
Көлденең тапқан жолдасың 
Жанқияр жолдас, жар болмас. 
Бозқырау қалың қар болмас, 
Ит көбейіп, мал болмас, 
Желке тəтті жал болмас. 
Өзіңнен тумай, ұл болмас, 
Сатып алмай, құл болмас. 
Жаман мен жақсы бір болмас, 
Келістірмей жыр болмас, 
Жақсының көңілі кір болмас. 
Қара нар жасып қартайса, 
Күні өткен соң пұл болмас. 
Біткен істе мін болмас, 
Қу алған құста сын болмас. 
Бірлік қонған ауылда 
Шуылдаған үн болмас. 
Аспанда құс боп ұшсаң да, 
Дүниесіз күн болмас. 
Адал жолдан адасқан 
Ұрының сөзі шын болмас. 
Ыбырай ақын атанып, 
Алпыс бес жасқа таянып, 
Басқармаға келгенде, 
Үндемей кету жөн болмас! 
 
Уəкең Ыбырай Сандыбайұлының ісін мұқият қарап, тергеу барысында жіберілген ағаттықтарды 
айғақтайды да, сот орындарына оны ақтау жөнінде ұйғарымға келген қаулысын жібереді [20;72]. 
1960  жылдың  сəуірінде  Қазақ  КСР  Жоғарғы  Сотының  қылмыстық  істер  жөніндегі  Сот  алқасы 
осы  мəселені  қарауға  жиналды.  Қазақ  КСР-інің  Жоғарғы  Соты  Ыбырай  Сандыбаев 1930 жылғы 20 
қарашада  ешқандай  негізсіз  сотталған  деп  тапты  жəне  оны  айыптайтын  ешқандай  айғақтар,  куəлер 
болмауына  байланысты  қанды  үкімнің  күшін  жойды.  Əйгілі  ақынның  нақақ  жала  мен  жазықсыз 
жазадан аруағы ақталып, аты халқымен қайта қауышты. 
Түйін 
Қазақ  халқы  өзінің  бұлбұл  əуезді  əншісі,  ақиық  ақыны  Үкілі  Ыбырайдың  күндердің  күнінде 
ақталарын,  тарих,  əділет  алдында  жүзінің  жарқын  болатын  сəтті  күнін  күйзеле  іздеп,  аңсап  жүріп, 
төзіммен күткен еді. Ақыры шындық жеңді. 
Өкінішке  орай,  елдің  еркесі,  асылы,  ақыл  иесі,  əрі  өжет,  əрі  тентек  Ыбырай  Сандыбайұлы: 
«Əулиесі бақсының қараса да, жүрегімді жазуға табылмас ем»,— деп күңіреніп, күйініп кетті. Оның 
жан  жарасын  жазатын  ем — елдің  ауқатты  тұрмысы,  халықтың  бостандығы  еді.  Тоқсаныншы 
жылдардың басында ұлы Отанымыз — Қазақстан тəуелсіз ел болып, аз ғана уақытта өтпелі кезеңнің 
тығырығынан аман-есен өтіп келе жатыр. 
Келешекке  деген  үмітті  арттыру  жолында  жəне  болашақта  сол  қуанышты  күндерге  жету 
жолында тоталитарлық қырғынның құрбаны болған ұлы композитор, əйгілі əнші, дүлдүл ақын, елім 
деп  еңіреп  жүріп,  асыл  арман  жолында  мерт  болған  табанды  қайраткер  Үкілі  Ыбырай 
Сандыбайұлының  киелі  есімін  ардақтай  түсуіміз  өте  орынды,  əрине.  Өйткені,  ойлап  қарасақ,  Үкілі 
Ыбырай зұлмат кезеңнің қаһарлы қиянатына ұшырап, қаза тапқандардың алдыңғы қатарында қалың 
шер,  шемен  жұтып  кеткен  ардағымыз.  Ол  қасіретті  қырғынның  ажал  оғы  тиген  ардақты 
арыстарымыздың,  рухани  қайраткерлеріміздің  қарлығашы  болып  өтті.  Оның  есімі  бұл  тұрғыдан 
қарағанда  қанды  репрессияға  ұшырағандарды  айтқанда  қайраткер  ақын,  ұлы  композитор,  дүлдүл 
əнші  ретінде  тізімнің  бас  жағында  тұруы  керек.  Сондықтан  да  Ыбырай  Сандыбайұлын  мəңгі  еске 
сақтауға атсалысайық, ағайын, демекпін! 
 

Ыбырай Сандыбайұлының өнерпаздық өмір жолының ... 
Серия «Филология». № 3(67)/2012 
77 
Əдебиеттер тізімі 
1  Оразалы Ш. Шежіре — асыл мұра. — Астана: Astana press group, 2010. — 309-б. 
2  XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ əдебиеті. (Қазан төңкерісіне дейінгі дəуір). — Алматы: Ғылым, 1994. — 312-б. 
3  Салықов К. Гəкку // Егемен Қазақстан. — 2009. — 17 ақп. — 5-б. 
4  Мырзахметұлы Е. Үкілі Ыбырай: Тергеу. Үкім. Ақиқат пен аңыздар. (Соңы) // Жаңа Сарыарқа. — 2006. — № 3 (86). — 
63-б. 
5  Салықов К. Үкілі Ыбырай туралы үзік сыр // Егемен Қазақстан. — 2003. — 25 маус. — 9-б. 
6  Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. — Алматы: Дайк-Пресс, 2001. — 440-б. 
7  Салықов К. Үкілі Ыбырай // Егемен Қазақстан. — 2010. — 24 қараша. — 8-б. 
8  Қазақ əндерінің антологиясы: Екі томдық. — 1-т. / Құраст. Ж.Кəрменов. — Алматы: Өнер, 1990. — 321-б. 
9  Қазақ поэзиясының антологиясы (XX ғасырдың бас кезі). — Алматы: Ғылым, 1992. — 448-б. 
10  Сейфуллин С. Көкшетау: Жыр-дастандар. — Алматы: Жазушы, 1994. — 129, 130-б. 
11  Сүлейменов Ж. Аққуға аспандағы үнін қосқан // Қазақ əдебиеті. — 2010. — № 25 (3189). — 25 мау. — 6-б. 
12  Негимов С. Қазақтың сал-серілері. Ғылыми эсселер. — Алматы: Ана тілі, 2005. —27-б. 
13  Қажыбай Т. «Гəккулетіп» қайта оралды Үкілім // Ел. — 2005. — 8–15 қырк. — № 10 (10). — 6-б. 
14  Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. — Алматы: Атамұра, 2006. — 490-б. 
15  Қайырбеков Е., Сүлейменов Ж. Үкілі Ыбырай қалай қуғындалды? // Бурабай. — 1994. — 9 шілде. — 2–4-б. 
16  Мырзахметұлы Е. Үкілі Ыбырай: Тергеу. Үкім. Ақиқат пен аңыздар // Жаңа Сарыарқа. — 2006. — № 1 (84). — 57, 58-б. 
17  Бекенов Ж. Түрмеден хат // Жұлдыз. — 1991. — № 1. — 199, 200-б. 
18  Қажыбай  Т.  Үкілі  Ыбырайдың  шəкірті,  немесе  Осы  жұрт  Беркімбайды  біле  ме? // Егемен  Қазақстан. — 2002. —
29 қараша. — 8-б. 
19  Мырзахметұлы Е. Үкілі Ыбырай: Тергеу. Үкім. Ақиқат пен аңыздар // Жаңа Сарыарқа. — 2006. — № 2 (85). — 62-б. 
20  Əкімжанов З. Арыстарды ақтауға атсалысқан азамат // Жұлдыз. — 2010. — № 5. — 72-б. 
 
 
Р.С.Каренов  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет