72. Бата сөздер Қазақтың бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – бата-тілек сөздер. Бата-тілек сөздер қай дәуірде пайда болды дегенді тап басып айта қою оңай емес. Бірақ қалай болғанда да, бата сөздер – адамдар арасындағы ізгілікті қарым-қатынастың ежелден бергі жарқын белгісі ретінде көрініс тауып келе жатыр. Бата сөздер – адамдардың бір-біріне жақсы тілегін, ықылас-ниетін білдірудің құралы. «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Жақсы сөз – жан азығы», «Жақсы сөзге жан семіреді» – дейтін қазақ халқы әрбір орайы келген жағдайларда бір-біріне жақсы сөз арнап отырған. Тіпті біреудің туысы, жақыны өмірден өткенде оған жұбату айту үшін барудың өзін «жақсы сөз айту» деп атаған. Соныменен, қазақ халқының ауыз әдебиетінде ежелден өзіндік орны бар, есте жоқ ескі замандардан қазіргі күнге дейін айтылып келе жатқан, ғұрып-салттық сипаттағы рухани құнды қазынамыздың бірі – бата-тілек сөздер және бұл да біздің ұлттық кодымыздың бір ғажап тылсымы деген болар едік. Әдеттте, жоғарыда атап өткеніміздей бірадамның келесі бір адамға немесе адамдарға арналған лебіз сөздері «бата-тілек» деп аталады. Бір қарағанда, бата мен тілек бір болғанымен, олардың өзіндік айырмашылығы да бар. Бата мен тілек сөздер күнделікті өміріміздің барлық дерлік жағдайларында жиі ұшырасып жатады. Бата – қазақ және басқа да халықтардың дәстүр-салтында өзінің ізгі ниетін, ақ көңілін білдірудің бір түрі болып есептеледі. Баталар көбінесе өлеңмен, кей-кезде түйдектелген қара сөзбен де берілетіндігі белгілі. Байыптап қарайтын болсақ, бата қазақ халқының өмір-тіршілігіндегі барлық маңызды делінген оқиғаларға, тіршілік-шаруаларға, көңіл-күйлік құбылыстарға байланысты айтылады. Мысалы, алыс-жуыққа жол жүру, келін түсіру, қыз ұзату, көлік алу, жарыстарда жеңіске жету, ауру-сырқаудан айығу, қандай бір апаттан, пәле-жаладан сақтану т.б. жағдайларда ел сыйлайтын ақсақалдардан, жолы үлкен ел ағаларынан, ауылдың, әулеттің үлкен кісілерінен, қадірлі, құрметті жасы үлкен қариялардан «Әумин!» - деп арнайы бата тілелінеді.
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған!
Оң жағыңа қарасаң,
Алтыннан қақпа орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістен кақпа орнасын!
Еш жамандық болмасын,
Аман болсын мал-басың!
Қызыр болсын жолдасың!
Дастарқан байлығын берсін,
Деніңнің саулығын берсін!