«Математика сабағы» оқулығының мазмұнына талдау жасап көрейік. Көлемі 192 беттен тұратын осы оқулық 90 параграфқа бөлінген 12 болімді қамтиды. Соңына қосымша ретінде КСРО-ның халық шаруашылығына байланысты кестелер мен диаграммалар (14 дана) түріндегі сандық мәліметтер, сондай-ақ латын әріптерінің баспа және жазба түрлері, оқылулары енгізілген. A) Арифметикалық материал. Оқулықтың бөлімі натурал сандар арифметикасын қайталауға және пысықтауға арналған. Мұнда пропедевтикалық дайындықты жүзеге асыруға көңіл бөлінген. II және III бөлімдер бөлшек сандар арифметикасына арналған. Ондық бөлшектер қазіргі оқулықтардағы сияқты жай бөлшектердің дербес жағдайы ретінде олардан кейін емес, керісінше жай бөлшектердің бұрын енгізілген. Осыдан авторлардың белшектерді оқытудың реті туралы өзіндік әдістемелік пайымдаулары болғандығы байқалады. III бөлімде сандардың бөлінгіштігі мәселелері қарастырылады да жай бөлшек ұғымы енгізіледі және жай бөлшектерге амалдар қолдану оқытып-үйретіледі. Қазіргі оқыту жүйесінен айтарлықтай айырмашылық жоқ деуге болады. Ондық бөлшек ұғымы жай болшектен бұрын енгізілгендіктен, осы бөлімнің соңғы «Жай бөлшектер мен ондық бөлшектер» тақырыбында ондық бөлшектер жай бөлшектердің дербес жағдайы ретінде тағы да қарастырылады. Бөлшектерді оқып-үйренумәселесі қатынасын табумен және проценттік есептеулер жүргізумен ұштастырылған. Ол үшін ең алдымен, «айырмалық салыстыру» және «еселік салыстыру» үғымдары және осының негізінде «қатынас» ұғымы енгізіледі. Одан әрі әртүрлі мысалдар келтіру арқылы «қатынас» ұғымының мән-мағынасы ашылып, пропорциялардың белгісіз мүшелерін табу және проценттік қатынас мәселесі, санның процентін және проценті бойынша санды табу мәселелері қарастырылады. Келесі IX бөлім – алдыңғы бөлімнің жалғасы, ол пропорциялар мен пропорционал шамаларды оқытуға арналған. «Пропорция» ұғымы өткен бөлімдегі қатынастар туралы білім негізінде, яғни екі қатынастың теңдігі ретінде енгізіледі де пропорцияның негізгі қасиеті, туынды пропорциялар, пропорцияның белгісіз мүшесін табу беріледі. Осыдан кейін функциялық тәуелділіктің ең қарапайым түрі болып табылатын пропорционалдық тәуелділік және пропорционал бөлумен байланысты есептер шығару қарастырылған. Бөлшектермен байланысты материалдан кейін қатынастарға, оның негізінде пропорцияға және сол арқылы пропорционал шамаларға көшу, соңында осы үш мәселе «функциялық тәуелділік» ұғымына ұштасады. Бұл жоғары әдістемелік шеберліктің көрінісі болып табылады. Ә) Алгебралық материал. Оқулықта алгебраны оқып-үйренумен байланысты пропедевтикалық дайындық жүзеге асады. Алгебраның теориялық мәселелері келтірілмейді, бірақ алгебраға негіз болатын ұғымдар (график сызу, өрнек, теңдеу, шамалардың арасындағы байланыс, пропорционал шамалар, тура және кері пропорционалдық және т.б.) жүйелі түрде енгізіледі. Сол сияқты есептер шығарғанда, ондағы берілген шамалар мен ізделінді шама арасындағы тәуелділікті табу, амал компоненттерінің өзгеруіне сәйкес, амал нәтижесінің өзгеруін қарастыру ілгеріде функция ұғымын енгізуге дайындықтың нақты мысалдары болып табылады. Функциялық тәуелділік туралы қарапайым түсінік қалыптастыру І бөлімнен басталады, оның 8-параграфы бір шаманың екінші шамаға тәуелді бола отырып өзгеруін көрнекі тәсілмен график сызу арқылы көрсетуге арналған. Тор көзді қағазға белгілі бір масштабпен өлшеніп салынған кесінділер бойынша график салуды, оны түсініп, оқи және зерттеу білуді қалыптастырады. «Координаталар», «координаталар жүйесі» деген терминдер айтылмайды, бірақ қазақ оқушысына таныс емес кейбір ұғымдардың мән-мағынасын ана тілінде дәл, әрі мазмұнды тұжырымдаған. Мәселен, олар «горизонталь ось» және «вертикаль ось» терминдерін сәйкесінше «көлденең шүлдік» және «тіке шүлдік» деп алған. Жалпы алғанда, алгебралық материал пропедевтикалық мақсатқа бағындырыла отырып, оқулықтың басынан аяғына дейін өзіндік әдістемелік ретпен орналастырылған. B) Геометриялық материал. Оқулыққа геометрияның кейбір элементтері де енгізілген және оның да пропедевтикалық мақсатқа бағындырылғаны аңғарылады. Геометриялық материал оқулықтың IV, V, VII және Х бөлімдерінде берілген. Геометриялық материалдың мазмұнының қазіргі 5-сынып математикасына қарағанда әлдеқайда кең екендігі бірден байқалады. Олардың барлығын игеру ешқандай теоремалар мен дәлелдемелерсіз, практикалық іс-әрекеттер орындау арқылы жүзеге асырылады. Негізінен алғанда, геометриялық білімдерді практикалық жұмыстар арқылы игертуге баса мән беріледі және олар арнайы іріктеліп алынған геометриялық мазмұнды есептер жүйесін шығарумен бекітіліп отырады. Диаграммалар салумен байланысты материалға да көп орын берілген. Олардың екі түрі, бағанды және дөңгелек диаграммалар қарастырылып, оларды салу, түсіну және оқи білу жұмыстары практикалық іс-әрекеттер орындау арқылы игеріледі. Диаграммалар үшін сол кездегі кеңес мектебінің алдына қойылған талаптарға сәйкес, социалистік құрылыстың сандық мәліметтері жан-жақты пайдаланылған. B) Шамалар және оларды өлшеу мәселелері оқулықтың басынан аяғына дейін арифметикалық, алгебралық және геометриялық материалды оқып-үйрену барысында олармен тығыз байланыста енгізілген. II бөлімде метрлік өлшеуіштер жүйесімен таныстыру жүзеге асырылады және ол кесіндінің ұзындығын өлшеумен ұштастырылады, ондық бөлшек ұғымы шаманы өлшеудің нәтижесі ретінде енгізіледі, сондай-ақ, ескі орыс өлшеуіштерін метр өлшеуіштеріне айналдыру мәселесі қарастырылады. III бөлімде метрлік өлшеуіштер жай бөлшектер мен оларға амалдар қолдануды оқып-үйренумен байланыстырылып отырады. IV, V, VII және Х бөлімдерге бұрышты, ауданды және көлемді өлшеу мәселелері енгізілген. XII бөлім тұтасымен жер бетінде жүргізілетін өлшеу жұмыстарына арналған. Бөлімнің «Өлшеулер» атты соңғы параграфында метрлік өлшеуіштер кестесі мен орыс өлшеулерін метрлік жүйеге ауыстыру кестесі берілген. Г) Есептер. Әрбір бөлімде теориялық мәселелерді бекіте түсу мақсатында «Жаттығулар» деген тақырыптармен практикалық тапсырмалар мен есептер келтірілген. Оқу құралына 795 жаттығу енгізілген, оның басынан аяғына дейін оқушылардың есеп шығаруына көп көңіл бөлінген. Есептердің мазмұны әртүрлі тұрмыстық жағдайларды қамтиды (мектеп тұрмысы; социалистік құрылыс; ауыл шаруашылығы; техника; аймақтану; экономика; география және т.с.с.). Оқулықтын негізгі ерекшеліктерінің бірі – онда пайдаланылған математикалық терминдердің сипатында. Алғы сөзді атап көрсетілгендей, мемлекеттік білім кеңесі бекіткен терминдерден ауытқымауға тырысқан. Онда қазіргі күні пайдаланып жүрген терминдер молынан кездеседі. Сонымен қатар, қолданыстан шығып қалған атаулар да бар: «ортан сан», «шығасы сан», «өсінді», «ортақ ең үлкен бөлгіш сан», «ортақ ең кіші бөлінгіп сан», «өсіру», «кесе сызық», «тұстас бұрыштар», «төрткіл», «үшкіл», «қыйықша» (параллелограмм), «қостабан», «еселік ара», «тең аралық», «құрылымдас шамалар» және т.с.с. Кейбір терминдер оның интернационалдық атауларына фонетикалық өзгерістер жасау жолымен алынған. Мысалы, «математійке», «диағрам», «дійәгнәл», «кәписент», «пірезме», «пурсент», «селендір» және т.б.