47. XX ғасырдағы әдеби туындылардан Алаш идеясын тауып дәлелдеңіз. ХХ ғасыр – қауырт қоғамдық құбылыстар мен метаморфозалар ғасыры. Тарихи ұлттық сана түлеп, жаңғырықты. Алаш тұлғаларының қоғамдық сананы біржолата жаңа белеске көтеріп кетуі әдебиеттің түбегейлі мүдделерін айқындап бергендей еді. Жаңа қаламгерлер, жаңа қоғам, ел қайраткерлері шықты. Саяси күрестің маңызы артты.
Ел болып бірігу үшін үлкен ортақ мүдде керек болды,ұлттық азаматтық тұтастыққа қол жеткізу керек болды. Осы орайда алаш ардагерлері, исі алаш қауымы бірі ағалық, бірі інілік жолмен «Алаш баласы» болып, туыстық жүйе құрды. Сондықтан да Алашорда үкіметі – елдіктің, мемлекеттіліктің белгісі, қазақ халқының ең басты «ескерткіші» деуге әбден болады.
Қазақ әдебиетінің тарихын, көне дәуірден бүгінге дейінгі өткен жолын зер сала қарасақ, сол дәуірдің бәрінде де жалғасып үзілмей келе жатқан бір ұлттық идея– халықтың бірлігі, тәуелсіздік, ешкімге бодан болмай дербес ел болу идеясы. Сол арқылы халық өзінің намысын, биік мәртебесін қорғаған. Мұның тегі арғы түрік мұраларынан бастау алатыны даусыз, «Күлтегін» жырында кездесетін «әкеміз, ағамыз құрған халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым» – деген сөздер сол халық мүддесі жолына өмірін арнаған, жанын да қиюға дайын батырдың монологы. Осы ұлт мүддесі үшін ол сыртқы жаумен алысады, елінің тұтастығы мен бірлігін сақтауға тырысады
«Қазақ» газеті ұлт-азаттык қозғалысының бостандық үшін күрес идеясына ұласуына зор әсер етті. Алашорда кұрылған тұста тәуелсіз мемлекеттің идеологиясына негіз болған осы идеялар еді. Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен ойы бір, ақылы бір жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырысты. Бұл салада Сұлтанмахмұттың таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушысы болды. Ұлт көсемдерінің соңынан еріп, қазақ халқына атар таң, келер жарық, сәуле, нұрды солардың есімімен байланыстырды. “Таныстыру” (1918) поэмасында “Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов… бірі – Күн, бірі – Шолпан, бірі Айым” деуінің де сыры осында.
ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жалынды жаршысы, Сұлтанмахмұт Торайғыров Алаштың ардақты азаматтарына жан даусымен Алаш деп ұран салады. Ол барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың астына бірігуге шақырады.
Алаш туы астында,
Біз – алаштың баласы.
Жасасын, Алаш, жасасын!
Қазақ арасынан шыққан тұңғыш романшы Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармасы да, «Қамар сұлу» (С.Торайғыров), «Қалың мал» (С.Көбеев), «Ақбілек» (Ж.Аймауытов), «Қыз көрелік» (Т.Жомартбаев) – бәрі-бәрінде де Алаш идеясы жатыр. Әйел теңсіздігі тақырыбын жарыса жазысқан авторлардың бәрінің көксегені – бостандық. Әйел құқығын арттырып, мәртебесін көтеру – егемен елдің есігіне бет алған алғашқы сатыдан сүрінбей өтуі еді.
Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың осы әдебиеттің басы-қасында болуы», ұлт мүддесі жолындағы саяси күресті әдебиетшілердің бастауы – біздің әдебиетіміз үшін үлкен мақтаныш. Қазақ халқының патриархалдық мешеулікке байланып, орыс отаршылдығының езіп-жанушы күшейген тұсында қиналған халықтың жан ашуын алдымен осы екеуі айтты. Халқына жаңа сөз арнады. Бірі сөз тыңдауға салғырт надан халқының құлағына маса боп ызыңдап, екіншісі бар даусымен «оян, қазақ» деп жар салды, XX ғасыр басындағы қазақтың прогресшіл әдебиеті, оның қайраткерлері осы идеядан нәр алды. Халық бостандығы тақырыбына жыр жазған ақындардың барлығы да Ахмет пен Міржақыптың кең қолтығының астынан өрбіді. Отаршылдыққа қарсы күрес, елдің тәуелсіз даму жолына түсуі, алдыңғы қатарлы елдерге теңелу, оқу-білім үйрену, халық тұрмысының ауыртпашылықтарын ашына сөз ету бүкіл дәуір әдебиетінің ерекшеліктеріне айналды.
Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы», «Қазақ салты», «Маса» өлеңдері, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ», «Шағым» туындылары Алаш идеясын насихаттауға арналғаны бесенеден белгілі, ашықтан-ашық көрініп тұр. Сонымен бірге айтар ойын айқындамай, астарлап, шумақтардың шырмауына жасырып жеткізетін жолдар да бар.
Ахмет Байтұрсынұлы «Адамдық диқаншысы» өлеңінде:
«Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көлі жоқ, көгалы жоқ қырға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құр халықтың»,– деп терең астарлы ақиқаты бар ой жеткізеді. Өнерсіз-білімсіз жұрттың санасын сәулелендіріп, көңіл көкжиегін кеңейту үшін шығармаларын егістікке себетін дәнге, өзін диқаншыға балайды. Ахаңдар бастаған топ қазақтың идеологиясын гүлдендіріп, баптап өсіріп, аманаттап кеткен қазыналарымызға қиянат жасауға қақымыз жоқ.
Міржақып Дулатұлы «Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі» деген өлеңінде:
«Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,
Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай»,– деген жолдармен бастайды. Көз жүгіртіп оқып шыққан адам бар кінәні өзіне артқан екен, өзін ғана жазғырған, өзін өзі сынға алған, қайраған, осылайша жігерленіп жетілуді көздеген деп ойлауы мүмкін. Алайда көңіл қойып, шын ықыласымен түйсінген жан әлемді өзгертпес бұрын өзінен бастауы керек екенін және ешкімді жазғырмай, сөкпей-ақ өз-өзіне өжет тіл қату арқылы басқаларға да ғибрат бергісі келгенін ұғады.
Жүсіпбек пен Мұхтардың алашқа қатысы, тілектестігі бұрыннан белгілі. 1918 жылы Семейде Алашорда жұмысына араласып, екеуі “Абай” атты журнал шығарды, елдіктің, тәуелсіздіктің туын көтерген өлең, әңгімелер, мақалалар жариялады, Жүсіпбектің «Ұран», «Әскер марсельезасы» өлеңдері сол тұста жазылған. Олар қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін ақын Алашордаға артты.
Жүсіпбек пьесалары мен романдары қазақ халқының ел болуын, тәуелсіздік жолымен дамуын, оның оянып, есейіп келе жатқан жаңа адамдарын бейнелеу мақсатын көздеді. Ол шын мағынадағы европалық үлгідегі бірінші қазақ романын жазды, «Қартқожа» мен «Ақбілек» арқылы халық ішінен шығып, ұзақ өмір талқысынан өтіп барып жолын тапқан жас ұрпақтың өкілдерін көрсетті.