Айлауықтар тұқымдасы (лат. Boragіnaceae) – бір, екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер.100-ге жуық туысы, 2000-дай түрі бар. Қазақстанда айлауықтар тұқымдасының 40 туысы, 130-дай түрі кездеседі. Сабағы цилиндр тәрізді, оған жай жапырақтары кезектесіп орналасады. Жапырағының сыртын қалың түк басқан. Гүлшоғыры бұйра, кейде қос бұйра. Толық жетілгенде жазылып, шашақ гүлшоғырына ұқсайды. Әрбір гүлінің 5 тостағанша және 5 күлте жапырақтарының негізі кірігіп, түтік түзеді. Аталығы 5, аналығы біреу болады, ол екі жеміс жапырағынан тұрады. Алдымен екі ұялы, кейін жалған пердемен бөлініп төрт ұялы, әр ұясында бірден тұқым бүршігі жетіледі. Жемісі – 4 жаңғақша. Жемістері гүл қасы жапырақшаларының қасаңданып кеуіп кеткен түкті өсінділері арқылы мал жүніне жабысып таралады. Айлауықтар тұқымдасы негізінен бал беретін және бағалы дәрілік өсімдіктер. Оның көптеген түрінің гүлінен ара бал жинайды. Бояғыштар жасау үшін де пайдаланылады. Мал сүйсініп жемейді.
Алқа тұқымдастары (Solanaceae) – қос жарнақты, бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Бұта түрінде кездеседі. Дүние жүзіндетропиктік, субтропиктік және қоңыржай белдеулерде кездесетін 80 – 90 туысы, 2500-дей түрі белгілі. Қазақстанда Алқалар тұқымдасының 11 туыс, 23 түрі бар. Бүтін жиекті немесе тілімденген жапырағы тік не жатаған сабағына кезек орналасады. Гүлі қос жынысты. Гүлшоғыры бұйра болады. 5 тостағанша жапырағы бірігіп, жоғарғы жағы тілімденген. 5 күлте жапырағы, бірігіп қысқа түтік түзеді. Аталығы 5, аналығы біреу. Жемісі – көп тұқымды жидек, түйнек немесе қауашақ. Алқалар тұқымдасы негізінен аса бағалы тағамдық (баялды, тәтті және ащы бұрыш, қызанақ, картоп, т.б.), сәндік және техникалық (темекі) өсімдіктер болып саналады. Олардың құрамында бірнеше улы алкалоидтар болады, сондықтан оларды мал жемейді. Жабайы түрлерінен дәрі алынады.
76.Қосжарнақтылар класы. Біріккен күлтелілік қатары. Ерінгүлділер тұқымдастарына сипаттама.