Ұлттық құрамы. Этностық бірлестіктердің ең жоғарғы түрі ─ ұлт болып табылады. Ұлттардың қалыптасуы қоғамның даму деңгейіне байланысты. Мысалы, ағылшындар ұлт ретінде XVI ғасырда қалыптасып бітсе, орыстар XVII–XVIII ғасырлар аралығында пайда болды. Африка, Латын Америкасы, Мұхиттық аралдардың мешеу елдерінде бірыңғай ұлт болып қалыптаспай тайпа, ұлыс деңгейінде қалып қойған бірлестіктер бар. Дүние жүзінде ұлттардың таралуы мемлекеттердің ұлттық шекаралары мен саяси картамен де үйлеспей жатады. Мысалы, күрт ұлты (саны 20 млн-нан астам) Түркия, Сирия, Иран, Ирак және Кавказ елдерінің аралығында, тарихи қалыптасқан аймақта тұрады. Дүние жүзі мемлекеттерінің жартысынан астамы ─ бір ұлтты (халқының 90% негізгі ұлт өкілдері). Жапония, Корея, Дания, Швеция ─ бір ұлтты елдер қатарына жатады. Қалғандары көп ұлтты мемлекеттер. АҚШ, Ресей, Қазақстан, Бразилия, Үндістан, Пәкстан, Мексика, Нигерия, Индонезия ─ жүзден астам ұлт өкілдері тұратын көп ұлтты мемлекеттер.
Тілдік құрамы.Дүние жүзі халықтарының (нәсілдер, ұлттар, этностар, ұлыс өкілдері) басты белгілірінің бірі ─ тілі. Әр халық бір бірімен қарым-қатынас жасауда тілдің маңызы зор. Әлемдегі барлық тілдер тіл топтарына бірігіп, тіл семьяларын құрайды. Адамзаттың көпшілігі үнді-еуропалық (40%), қытай-тибет (20%), нигер-кордофан (8%) және афразиялық (7%) тіл семьясының тіл топтарында сөйлейді.
Дүние жүзіндегі ең кең таралған 12 тілде әлем халықтарының 2/3 бөлігі сөйлейді. Оларға: қытай, ағылшын, хинди, испан, араб, орыс, бенгал, жапон, индонезия, португал, неміс, француз тілдері жатады. Ағылшын тiлiмен 50-ден астам, француз тiлiмен 45-ке жуық, ал испан тiлiнде 30-дан аса және араб тiлiмен 25-тей мемлекет халықтары сөйлейдi. Бiр ұлт бiрнеше тiлдi пайдалануы мүмкiн. Мысалы, еврейлер иврит (араб тiлiне жақын) және идиш (герман тiл диалектiсi) тілдерін қолданады. Ал швейцарлықтар төрт еуропалық тiлде сөйлейдi, ирландықтардың бiр бөлiгi ағылшын, ал екiншiлерi өз тiлдерiн қолданады.
6.3 Д.үниежүзінің еңбек ресурстары Еңбек ресурстары қоғамның негізгі өндіргіш күші болып табылады. Оған халықтың жұмыс істеуге қабілетті бөлігі жатады. Болашақта елді еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін халықтың жас мөлшерін анықтаудың маңызы зор. Халықаралық статистика бойынша еңбекке қабілетті жастағылар 16-дан 64 жас аралығы болып есептелінеді. Әртүрлі елдерде еңбекке жарамды жас шамасы әркелкі: АҚШ-та әйелдер мен ер адамдар үшін бірдей 16–65 жас аралығы, Ресейде әйелдер 16–54 жас, ер адамдар 16–59 жас арасы, Қазақстанда әйелдер 16–58 (63) жас, ерлер 16–63 жасқа сәйкес келеді. Кейбір елдерде еңбекке қабілеттілік 15 жастан басталады.
Еңбек ресурстарына ─ еңбекке жарамды жастағы барлық адамдар (үй шаруасындағы әйелдер, жұмыссыздар, студенттер т.б.) және жұмыс істеп жүрген жастар мен зейнеткерлер жатады. Еңбекке қабілетті адамдар (I және II топтағы мүгедектерден басқа) негізгі еңбек ресурстарын, жұмыс істейтін зейнеткерлер мен 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдер ─ қосымша еңбек ресурстарына жатады. Дамушы елдерде әрбір жұмыс істейтін адамдар басына халықтың қалған бөлігін асырау үшін артық жүктеме түседі. Еңбекке жарамды адамдар санының азаюы елдің экономикасына кері әсерін тигізеді. Жеке елдер мен аймақтарда халықтың жастық құрамына миграцияның да әсері бар. Дамыған елдерде еңбекке жарамды адамдар үлесі кейде жұмысшы эмигранттар есебінен артады. Ал керісінше олар көшіп кеткен елдерде бұл жастағылар кемиді.
«Экономикалық белсенді халық» (ЭБХ) қатарына өндірістік және өндірістік емес салада жұмыс істейтін және жұмыс істегісі келетін адамдар жиынтығы жатады. Дүние жүзі бойынша шамамен 3 млрд. адам немесе бүкіл халықтың 45% экономикалық белсенді халық көбінесе дамушы елдерге сәйкес келеді. Ресми түрде ЭБХ көрсеткіші дамыған елдерде жоғары Жапонияда 54 %, Швейцарияда 59%, Қазақстанда 52%.
Еңбек ресурстары жұмыс күштерінің сапасына, білім деңгейіне, біліктілігіне байланысты айырма жасайды. Ең сауатты елдер: Лихтенштейн, Люксембург, Норвегия, Финляндия ─ 100%, Қазақстан ─ 99,5%, Ресей ─ 99,4% сауатты елдер қатарына жатады. Ең сауатсыз елдерге: Буркина-Фасо ─ 21,8%, Чад ─ 25,7%, Ауғанстан ─ 28,1%, Нигер ─ 27,8%, Гвинея ─ 29,5% т.б.жатады, бұл елдер көбіне ауыр, қол жұмысымен айналысады. Еңбек ресурстарының бір бөлігі кейбір жағдайда түрлі себептерге байланысты жұмыссыздар қатарынан табылады. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халықтың жалпы санындағы жұмыссыздар үлесімен (% есебімен) анықталады. Дүние жүзіндегі, әсіресе Еуропадағы Испания, Португалия, Грекия мемлекеттерінде дағдарыс салдарынан жұмыссыздықтар белең алуда. Жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіштері Жаңа индустриалды елдерде: Таиландта 1,4%, Сингапурда 1,9%, Кореяда 2,4%; Жапонияда 4,3%, АҚШ-та 4,5%, Францияда 11,8%. Кейбір дамушы елдерде жұмыссыздық деңгейі 45–55%-ды құрайды. Дамушы елдерде жұмыссыздық деңгейі жоғары болғандықтан балалар мен әйелдер еңбегін қанау, төлемақыны аз төлеу, арзан жұмыс күші ретінде пайдалануға жол берілген.
Жұмыс істейтін халықтың мамандану бағытын үш ірі секторларға топтастырамыз. Бастапқы секторға ─ ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, аң аулау, балық аулау; екінші секторға ─ өнеркәсіп, құрылыс, көлік; үшінші секторға өндірістік емес салаға ─ білім, ғылым, өнер, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт т.б. жатады. Өндірістің әртүрлі саласында жұмыс істейтіндер аталған секторлардың үлес салмағына қарай елдің экономикалық даму сипатын анықтайды. Жалпы дүние жүзі бойынша орташа есеппен шаруашылықтың бастапқы секторында халықтың 49%, екінші секторда ─ 14%, өндірістік емес салада ─ 37% жұмыс істейді. Экономикасы дамыған елдерде алдыңғы секторда 7%, екіншісінде 26%, үшіншісінде 67% (АҚШ-та 70%) жұмыспен қамтылған болса, дамушы елдерде алдыңғы секторда 61%, екіншісінде 14%, үшіншісінде 25%. Жекелеген мешеу елдерде (Бангладеш, Ауғанстан, Танзания, т.б.) тұрғындарының 90% ауылшаруашылығымен айналысады.Адамзат қоғамы ақпараттық қоғамға өту үстінде, ой еңбегіне байланысты келешекте өндірістік емес салада жұмыс істейтіндер саны артады деп күтілуде.