Біріншісі - гимнастиканың негізін қалайтын жалпы дамыту жаттығулары. Сондықтан, негізгі гимнастика деп аталады. Негізгі гимнастика барлық жаттығулардың негізгі жиынтығы болып табылады.
- Гигиеналық гимнастика - денсаулықты қалыптастыратын, таңертеңгілік бой жазу жаттығуларының жиынтығы, сондай-ақ өндірістік гимнастика және арнаулы емдеу гимнастикасы.
- Ырғақты гимнастика - негізгі мақсаты әр адамның дене жағынан дамуына байланысты және жалпы денсаулығына байланысты шұғылданады. Жалпы дамыту жаттығуларының мақсатты түрде белгілі бір уақыт аралығында үздіксіз орындалуы.
- Атлетикалық гимнастика - жалпы дамыту жаттығуларының арнаулы мақсатты түрде дене құрылысын жетілдіру үшін қолданылады. Бірақ бұл жаттығулар арнаулы гимнастикалық жабдықтармен орындалады. Айталық батпан, қосшоқпарлы батпандармен орындалатын жаттығулар болса, сондай-ақ, тренажерлық аспап-құралдарда орындалады. Атлетикалық гимнастика негізінен - жалпы дамыту мақсатында спорт ретінде де қарастырылады.
Екіншісі - спорттық гимнастика. Спорттық гимнастика бірнеше жекелеген спорт жаттығуларынан тұрады. Бұл жаттығулар жекеленген спорт түрі болып есептеледі. Ерлердің жабдықтары - керме, шығыршық, қоссырық, кіші және үлкен ағаш ат және еркін жаттығу. Әйелдердің жабдықтары - бөрене, үлкен ағаш ат, әр түрлі биіктегі қоссырық және еркін жаттығу.
Спорттық акробатика - жұптасып және топтасып орындалатын акробатикалық жаттығулар. Гимнастиканың бір түрі ретінде қаралатын аса күрделі жаттығу.
Көркем гимнастикамен әйелдер шұғылданады. Жалпы көркем гимнастикасының орындалуы би қозғалысына негізделген, қолда әр түрлі құрал-жабдықтарды ұстап жүріп немесе лақтыра отырып, сол құралдың қозғалысымен бірге билеп жүріп орындалады.
Гимнастика сабағының қауіпсіздік ережесі Ең әуелі гимнастика сабағы басталмас бұрын, сабақтың қауіпсіздік ережесін үйрену керек. Мұғалімнің тұжырымдамасымен орындалады. Гимнастикамен арнаулы шұғылданушы өзі сақтана жүріп, спортпен шұғылданудың жалпы ережесін білуі керек. Содан кейін, әріптесін сақтандыра білуі керек. Мұны орындау әр спортшының міндеті.
1. Гимнастикалық жабдықта белгілі бір уақытта бірнеше адамның жаттығу орындауына болмайды.
2. Тіреліп секіру кезінде спортшының жүгіретін жолында және секіріп түсетін жерінде тұруға болмайды.
3. Спорт жабдықтарында жаттығуды орындайтын жерге секіріп түскенде міндетті түрде екі аяқты бүгіп түсу керек.
4. Арқан бойымен төмен түскенде екі аяқпен демеп,екі қолмен кезек ұстап асықпай түсу керек.
5. Қандай да болсын құрал-жабдықта орындалатын жаттығуларды мұғалімнің рұқсатынсыз бастауға болмайды.
6. Гимнастикалық таяқшасы немесе секіртпемен жаттығу орындағанда жақын тұрған әріптесіне тигізіп алмауды мұқият қадағалауы керек.
7. Спорт құралдарында мұғалімнің немесе әріптесіңнің көмегінсіз күрделі жаттығулар орындауға болмайды.
8. Спорт құралдарында жаттығуды орындамас бұрын міндетті түрде олардың жарамдығы тексеріледі. Тексерілмеген спорт жабдықтарында жаттығулар орындауға болмайды.
9. Сабақ үстінде және басқа да орындарда мұғалімнің ақыл-кеңесін мұқият тыңдап алмай күрделі жаттығулар орындауға болмайды.
10. Гимнастика сабағында міндетті түрде арнаулыспорттық киім киеді.
11. Спорт құралдарында жаттығу орындаған кезде әріптесіне көмек көрсету және сақтандыруды әр жаттығушы білуі керек.