88. ЛИРИКАНЫ ОҚЫТУ Лириканы оқыту күрделілігі оның жанрлық ерекшелігінде ғана емес, ең бастысы, оқушылардың оған деген көзқарасы, қарым-қатынасында. Әсіресе, 5-8 сыныптар оқушыларының көбі поэзиядан гөрі, қызықты мазмұны бар, айтайын деген ойының бәрі бадырайып тұратын прозалық шығармаларды ұнатады. Лирикалық шығармаларда ақын өз ойы, өз сезімі, өз күйін тікелей кейіптеу арқылы жеткізсе, лириканың сол өзіндік қасиеттерін түсіну үшін, баланың да ақынжанды жүрегі, нәзік сезімі, ұшқыр ойы болуы керек қой. Лирикалық шығармаларды құлақпен емес, жүрекпен, сезіммен қабылдау керек десек, ол шығармаларды бала қалай меңгерді, нені сезді, неге тебіренді, қандай көңіл күйде болды, оны тексеру де мұғалімге оңайға соқпайтын мәселелер. Міне, сондықтан да лириканы оқытудың күрделілігі осында жатыр.
Әсіресе, 5-8 сыныптарда сабақ басталмас бұрын, көңілді, сазды, назды музыка қойып қою, өтілгелі отырған лирикалық шығарманың әні болса, әнімен қойып қоюдың, күйлерді тыңдаудың оқушыларды сабаққа әзірлеуде маңызы зор.
Лирикалық шығармаларды 5-8 сыныптарда оқытуда мына мәселелерге көңіл бөлу керек:
а) лирика туралы әдеби-теориялық бастапқы ұғым беру, оны, біріншіден тереңдете беру.
ә) өлеңді үйде алдын ала оқып, танысуға беру.
б) мұғалім өлеңнің поэтикалық көркем тіліне, құрылымына міндетті түрде назар аударуы, өзі талдамас бұрын, оқушылармен жұмыс жүргізуі керек.
в) өлеңді әуенмен, сазымен мәнерлеп оқуға, жатқа оқуға ерекше көңіл бөлу.
г) өлеңдегі ақынның көңіл-күйін бағдарлату, оқушылардың өз сезімі, өлеңнің әсеріне де назар аударту.
д) тақырыпқа сай музыканы, бейнелеу өнерін, басқа да өнер туындыларын, көрнекілікті, үйлесімді, тиімді пайдалану.
ж) тиімді, көңілді оқу жағдайын туғызу. Жағымды ахуал жасау (балаларға ұрыспау, т.б.).
з) қабілеттерін, шабыттарын ояту, белсенділіктерін арттыру мақсатында шығармашылық сипаттағы әдіс-тәсілдер пайдалану.
и) әр түрлі сабақ үлгілерін іздену.
Лирикалық шығармаларды өтуде оқушылардың шығармашылық жұмыстарына да ерекше көңіл бөлу керек. Осы сабаққа қабілеттеріне қарай өлең жаздыру, сурет салдыру немесе шағын шығарма-суреттеме жаздырудың маңызы зор болмақ.
Лирикалық шығармаларды көркемөнер туындыларымен байланыстыра өтудің маңызы зор. Мысалы Жұмағали Саиннің «Есімде Айдар өзені», сондай-ақ Қ. Аманжоловтың «Туған жер», «Домбыра» (8-сынып) өлеңдерін өту кезінде музыкамен байланыстырудың маңызы зор болмақ.
«Есімде Айдар өзені» — майдан, жорық, айқас лирикасы. Сабақ басталар алдында «Қасиетті соғыс» өлеңін немесе «Кестелі орамал», «Қараңғы түн» әндерін күйтабақтан тыңдауға болады. Музыка аяқтала бергенде, өлең мәнермен оқылуға тиіс. Оқушыларға осылай эмоциялық жағдай туғыза отырып, талдау – лирикалық туындыларды өтудің тиімді әдіс-тәсілдерінің бірі. Кейде музыка біткен соң, мұғалім өлеңді екі түрлі дауыс ырғағымен оқиды. Біреуін екпінді, шабытты, жігерлі үнмен, екіншісін мұңды, сазды, ойлы, тебіреністі, баяу үнмен. Міне, осы оқу мәнері арқылы да проблема туғызуға болады. Өлеңді талдау алдында: «Балалар, бір сәт ойға кетейікші, ақын осы өлеңді жорық, соғыс үстінде жазған ба, жоқ, соғыстан соң жазған ба?» — деген сұрақ қою керек. Осындай «Көңілашар» әңгімелесуден кейін, талдау жұмыстарын бастауға болады.
Поэманы оқыту
Поэмаларды оқыту әдістері олардың жанрлық ерекшелігінен туындайды. Поэмалардың басым көпшілігі сюжет пен композиция, образдар жүйесінен тұрып, күрделі ауқымды проблемаларды көтереді. Мұндай поэмаларға С. Сейфуллиннің «Көкшетауы», І. Жансүгіровтың «Құлагер» т.б. поэмалары жатады. Поэмалардың тағы бір түрі – лиро-эпикалық, лирикалық поэмалар. Сәкеннің «Альбатросы», С. Торайғыровтың «Кедейі», Ілиястың «Даласы» осындай поэмаларға жатады. Лиро-эпикалық поэмаларда шиеленіскен оқиғалар болмайды, дегенмен, поэманың басынан аяғына дейін әңгімеші ролін атқаратын лирикалық кейіпкер, оның сезімі үлкен рөл атқарады. Лиро-эпикалық поэмаларды оқытуда мәнерлеп оқуды, поэма көтерген проблеманы меңгерту үшін, мәтіндік талдауды, автор ізімен талдауды қолдану тиімді болып келеді. Мысалы, Ілиястың «Даласын» оқытудың жемісті жолы – алдымен мәтінді меңгерту. Ол үшін мәнерлеп оқи отырып, әр бөлімге аннотация беру керек. Аннотацияны оқушылар үйден жазып келіп, сыныптағы талдау жұмыстарында пайдаланады.